Қазақстан ғылымы

Қазақстандық геофизикалық компания Австралияда пайдалы қазбаларды барлайды

26.10.2022

1325

Қазақстандық геофизикалық компания алғаш рет Австралияда пайдалы қазбаларды барлауға кірісті. Әуедегі геофизикалық жұмыстар MobileMT технологиясы бойынша жұмылдырылған аспа жүйесі бар жеңіл әрі көп мақсатты Eurocopter тікұшағын пайдалану арқылы жүргізіледі. Жоғарыдан іске асырылатын зерттеулер пайдалы қазбалар (алтын, мыс, полиметалл және көмірсутектер) кен орындарын іздеу үшін 1500 метрге дейінгі тереңдік шамамен 150 метр биіктікте жүзеге асырылады.

MobileMT технологиясын қолдану арқылы Жезқазған, Ақмола және Шығыс Қазақстан облыстарының айналасындағы кен аймақтарын ашуға мүмкіндік туды. Бұның Қазақстан Республикасындағы тау-кен өндіруші кәсіпорындардың қорларының дамуы мен өсуіне ықпал ететіні сөзсіз.

Жоғары білікті мамандары мен инновациялық геофизикалық жабдықтары бар компания Қазақстанда геологиялық барлау жобаларын сәтті жүзеге асыруда. Аз уақыт ішінде кәсіпорын сыртқы нарықта жоғары сұранысқа ие болды. Енді Qazaq Geophysics Батыс Австралиядағы үш перспективалық аумақты зерттеп, жылдам сәйкестендіру және егжей-тегжейлі жұмыстарға, бұрғылауға дайындық үшін геофизикалық деректерді алуды жоспарлап отыр.

Бұл технологияның тиімділігі Канада мен Латын Америкасындағы серіктестер жұмысында өзін көрсете білген.

Деректерді түсіндіруді ескере отырып, жобаны жүзеге асыру Австралияда осы жылдың соңына дейін жалғасады. 2023 жылы Qazaq Geophysics жалпы көлемі 21 000 желілік километр, 30 000 желілік километрден асатын электрлік және магниттік барлау жұмыстарының 10-нан астам жобаларына, әуе геофизикалық зерттеулері және жер асты кеніштерінің шамамен 7 миллион шаршы метр 3D зерттеулеріне қатысуды жоспарлап отыр.

Естеріңізге сала кетейік, Qazaq Geophysics 2021 жылдың мамыр айында құрылған. Компания әуе геофизикасы, жерүсті геофизикасы (магниттік барлау, электр барлау) және жерасты кен қазбаларын 3D түсіру саласындағы заманауи жабдықтарын пайдалана отырып, геофизикалық жұмыстар жүргізеді. Жоғары білікті мамандары, өзінің авиациялық флоты (тікұшақтар, ұшақтар, квадрокоптер, ұшқышсыз ұшатын аппараттар) бар, сондай-ақ мамандандырылған және қосалқы техникалар паркін қалыптастырды. Ағымдағы жылдың ішінде компания Қазақстан Республикасының бес аймағында әуе-геофизикалық зерттеулер жүргізді.

Материал https://www.nur.kz/ деректері бойынша дайындалды.

«« | »»
Соңғы жаңалықтар