Қазақстан ғылымы

«Қанша Ленин, қанша Сталин келсе де бұл ғылымға әмірін жүргізе алмайды»

19.10.2023

296


Сурет https://zhasalash.kz/ сайтынан алынды 

Лондондағы қазақ математигімен сұхбат 

Математика – күрделі ғылым. Көбіміз формула мен есепті, оның мәні мен қажеттілігін түсіне бермейміз. Бірақ ғылымдардың патшасы атанған математика расымен де өміріміздің әр саласында бірге жүреді екен. Сондықтан бұл ғылымды дамыту, сапалы кадр дайындау мемлекет үшін де аса маңызды. Осы орайда Лондонда постдокторантура бойынша жұмыс істеп жүрген жас математик ғалым Болыс Сәбитбекпен байланысып, математика ғылымының рөлі мен динамикасы туралы бірнеше сұрақ қойдық.

Ғарышты тастап, есепке келдім

Мен 2008 жылы әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің механика-математика факультетіне түстім. Сөйтіп, механика бағытында, яғни математиканы физикамен байланыстыратын сала бойынша оқыдым. Диплом алған соң «Болашақ» бағдарламасымен магистратура оқу үшін АҚШ-қа жол тарттым. Ол кезде Атлантадағы Джорджия технологиялық университетінде ғарыш саласы бойынша білім алдым. Аталған бағытқа қызыққан себебім, Байқоңырда зымырандар ұшыратын. Ал оның қалдықтары менің туып-өскен жеріме, Арқалыққа түсетін. Сол көріністер мен ойлар менің ғарышқа деген қызығушылығымды оятты. Осылайша 2 жыл оқып, Марсқа серік жіберу тақырыбында ғылыми жұмыс жаздым.

 
Бұл былай, Марстың Фобос және Деймос атты екі табиғи серігі бар. Сол екеуін фотоға түсіруге деген талпыныстар сонау КСРО кезінен басталған. Ал менің тапсырмам бір аппарат екі серікті де фотоға түсіретіндей траектория жасау болды. Негізінен Марсқа ұшу үшін 7 ай керек. Баруың 7 ай, қайтуың 7 ай. Сондай қашықтықты зерттеп, нәтижесінде қажетті кластерлар траекториясын, екі серікті де фотоға түсірудің амалын таптық. Ол кездері 2021-2022 жылы Марсқа жол ашылады, спутниктер, серіктер жібереміз деген жоспар болғаны белгілі. Алайда пандемия әсерінен бұл ой іске аспай қалды.

Ғарыш саласында біраз зерттеулер жүргізсем де, кейіннен математикалық модельдеу бойынша жұмыс істей бастадым. Сол кезде докторантураны математика бойынша оқимын-ау деген ой пайда болды. Қазақстанға келгеннен кейін әріптесім Дөрбетхан Сұраған математика институтына жұмысқа шақырды. Сонда жүріп, докторантураға оқуға түстім. Бұл жолда маған академик, математика және математикалық модельдеу институтының директоры Тынысбек Шәріпұлы жетекшілік етті. Екінші шетелдік жетекшім – Михаил Ружанский болса сол кезде Imperial Colledge London-ның профессоры еді. 3 жыл осы ғалымдармен жұмыс істедім. 5 ғылыми мақаламыз жарыққа шықты. Сөйтіп жүргенде 2019 жылы докторантураны аяқтап, бірден постдокторантураға түстім. Дәл сол кезде Лондоннан да шақырту келді. Әлбетте, өзімнің оқу орным қарсы болған жоқ. Сыртта жұмыс істеп жүріп, мұндағы ғылыми жұмыстарымды да атқара беруге мүмкіндік туды. Осылайша, 2020 жылы интервьюдан өтіп, шақырту алып, біраз қағаздарды реттеп қойдым да күттім. Өйткені құжаттарды жинап, жолға дайындала бергенде карантин басталып кетті. Артынша, шілдеде авиажол ашылып, Лондонға ұшып бардым да, тамыздан бастап жұмысқа кірістім. Екі жыл Михаил Ружанскийдің жобасында жүрдім, одан соң италяндық Клаудия Гареттомен жұмыс істеп келемін. Ол мені өз жобасында жұмыс істеуге арнайы шақырған. Қазір алдымыздағы бағыт пен тақырыптар санқилы.

