Қазақстан ғылымы

Қасым-Жомарт Тоқаев: Ғылым академиясы ғылымға мүлдем қатысы жоқ адамдардан арылуы керек

16.11.2022

1251

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Алматы қаласы жұртшылығымен кездесуде ғылымдағы мәселелерді көтерді.

«Алматы – ғылым мен білімнің ордасы. Отандық ғылымды дамыту мәселесі – үнемі менің жеке назарымда. Бұл саланың еліміз үшін айрықша мәні бар. Себебі, ғылымның бүгінгі дамуы – елдің ертеңгі табысының кепілі. Өкінішке қарай, бізде ғылымды басқару ісі жолға қойылмаған. Мен бұл туралы Ұлттық академияның 75 жылдығына арналған жиында айттым. Бүгінде отандық ғылымда жас ғалымдардың саны көп емес. Дамуға серпін беретін әлеуетті ғылыми институттар да өте аз. Егер әлемдік дамуда көш соңында қалмаймыз десек, ең алдымен, ғылымды дамытуымыз керек. Сондықтан, ұлттық ғылымды жаңа деңгейге көтеретін мезгіл жетті. Жасыратыны жоқ, қазір ғылыми атағы бар, бірақ ілім-білімге мүлде қатысы жоқ адамдар көбейіп кетті. Елімізге өмір жолын ғылымға арнаған, нақты ғылыми жетістігі бар адамдар керек. Отандық ғалымдар құрамын жаңарту қажет. Бұл – уақыт талабы. Нағыз ғылымға мүлдем қатысы жоқ адамдардан арылуымыз қажет. Олардан ешқандай пайда жоқ, ғылымға кері әсері тиеді. Сондықтан, Ғылым академиясына ғылымға жаны ашитын, ғылыми әлеуеті зор азаматтарды ғана көптеп тарту қажет», – деді Мемлекет басшысы.

Сонымен қатар жиында Президент ғылым мен өндірісті ұштастыру мәселесіне тоқталды.

«Біз ғылым мен өндірісті ұштастыру туралы жиі айтамыз. Бірақ ондай байланыс әлі де орныққан жоқ. Ащы болса да, мұны мойындауымыз керек. Отандық өндірісті өркендету үшін ғылыми инновациялар, жаңалықтар қажет. Ғалымдарымыздың еңбегі сапалы өнім шығаруға немесе өндірісті тиімді етуге тиіс. Сонда ғана экономикамыз дамиды. Осы орайда, мен тағы бір маңызды бастама – Президент жанынан Ғылым мен технология мәселелері жөнінде ұлттық кеңес құру жөнінде шешім қабылдадым. Оған еңбектері жұртшылыққа кең танымал, ғылыми ортада өте беделді ғалымдарымыз мүше болады. Бұл құрылым ғылым мен технология саласындағы саясаттың басымдықтарын айқындайды. Президент Әкімшілігі, Ғылым және жоғарғы білім министрлігі тиісті жұмысты ұйымдастыруы қажет. Бұл мәселе менің жіті назарымда», – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

https://www.inform.kz/kz/tokaev-gylym-akademiyasy-gylymga-muldem-katysy-zhok-adamdardan-aryluy-kerek_a4002055

«« | »»
Соңғы жаңалықтар