Ғылымға құштар жан әр зерттеуінің нәтижесін шығаруға тырысады. Мектепте оқып жүргеннен математикаға ерекше қызыққан Бек Мұсабековтің өз жаңалығы бар. Ол үлкен сандарды калькуляторсыз есептеудің жаңа формуласын ойлап тапты. Бұл жаңалығын ары қарай зерттей түспек.
Қазіргі таңда Бек Л.Н. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің Ақпараттық технологиялар факультетінде ІІ курста білім алуда. Бұл жаңалығынан бөлек, 9-сыныпта ойлап тапқан квадрат және куб әдістерімен шығарылатын формулаларынан бастап, осы күнге дейін барлығы 33 формула құрастырған екен. Тіпті оларды патенттеуді жоспарлауда.
Жас ізденімпаздың айтуынша, жаңа формуласы арқылы есептерді еркін шығаруға болады. Тіпті есептегіш құралы жоқ кезде де бұл формула уақыт үнемдеуге мүмкіндік береді. Бек өзінің ойлап тапқан формуласын оқу бағдарламасына да кіргізуге болатынын айтады. Болашақта өз шәкірттерін тәрбиелеуді армандайды.
Естеріңізге сала кетейік, 2021 жылы «Дарынды жас ғалым» республикалық ғылыми-жобалар байқауына қатысып, «Дарын» аталымы бойынша жеңімпаз атанған болатын. «ҚР тәуелсіздігіне 30 жыл» мерекелік төсбелгісінің иегері.
Материал https://enu.kz/info/zhanalyktar/68908/ деректері бойынша дайындалды.