Қазақ ғалымы әлемге әйгілі Гарвард университетінде жұмыс істеп жүр. Ол іргетасы сонау ХVII ғасырда қаланған зерттеу бағытындағы ең беделді жоғары оқу орнына арнайы шақыртумен барған.
Ал кейіпкеріміздің гуманитарлық салада ғылыммен айналысып жүрген ғалым екенін айтсақ, оқырманның бәрі бірдей сене қоймас. Себебі бізде көбіне көзге көрінбейтін зерттеулердің авторлары, гуманитарлық саладағы ғалымдар әдетте қолданбалы зерттеулермен айналысатын өнертапқыштар мен техникалық-жаратылыстану бағытындағы ғалымдардың көлеңкесінде қалып қояды.
Гумбольдтпен Гарвардқа
Профессор, тарих ғылымдарының докторы, синолог-шығыстанушы Нұрлан Кенжеахмет Қытайда туып-өскен. Мектепті бітірген соң 1984 жылы Шыңжаң университетінің тарих факультетіне оқуға түсті. Аталған оқу орнында аспирантураны да бітіріп шықты. 2003 жылы Бейжің университетінің Археология және музейтану институтына докторантураға түсіп, оқуының арасында бір жыл Ломоносов атындағы Мәскеу мемлекеттік университетінде тағылымдамадан өтті. Бейжің университетін тәмамдаған жас ғалым Киотодағы Адамзат және табиғаттану институтының шақыртуымен 2007 жылы Жапонияға аттанды. Жапондар ғалымның Батыс Түрік қағанатының астанасы болған Суяб туралы докторлық диссертациясын жоғары бағалап, жапон тіліне аударды. 2008 жылы тарихи Отаны – Қазақстанға оралды. Елде Р.Сүлейменов атындағы Шығыстану институтында, Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінде 3 жыл еңбек еткен соң, 2011 жылы Германияның Гумбольдт қоры зерттеу стипендиясын жеңіп алып, Бонн университеті Шығыстану институтының шақыртуымен Германияға жол тартты. Бонн университетінде негізінен Орталық Азияның тарихи карталарын зерттеді. Ал бүгінде кейіпкеріміз Америкадағы Гарвард университетінің Фэрбэнк Қытай зерттеу орталығында жұмыс істейді.
«Мен мұнда Орталық Азияның географиялық ақпараттық жүйесін, атап айтқанда, XVII-XIX ғасырлардағы Қазақ хандығына және оның көршілес аймақтарына қатысты Еуропа-Қытай империялық карталары мен географиялық сөздіктерін тарихи тұрғыдан зерттеумен айналысамын. Аталған жоба аясында Цин патшалығы (1644-1912 жж.) карталары мен Еуропа-Орыс карталарындағы, сондай-ақ географиялық сөздіктеріндегі Орталық Азия (Батыс Сібірді қамтиды) мен Қазақ даласының жер атауларын зерттеймін. Гарвард кітапханаларында сақталған архив көлемі әлемде алдыңғы орында тұр. Университет тарапы маған осы архивтердің электронды кілтін берді. Кез келген материалды тауып, оның электронды нұсқасын түсіре аласың, шалғай елдердегі мұраларды ақтарамын деп жүгірмейсің. Зерттеу тақырыбым бойынша өткен айда Гарвард профессорларымен онлайн жиын болды.
Олардың айтуынша, тек АҚШ-тың өзінде Орталық Азияға қатысты 13 мыңнан аса тарихи карта бар екен. Мұнан тыс барлық ресурспен қамтамасыз ете алатынын айтты. Жеке адамның қалтасы көтере бермейтін заманауи карталық техниканы қолданып, зерттеу нәтижелерін әлемдік электронды карта жүйесі (Google map, 2GIS секілді – А.Ш.) арқылы жариялайтынын жеткізді. Олар менен көп үміт күтіп отыр», дейді Н.Кенжеахмет.
Тарихи дәйек керек
Жер мәселесінде дәлме-дәл жауапқа тарихи факті керек. Тарихи факті – ғалымның қолында.
