Жылда жарияланатын «Дарын» мемлекеттік жастар сыйлығының жеңімпаздары тағы анықталды. Әр салада өзінің еңбекқорлығымен, білімімен ерекшеленіп жүрген жастардың ішінде ғылым саласының мамандары да көзге түсті.
Биыл «Ғылым» номинациясы бойынша «Дарын» сыйлығының иегері ретінде Камила Егізбек танылды. Л.Н. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің магистранты биомедицина саласын, су ортасын тазартуға арналған құрамында темірі бар наноқұрылымды материалдарды зерттеп жүр. Камила Егізбек тиімділігі жоғары әрі құрылымы шпинель тәрізді церий мен гадолинийден тұратын құрамында темірі бар нанобөлшектерді алу әдісін ойлап тапқан. «Дарын» иесінің қазірдің өзінде Scopus базасындағы Хирш индексі көрсеткіші 4-ке тең. Рейтингісі жоғары халықыралық ғылыми журналдарда он шақты мақаласы жарияланған.
«Ғылым» номинациясының екінші жеңімпазы – Фарух Машуров. Ол Сүлеймен Демирель атындағы университеттің оқытушысы және «Математика және математикалық модельдеу институтында» ғылыми жұмыстармен айналысады.
Қазақстан-Британ техникалық университетінің PhD докторантының Scopus халықаралық базасында индекстелетін журналдарда 6 жарияланымы бар. Мамандығы – «Математикалық және компьютерлік модельдеу».
Жас ғалым «(Анти) коммутаторларға қатысты ерекше алгебралардың құрылымдық мәселелері» жобасын алгебра бағытын ілгерілетудегі академик Асқар Жұмаділдаевтың теорияларын негізге ала отырып, тереңірек зерттеуде. Жоба нәтижелері математика және физика бағыттары бойынша ашылатын жаңалықтарға септігін тигізеді деп отыр ғалым.
Сәтбаев университетінің оқытушысы Алмас Төлеп «Дизайн және бейнелеу өнері» номинациясы бойынша лауреат атанды. Ол білім ордасындағы оқу корпустарын жаңғыртуға белсене қатысады. Тау-кен металлургия корпусы және кіші оқу корпусын қайта қалпына келтіру жұмыстарында өз жобаларымен қатысқан. Ендігі кезекте «Мобильді тұрғын үй» жобасын әзірлеуде.