Қазақстан ғылымы

МИНИСТР ҚАЗАҚ ҰЛТТЫҚ АГРАРЛЫҚ ЗЕРТТЕУ УНИВЕРСИТЕТІНДЕ БОЛДЫ

14.11.2022

1198

Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбек Қазақ Ұлттық аграрлық зерттеу университетіне барып, ағылшын тілінде оқытатын Вагенинген университетімен жұмыс істейтін Институттың, Өсімдіктердің микроклоналды көбею зертханасының және Қазақстан-Жапония инновациялық орталығының жұмыстарымен танысты.

«Ғылымға бет бұрған жастардың тың жаңалық ашуға деген ынтасы сүйсіндірді. ҚазҰАЗУ ғалымдары өндірген терек көшеттері «Элита» санатына жатады, қазақстандық селекционерлер құрған және Республикалық орман селекциялық орталығының питомнигінде тез өсетін будандар биотехнологиялық микроклональды көбею әдісімен алынған. Көшеттер нарығында жаңа теректің баламасы жоқ», деп жазды министр әлеуметтік желідегі парақшасында.

Ғылыми зерттеудің жаңа әдістері мен технологияларына негізделген инновациялық жобалар әзірленіп жатқан білім ордасында Саясат Нұрбек микроклональды көбею әдісімен алынған турангалық көшеттерге тәнті болды.
Басқаларынан айырмашылығы сол, оның биіктігі 10-16 метрге дейін жетеді әрі тұздану мен құрғақшылыққа төзімді, құмды топырақтарда өсуге қабілетті.

Министр өз сөзінде алдымызда тұрған басты мәселелердің бірі – отандық ғалымдардың ғылыми жаңалықтарын өмірде пайдаланатындай дәрежеге жеткізу екенін тілге тиек етті. Білім ордасының Басқарма төрағасының міндетін атқарушы – ректор Ақылбек Күрішбаевпен университет инфрақұрылымын дамытудың алдағы жоспарын талқылады.

«« | »»
Соңғы жаңалықтар