«Осы зерттеуді 10 жыл бұрын жоспарладым. Оған Отанымдағы әлі түйіні тарқатылмаған түйткілдер түрткі болды. Сол мәселелердің бірі – орысша аталған, ұмыт болған жерлердің тарихи атауын қалпына келтіру. Бұл – академиялық зерттеуді қажет ететін өте күрделі мәселе. Тарихи жер атауларын қалпына келтіру үшін тарихи факті керек. Осылайша, материал (көбіне тарихи карталар) жинай бастадым. Германияға келген соң, тарихи карталарды жинауға мол мүмкіндік алдым. Тайванға, Жапонияға, Францияға арнайы барып, архивтерден Қазақстанға қатысты карталарды жинадым. 2016-2018 жылдары Назарбаев Университеттің Әлеуметтік және гуманитарлық ғылымдар мектебінде (School of Humanities and Social Sciences) шақыртумен жұмыс істедім. Сол кезде Назарбаев Университеттің атынан осы бағыттағы жобамды Білім және ғылым министрлігі жариялаған 3 жылдық (2018-2020 жылдарға арналған) конкурсқа жолдадым. Ұлттық ғылыми кеңес жобамды мақұлдаған жоқ. Себебін түсінбедім. Қазақстанның атымен зерттеймін деген мақсатта 2020-2022 жылдарға және 2021-2023 жылдарға арналған 3 жылдық 2 конкурсқа тағы қатыстым. Екі жолы да өтпей қалдым», дейді ол.
Шетелде бағаланған еңбек
Жобаны шетелдік ғалымдар сенсация деп қабылдапты. Н.Кенжеахметті танитын Германиядағы профессор Қытайда шығатын арнайы жинаққа одан мақала сұраған. Ғалым оған министрліктің конкурсынан өтпей қалған жобасын ықшамдап, мақала ретінде тапсырған. Сөйтсе еңбегі Қытай, Батыс ғалымдары арасында қызу талқыға түсіпті. Өйткені кейіпкеріміз өзінің ғылыми мақаласында XVII-XIX ғасырлардағы ұмыт болған қазақ даласындағы жер атауларын картамен дәлелдеп берген. Бұдан бөлек, ғылыми еңбекте қазақ жері, қазақ тарихы туралы ғана емес, сол тұстағы Осман империясы, Ноғай ордасы, Қазан татарлары, Башқұрт жері, Арал өзбектері, Хиуа, Бұхара хандықтары, Ауған жері, қырғыз тайпалары, қызылбастар (Парсы) жөнінде қазірге дейін ғылымға белгісіз тарихи географиялық мәліметтер қамтылған.
Шыны керек, рейтингі жоғары халықаралық ғылыми журналдарда зерттеу мақаласын шығару үшін ғалымдар кемі 1-3 жыл тынбай еңбек етеді. Ал шетелде монографияны бөлек кітап етіп басып шығару – ғылымда ерлікпен тең. Н.Кенжеахмет 2011 жылдан беріге дейін Германияда қазақ тарихын және Орталық Азияның тарихи географиясын зерттеумен айналысты. Нәтижесінде екі монографиясы ағылшын тілінде баспадан шықты. Қазақ тарихына арналғаны Алматыда (The Tūqmāq (the Golden Horde), the Qazaq Khanate, the Shībānid Dynasty, Rūm (Ottoman Empire), and Moghūlistan in the XIV-XVI Centuries: from Original sources» (Тұқмақ (Алтын Орда), Қазақ хандығы, Рұм (Осман Империясы) және Моғолстан XIV-XVI ғасырларда: түпкі дереккөздерден) деген атпен жарық көрді. Монографияны Түркия, монографияға айналған зерттеуді Германияның Герда Хенкел қоры қаржыландырған. Еңбекті Еуразия зерттеу институты баспадан шығарды. «Eurasian Historical Geography as Reflected in Geographical Literature and in Maps from the Thirteenth to the Mid-Seventeenth Centuries» (ХІІІ ғасырдан ХVІІІ ғасырдың ортасынан дейінгі географиялық әдебиеттер мен карталарда көрініс тапқан Еуразияның тарихи географиясы) атты екінші еңбегі Гумбольдт қорының қаржыландыруымен Германияның OSTASIEN Verlag баспасынан шықты. Аталған екі монографияда да Қазақ хандығы мен Орталық Азия тарихының бұған дейін тарихшылар тереңдемеген тұстары зерттелді.
