Қазақстан ғылымы

АБАЙ ШЫҒАРМАЛАРЫНЫҢ WEB - ҚОСЫМШАСЫ

29.06.2021

3419

Бауыржан Амангелдіұлы Ердембеков – Абайды рухани бойтұмарына айналдырған, ғылыми ғұмырнамасын абайтануға арнаған белгілі ғалым. Қазіргі таңда жас ғалымдармен бірігіп, гранттық қаржыландыру негізінде Абай шығармаларының қолжазбасын лингвистикалық аспектіде зерттеп, Абай шығармашылығын өміршең ету мақсатында заман талабына сәйкес жаңа форматта көпфункционалды Web-қосымшасын жасақтауда.

Абай мұрасы ІТ саласы аясында


"Абай – қазақтың айнасы. Демек, Абайтану дегеніміздің өзі қазақтану дегенге саяды. Мен докторлық диссертациямды «Абайдың әдеби ортасы және ақындық мектебі» тақырыбында қорғап, кейіннен «Абайтану» оқулығын жазып, ғұмырымның елеулі бөлігін Абайға арнаған адаммын. Абайтану ғылымы алаш арысы Әлихан Бөкейхан жазған некрологтан басталып, трагедия мен драматизмге толы көптеген ғалымдардың қан аралас маңдай терімен бүгінге жетті. Ендеше, руханияттың қайнар көзі Абай мұрасын жастарға насихаттап, ұрпаққа аманат ету үшін неге Абайға қатысты деректің бәрін бір жерге жинақтамасқа деген ой келді?! Осындай мақсатпен «Абай шығармаларының көпфункционалды Web-қосымшасын жобалау және құру» жобасын қолға алған едік", - дейді Бауыржан Ердембеков.


Жобаның жаңалығы – Абай мұрасы тек филологиялық тұрғыдан ғана емес, қазіргі замандағы аса өзекті салалардың бірі ІТ саласы аясында зерттелуі. Ыңғайлы интерфейстермен жасақталған кең ауқымды көпфункционалды Web-қосымша арқасында қолданушылар Абай шығармаларына қатысты толық ақпараттарды ешқандай қиындықсыз бір қосымшадан оқу мүмкіндігіне ие болады. Абай шығармашылығына қызығушылық танытқан әрбір адам бұл қосымшадан өзіне қажетті өлеңнің тарихын біліп қана қоймай, қажет болған жағдайда шығарманың текстологиясымен және оның өзге тілге аударылған нұсқаларымен кеңінен таныса алады. Ақынның өлеңдері мен поэмалары, қара сөздері, әндері мен күйлері үнтаспа және бейнетаспа материалдары арқылы ұсынылады.

Web-қосымша үлгісі жобаланып, мәліметқоры жасақталуда


Зерттеу жұмыстары 2020 жылдың күзінде Қ.Жұбанов атындағы Ақтөбе өңірлік университетінде басталып, қазіргі таңда Семей қаласының Шәкәрім университетінде жалғасын табуда. Осы уақытқа дейін атқарылған жұмыстар: Абай өлеңдері мен қара сөздерінің, поэмаларының шығу тарихы туралы деректер топтастырылып, әр жылдары жарық көрген ақын шығармалары жинақтарының текстологиясы салыстырылды. Ақынның өзге тілге аударылған шығармаларының түрлі нұсқалары жинақталды. Web-қосымша үлгісі жобаланып, мәліметқоры жасақталуда. Жоба осы жылдың күзінде толықтай аяқталып, көпшілік назарына ұсынылады.


Абай шығармаларының қолжазбасын тілдік тенденциялар тұрғысынан зерттеу


Жақында ғана Ұлттық ғылыми кеңес тарапынан «Абай шығармаларының қолжазбасы: тілдік тенденциялар тұрғысынан зерттеу» атты тағы бір жоба мақұлданды. Бұл жоба Абай шығармаларын әдеби мұра ғана емес, тілдік материал ретінде зерттеуге жол ашты. Ол Абай дәуіріндегі қазақ орфографиясы мен орфоэпиясының түрлі заңдылықтарын, қазақ тіліне басқа тілдердің ықпалы мен ана тіліміздің даму тенденциясын көрсетуге және зерттеуге септігін тигізеді.


Абай шығармаларының қолжазбалары ішінде Мүрсейіт қолжазбасы осы күнге дейін ғалымдар назарына ілігіп, әдебиет материалы тұрғысынан зерттеліп келді. Ал бұл жобада Мүрсейіт Бікіұлының 1905, 1907, 1910 жылдардағы қолжазбалары тілдік материал ретінде алғаш рет ғылыми айналымда зерттеліп отыр. Жобада Мүрсейіт қолжазбалары кирилл графикасында транскрипцияланып, сол кездегі тілдік ерекшеліктер, атап айтқанда, емле ерекшеліктері, сөз қолданыстар, текстологиясы т.б. мен қазіргі тілдік тенденциялар салыстырылып зерттеледі.
"Қазақта «Елу жылда ел жаңа» деген сөз бар. Біздің жаңашылдығымыз сол, Абайдай асылдың рухани мұрасын замануи үлгіде халыққа ұсынып, қазақ әдебиеттану ғылымына үлес қоссақ дейміз. Екі жоба да бір-бірінен тақырыптық тұрғыда алшақ емес. Себебі, жоғарыда айтып кеткенімдей, мен ғұмырымды Абайға және Абай шығармашылығына арнаған адаммын. Сонау 90-шы жылдардан бері біздің қаламнан шыққан жазбалардың дені Абайға және Абайдың айналысына арналады. Себебі, Абай шексіздікке жетелейтін аса сырлы қазақ руханиятының алыбы. Абайды танып, танытып, осы жолда қызмет ету мен үшін өмірлік мұрат десем артық айтқандық емес", - дейді жоба жетекшісі.


Дайындаған: Т. Садырова

«« | »»
Соңғы жаңалықтар