Магистратура мен постдокторантураны сыртта оқып жүріп байқағаным, Қазақстанда әлі де толық ашылмаған математика салалары баршылық. Мәселен, дифференциалдық теңдеудің эллиптикалық, параболикалық, гиперболикалық түрлері. Бұл күрделі бағыттармен айналысатындар сирек. Бірақ мүлде жоқ деп айтуға да болмас. Мысалы, Новье-Стокс деген теңдеу бар. Оны адамдар 300 жылдан бері шығара алмай келе жатыр. 2014 жылы математик Мұхтарбай Өтелбай сол есепті шығардым деп сүйінші сұрап, бәріміз қуандық. Бірақ артынан қатесі табылды. Десек те, мұндай күрделі есептің шешімін іздеудің өзі – үлкен деңгей. Ол кісі 30 жыл өмірін сол есепке арнаған. Тіпті берілгені сонша, басқа нәрселерге мән берместен, үстел алдында отыра береді. Балалары амалы қалмағанда есеп шығармасын деп қағаз, қаламдарын тығып тастайды екен. Және Мұхтарбай аға есепті шығарған соң тексермей біраз жүретін көрінеді. Себебі қатесін тапсам, көңіл күйім түсіп кетеді деп әзілдеп отырады. Бұдан бөлек, еліміздегі алгебрада да қозғалыс, жетістік бар. Әсіресе Асқар Жұмаділдаев пен Уәлібай Өмірбаевты атап айтқан жөн. Уәлібай аға қазірАмерикада. Ол бір математикалық мәселені тапты да, соның арқасында Шымкентте жүрген жерінен Америкадан бірақ шықты.

Математика мен формулалар және күнделікті өмір

«Математиканы дамыту, бұл ғылымға ақша бөлу, ғұмырыңды арнау мәнді ме? Сол формулалар мен сандар күнделікті өмір сапасына қаншалықты әсер етеді? Бізге не пайдасы бар?» деген сұрақтар жиі қойылып жатады. Иә, көпшілік біздің күнделікті өміріміз бен өндірістің бәрі дерлік математикадан құралатынын аңғара бермейді. Мәселен, кәдуілгі банкоматтарды алып қарайық. Банкоматтардың ішінде жүріп жатқан функциялар 19 ғасырдағы математиканың жемісі. Осыдан-ақ түсіне беріңіз. Ондағы транзакцияларды жасау үшін өте қарапайым математика қолданылады. Оған қоса, ұялы телефондағы жүйелер де математикадағы қарапайым қағидалардың жемісі. Мысалы, әлеуметтік желілерде күнделікті қолданып жүрген бет-әлпетті әрлейтін фильтрлер, инстаграмдағы маскалар математикадағы конволюция деп аталатын функционалды анализдің операциясы. Ол да баяғы формулалар, бұрынғы математика.

Неге бұлай дейсіз ғой? Себебі математика табиғатынан сондай ғылым, ол 100 жылға алға кетіп қалған. Ал өзге ғылым салалары мен ғалымдар оны кештеу түсініп, сәйкесінше кешігіп қолданады. Көбіне-көп біз қазіргі есептерді қазір қорытып, қолдануға қауқарсызбыз. Ол бәлкім 20-30 жылда ашылатын шығар, одан ұзақ болуы да ғажап емес. Демек, адамзат математикамен салыстырғанда қысқа, саяз ойланады. Ал математика ұзақ перспективаны бағамдап, бәрін алыстан болжайды. Сондықтан да «қазір ақша бөлмейміз, себебі қазір нәтиже көрмейміз, қажеті жоқ» деген ойлар болуы мүмкін. Бірақ жылдар өткенде деңгейіміз бен мүмкіншілігіміз көп нәрсеге жетпейді де, содан келіп ғылымға кезінде көңіл бөліп, дамытқан елдерден олардың жетістігін сатып аламыз. Мұндай мысалдар өте көп. Бірақ ұмытпау керек, ғылым өзіміздікі болмаса, оны өзің құрып, ұзақ жылдар қалыптастырмасаң, тауар секілді сатып ала алмайсың.