«Германияда шыққан монографиям Каннидо картасына байланысты болды. Бұл – Құбылай тұсында сызылған карта. 1402 жылы Кореяда көшіріп қайта сызылды. Түпнұсқа жоғалған. Қазір 4 нұсқасы Жапонияда сақтаулы. 1900 жылдары табылған соң, ғалымдар зерттей бастаған. Бірақ қыруар қаржы бөлінсе де ғалымдар картаның батыс бөлігінің сырын аша алмады. Ғасырлық сыр болып қалған. Неге?
Дүние жүзінің алғашқы картасы Птолемейден шыққан. Оның картасы Орта ғасырда жоғалып, араб ғалымдары есте қалғанын арабшаға аударып, қалғанын өз зерттеуінен қосып карта жасады. Ал Құбылай Каннидон картасын сол араб ғалымдарын арнайы алдыртып сыздырған. Жапондар картаның батыс бөлігін (қазіргі Түркия, Қазақстан, Иран, Үндістан, Еуропа, Африка) латын картасымен салыстырып зерттеді. Олар Орта ғасырда мұсылмандардың ғылым игергенін ескермегендіктен қателесті. Мен ортағасырлық Қытай тілінде жазылған Каннидон картасын (Қытай фонологиясын меңгергенмін, бұл қазіргі Қытай тіліне ұқсамайды) араб карталарымен салыстыра зерттеп, жер атауларының бірдей екенін дәлелдедім. Каннидондағы қай атаудың қайдан алынғанын кестеде көрсетіп бердім», дейді ғалым.
Кейіпкеріміздің осыған қатысты жазған ғылыми мақалаларына («The Place Names of Central Asia in the Kangnido» – Каннидо картасындағы Оталық Азияның жер атаулары, «The Place Names of the Euro-Africa in the Kangnido» – Каннидо картасындағы Еуро-Африка жер аттары) көп сілтеме жасалып, дәйексөз алынған. Гумбольдт қоры картаны зерттеу қаражатынан бөлек тек кітап етіп баспадан шығаруға 17 мың доллар бөлді.
Қазақстанға ауадай қажет
Кейбір ғылымды тереңнен түсіне бермейтін адамдар техникалық және жаратылыстану салаларындағы секілді зерттеудің нәтижесін, жемісін қолмен ұстап көруге болатын бағыттарға ғана мемлекет тарапынан қаржы бөлуді қолдайды. Алайда кейіпкеріміз мұнымен келіспейді.
«Халықаралық тәжірибеге зер салсақ, дамыған елдер гуманитарлық ғылымдарға көп қаржы құяды. Тек тарих пен тарихи географияны алсақ, Шығыс (мысалы, Жапония, Қытай) пен Батыс елдері оны зерттеуге қыруар қаржы бөледі. Мұнда тарихты бірнеше ғылым бірлесіп зерттейді. Мысалы, Қытай Оңтүстік Азия елдерімен шектесетін Оңтүстік Қытай теңізінің даулы аумақтары тарихта Қытайға қарағанын дәлелдеу үшін мол қаржы шығарып, тарихи карталар мен тарихи мұрағаттарды зерттетті. Оған шетел ғалымдарын да тартты. Ал тарихи карталарды зерттеу қазіргі тәуелсіз Қазақстан үшін ауадай қажет. Әрі бармай-ақ қояйық, тек Қазақ хандығына қатысты зерттелмеген тарихи карталар неше мыңнан асады. АҚШ ғалымдарының айтуынша, тек АҚШ-тың өзінде Орталық Азияға қатысты 13 мыңнан аса тарихи карта бар», дейді Н.Кенжеахмет.
P.S. Байырғы қазақ «Өзге елде сұлтан болғанша, өз еліңде ұлтан бол» дейтін. Ал қазір өзге елде жүріп те өз еліңе қызмет қылуға болады. Кейіпкеріміз – сол сөзіміздің жарқын дәлелі. Қай мемлекетте жүрсе де қазақтың жоғын жоқтап жүр. Ұлтымыздың бұрынғы батырлары ұлан-ғайыр жерді найзаның ұшымен, білектің күшімен қорғады. Бүгінгі ғалым-жауынгер қазақтың қолдан кеткен, қолда қалған тарихи жерлерін, М.Сейсембайша айтқанда, «зейіннің ұшымен, ақылдың күшімен» қорғап келеді. Бүгінгінің батыры емей немене?!
https://egemen.kz/article/274139-qazaqtynh-kone-kartalaryn-zerttep-dgur