Математикадағы тағы бір қызық нәрсе – үлкен сандар заңы. Сіз монетаны лақтырғанда бірде оң беті, бірде теріс жағы түседі. Қалай лақтырғанда қай беті шығатынын білмейсіз. Бірақ сіз 100 рет лақтырсаңыз, ықтималдылық бойынша жартысы оң, қалған жартысы теріс шығады. Демек, көп лақтырған сайын, сізге қажет беттің шығу мүмкіндігі де көбейеді. Яғни математика заңы бойынша сан үлкен болған сайын шындыққа келе бастайсың. Мысалы, қарапайым өмірде де көп пікір тыңдаған сайын, саған керек пікірді естуге ықтималдылық жоғарылайды. Сол секілді ақпарат көп, көзқарастар әртүрлі болған сайын шындыққа жақындайсың. Ал егер бір-екі ғана көзқарас болса, дұрысы қайсы, қатесі қайсы – ажырата да алмайсың. Бұл математикалық тұрғыдан дәлелденген теорема. Тағы Эйнштейн есебін – қара құрдымды алып қарайық. Оны физиктер ғарышқа ұшып, сонда барып өлшей алмайды ғой. Ал математикалық есептеулер арқылы осындай белгісіз нәрселерді анықтауға мүмкіндік бар. Әрі бұл арзан шығады. Өйткені математиктерге көп ресурс, ақша қажет емес. Қағаз бен қалам болса болғаны. Және қиял керек. Мәселен, адамзат XV ғасырда жердің радиусын қалайша тура есептеген? Ешкім оны алып, жүріп өлшеген жоқ қой. Бұл нәрсені математиктер отырып, қағазбен-ақ шешкен. Дәл осылай сәуленің жылдамдығын да есептеген. Мұндай ауқымды нәрселерді біз көрмейміз, бірақ формулалар көреді. Осы сияқты математика көп салада көпшілік ойламаған жерлерде қолданылады. Математика барлық салада ең фундаменталды бөлік.

Формулаларды өмірде, өндірісте қолданудан бөлек тағы бір аспект бар. Мәселе есепте, шешімде ғана емес. Процестің өзі адамның миын қозғап, аналитикалық қабілеттерді дамытады. Яғни математика интеллектуалды потенциалды арттырады. Мына есеп пен формула маған не үшін керек деген сөз расымен жиі айтылады. Шынымен де сол есептің өзі саған керек болмауы мүмкін. Бірақ процесс кезіндегі ойлану, шыңдалу арқылы қалыптасқан дағдыларды әкеліп басқа салаларда қолдануға әбден болады. Мысалы, шешім қабылдауда, сыни ойлауды қалыптастыруда. Ең қызығы сол, математикада өтірік айта алмайсың. Екі-үш ғасыр бұрын, мейлі, мың ғасыр бұрын дұрыс болған есеп қазір де дұрыс. Оны өзгерту қандай жағдайда да мүмкін емес. Басқа салаларда бір жаңалық болса, ол бес жылдан кейін, он жылдан кейін тағы жаңарып, өзгеруі бек мүмкін. Математикада ондай жоқ. Бірнәрсені есептедің бе, ол мәңгілік. Себебі онда логикалық заңдылық бар. Бұл қатқан қағиданың өзі интеллектуалды санаға оң әсер етпей қоймайды.

Интригаға толы 7 есеп – мыңжылдықтар құпиясы

Математика нақты ғылым болғандықтан нақты шешімі табылмаған есептердің, формулалардың, теңдеулердің болуы заңды. 1900 жылы Париждегі математиктердің халықаралық конгресінде Дэвид Гильберт есімді математик сондай шешімі табылмаған 23 есепті жинақтап, ғылыми қауымға таныстырды. XX ғасыр бойы математиктер сол есептердің шешімін іздеумен болды. Оның ішінде 16-сы шешіліп, ғылымға үлкен өзгерістер әкелді. Кейіннен 2000 жылы Clay математика институты «Мыңжылдықтар тапсырмасы» деген атпен 7 күрделі есепті тізіп, әрбіріне 1 миллион доллардан сыйақы тағайындады. Соның біреуін, Пуанкаре гипотезасын Григорий Перельман есімді математик шешті. Бұл қарапайым тілмен айтқанда, шарды, кез келген денені бір нүктеге әкелу, яғни big bang теориясының аналогы. Ал жоғарыда сөз болған Навье-Стокс теңдеуі, су мен газдың жүрісін сипаттайтын гидродинамикаға байланысты есеп. Ұшақта турбуленттілік болады емес пе? Ол шайқалудың анықтамасын әлі ешкім айта алған жоқ. Егер Новье-Стоксты шығарсақ, турбуленттілік орын алмайтын ұшақ жасауға жол ашылады. Қалғандары – Янг-Миллс теориясы, P және NP кластарының тепе-теңдігі, Ходж гипотезасы, Риман гипотезасы, Бёрч – Свиннертон-Дайер гипотезасы. Яғни 6 миллион доллар әлі орнында тұр. Ал Пуанкарені шығарған ғалым ол сыйақыдан бас тартып, есепті ақша үшін шешпегенін мәлімдеген болатын. Бұл есептер жай ғана қиял немесе қағаздағы сапырылыс емес. Олар күнделікті өмір сапасына өзгеріс әкеле алатындықтан ғана интригаға толы болып отыр.

Қазақстанда академиялық еркіндік жоққа тән

Негізінен ғылымның бәрі батыста шоғырланған. Себебі қарапайым, онда ғылымға жағдай жасалған. Оның ең айқын мысалы мұнда «academic freedom» деген заң бар. Яғни академиялық тәуелсіздік. Ал Қазақстанда осы нәрсе ақсап тұр. Мысалы, мұнда бір маман жұмысқа ассистент профессор болып кірсе, ол профессорға дейін өсе алады. Ешкімнің де оны жұмыстан шығаруға құзыреті жоқ. Ғалым қандай бастама көтерсе де, нендей идея айтса да, зерттеуді қалай жасаса да, оны академиялық тәуелсіздік туралы заң қорғайды. Ережеден тыс, ауыр салдарларға әкелетін немесе этикалық нормаға жат әрекеттер жасалмаса болғаны. Расымен кей дүниелер белгілі бір идеологияларға қарсы болуы мүмкін ғой. Мысалы, адамдар әлемге ғылым көзімен емес, дін көзімен қараған кезде Коперниктің күн жерді емес, жер күнді айналады дегенін қабылдай алмады. Оған ешкім сенген жоқ. Себебі ғылыми ойда тәуелсіздік болмады. Ал шын мәнінде әлемге жан-жақты, әртүрлі перспективадан, сан қырлы призмамен қарау керек. Сонда ғана жаңалықтар ашылып, даму болады. Осы себептен де ғылымда қоршаулар, шектеулер болмау керек. Ал ғалымдарға академиялық еркіндікке кепілдік берілуі қажет.

Осы академиялық еркіндіктің ғылымның дамуына тікелей әсер ететінін дәлелдеу үшін бір қызық мысал келтірейін. КСРО кезінде неге математика мен физика дамып кетті, ал басқа ғылым салалары кенже қалып қойды? Өйткені нақты ғылым салаларында академиялық еркіндік болды. Себебі қандай билік, қандай басқарушы болса да, математикаға идеология енгізіп, физикада пропаганда жасай алмайды. Ең ақылды адамдар соны түсінді. Осылайша, шығармашылық еркіндік нақты ғылымдарда ғана болды. Биліктің қолынан тек еврейлерді жұмысқа алмау ғана келді. Яғни салыстырмалы түрде математикада мықтылар топтасып, жұмысын істеп, зерттеулер жүргізе алды. Ал әлеуметтік салалар мен гуманитарлық ғылымдарда жоғарыдан қандай нұсқау келсе, сонымен жұмыс істеу белең алды. Сызылған шекаралар, аттамау керек көкжиектер болды. Демек, ғалым ретінде, маман ретінде ештеңе ойлай алмайсың. Ал математикаға бұлай тұсау салу мүмкін емес. Физикаға да солай, мына есептерді шығарма, мына формулаға жолама деп ешкім айта алмайды. Өйткені есепті өздері түсінбейді. Осындай да қызық бар. Қанша Ленин, қанша Сталин келсе де бұл ғылымға әмір беріп, әсер ету мүмкін емес.

Бізде ғылыми атмосфера қалыптаса қойған жоқ

Мейлі, Қазақстанда соңғы уақытта ғылымға көп көңіл бөлініп жатыр. Қаржылай қолдау да өскен. Қандай шу болса да, салаға бөлінетін бюджеттің артқаны факт. Бірақ бізде осы күнге дейін қаржы аз болғанын естен шығармаған абзал. Сондықтан да бұған дейін математикаға маман аз келді, ешкім қызықпады, ал бар кадрлардың сапасы тағы керемет емес. Әлбетте, сол бұрынғы база қазіргі ғылымға да әсер етеді. Ал бүгін жұмсалып жатқан күш ертең нәтижесін берері сөзсіз. Және барлық мәселе қаржыға келіп тірелмейді. Қанша ақша бөлінгенімен де, бізде әлі күнге ғылыми атмосфера қалыптаспаған. Бұл не үшін маңызды? Себебі адам ғылымға тек табыс үшін келмейді. Соны түсініп алған дұрыс. Ғылымды жақсы көру керек, істеген ісің саған ұнауы қажет. Егер, жалақы орташа деңгейде болып, ғылыми атмосфера мен шығармашылық еркіндік жақсы дамыса, ғалымға бұдан артық ештеңе керек емес. Бізде осы нәрселер жетіспейді. Шетелдегі ғылым да ақшаның көптігінен дамып жатқан жоқ. Мұндағы ғалымдардың да табысы күнделікті қалыпты өмірге ғана жетеді. Асып-тасып жатқан ештеңелері көрінбейді. Олардың мақсаты ақша емес, ғылым. Лондонда Imperial College London, Kings College, University College London, Queen Mary University of London атты төрт негізгі ошақ бар. Олар ғылыми семинарларды үнемі бірге өткізеді. Бір кабинетке жиналады да, жаңадан келгендердің баяндамасын тыңдайды. Семестр сайын кездесу ұйымдастырып, соның арқасында әр сала өз алдына бір-бірін танып, жұмыстарын бақылап отырады. Ресми кездесуден соң, бірге тамақтану сынды бейресми кездесулер жалғасады. Онда мамандар идея алмасады, сұрақтар талқыланады. Демек, бірте-бірте үлкен, берік әлеуметтік орта пайда болады. Ол өз кезегінде ғылыми атмосфера мен ғылымның дамуына үлкен септігін тигізері анық. Бізде мұндай дәстүр кеңестік кезеңде болған. Қазір үзіліп қалды.

Бізде қазақ математикасында, ғылымында үлкен буын болды. Одан кейін келіп жатқандар біздің буын десек қате емес. Ал осы екі буынның ортасы бос кеңістік, арада ешкім жоқ. Бәрімізге белгілі, кеңестік кезеңнен кейін тәуелсіздік алған алғашқы жылдары күнкөріс қамы, аш қалмаудың әрекеті ғана жасалды. Ғылымға көңіл бөлінбей кетті. Оның үстіне ақша да болмады. Ғылымға кадр келмей, үрдіс үзілуге айналған шақтарда қазіргі институт директоры Махмұд Садыбеков сынды ағаларымыз жастарды сыртқа жіберіп, оқыту керек, ғылымға жан бітіру қажет деп жиі айтатын. Бір ұрпақ көрсе, басқалары ізінен жүре береді екен. Бірақ алғашқы қадам әрдайым қиын. Алайда соның арқасында қазір біздің жастар, математиктер әлемнің түкпір-түкпірінде жұмыс істейді. Олар бастарын тік көтеріп жүре алады, өздерін дәлелдеп, танытуда. Ағылшынша ойлауға, ғылымды ішінен тануға әбден бейімделген. Яғни деңгей басқа. Осылайша, қазақтар арасындағы математик ғалымдардың жаңа толқыны қалыптасып келеді.

Магистратура мен докторантураны оқытатындардың өзі өсу керек

Шетелдердегі ғылыми атмосфера мен өмір сапасы үшін біраз адам елге оралмай немесе ұзақ мерзімге қалып қоюы мүмкін. Бірақ солай екен деп шетелге оқуға шығатын адамдарды шектей алмаймыз. Біреуі қалса, әйтеуір біреуі қайтады. Процестен қорықпау керек. Онда оқып немесе жұмыс істеп жүргендер басқа мамандарды тартады, жәрдемдеседі. Мұны жаһандық алмасу процесі десек те болады. «Локально» ойлансақ, солай қалып қоямыз.

Жалпы алғанда, Қазақстанда бакалаврдағы білім салыстырмалы түрде жаман емес. Бірақ магистратура мен докторантурада осалдау. Өйткені бізде бакалаврдың бағдарламасын үйрете алатын мамандар бар да, ал магистратура мен докторантурадағы білімді бере алатындар жоқ. Шын мәнінде, өздерінің де білімі жетіспейді. База әлі де әлсіздеу секілді. Себебі біздегі алғашқы магистрлар мен докторлардың өзі енді ес жиып, оң-солын танып жатыр. Оларды да кінәлай алмаймыз. Заман ағымы солай болған шығар. Ал академиялық негізі мен этикасы мықты база енді қалыптасады деп үміттенеміз. Дегенмен елде математика ғылымы үзіліп қалып қойған жоқ. Біздің салада жүріп жатқан процесс, серпіліс, динамика бар. Әртүрлі тармақтар игеріле бастады, әлемге ашыла бастадық. Жаңалықтар келіп жатыр. Мысалы, Бельгияда көп қазақ мамандар жұмыс істейді. Бұрын қазақтар өзі ақша төлеп, өзі жүгірсе, қазір жұмыс орындары бізді іздеп, шақырып, шығындарды толық өтеп жүр. Өсудің айқын көрінісі – осы. Сол сияқты Австралияда да математиктеріміз бен физиктеріміз көп. Яғни мықты ғалымдар бар, бірақ аздау. Олар әлі де көбеюі керек. Бұл математиканың жағдайы. Бірақ жалпы ғылымды алып қарасақ, артта қалып келе жатқан салалар жетерлік. Оның ішінде жоғарыда айтылған әлеуметтік ғылымдар мен гуманитарлық сала баяу дамуда. Себебі олар 70 жыл құрсауда болды, ой еркіндігінен қағылды. Соның кесірінен қазір бұл саланың мамандарына өте қиын. Өйткені ғылымның базалық мектебі орысша ғана оқытылды. Идеология тағы бар. Міне, осыдан бүгінгі таңда ағылшынша әлемдік ғылымда жүрген әлеуметтанушы, тарихшы, журналистер математиктермен салыстырғанда аз. Ғылым тек математика мен физика емес. Басқа салалар да бар. Әрі олар жанама түрде болса да бір-біріне әсер етеді. Сондықтан белгілі бір салаларға ғана акцент қоймай, жалпы ғылымды дамытуға тырысуымыз керек.

Әңгімелесіп, жазып алған – Баян Мұратбекқызы 

https://zhasalash.kz/news/kansha-lenin-kansha-stalin-kelse-de-bul-gilimga-amrn-zhurgze-almaydi-a9da4f/?fbclid=IwAR3y8Nt72MgRbJVwaBk5klsUEeDDP8bUhBM6Q5JB_nGxGIGxLfPjHfOSFdo


«« | »»
Соңғы жаңалықтар