Қазақстан ғылымы

ҚазҰУ ғалымдары көміртекті наноқұрылымдар негізінде наноматериалдар алуда

10.10.2022

1456

Қазіргі таңда көміртекті наноқұрылымдық материалдарға сұраныс көп. Оның ерекше қасиеттері өнім сапасын арттырады. Сондықтан ғалымдар үшін де бұл саланы зерттеу қызығушылық тудыруда. Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің ғалымдары Қазақстанда алғашқылардың бірі болып нанотехнологияларды жан-жақты зерттей бастайды.

ҚазҰУ 2017 жылы ҚР Білім және ғылым министрлігі мен Ғылым қорының коммерциализация грантын жеңіп алды. Сол жылы ғалымдарға университет басшылығы тарапынан қолдау көрстіліп, соңғы үлгідегі құралдармен жабдықталған өндірістік цех ашылды. Бүгінде Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ жанындағы Ашық түрдегі ұлттық нанотехнологиялық зертханасының ғалымдары нано құрылымдық материалдарды кең ауқымды мақсатта қолдану үшін зерттеу жұмыстарымен айналысып келеді.

Ашық түрдегі ұлттық нанотехнологиялық зертханасының директоры Мұхит Мұратов жобаның басты мақсаты – наноматериалдар алудың әдістерін меңгеріп, материалдар алу екенін айтады. Сондай-ақ, алынған материалдардың қолдану аясын зерттеу. Жоба бойынша жеті адам еңбектенуде.
Қазіргі таңда ҚазҰУ ғалымдары алған наноматериалдар негізінде арнайы датчиктерге арналған төсеніштер алынған. Олар қысым мен ылғалдылықты өлшейтін, температураны өлшейтін тағы да басқа нәрселерге арналуы мүмкін дейді ғалым. Кейбір ҒЗИ тіпті нанобөлшектердің өздерін ғылыми-зерттеу жұмыстарында пайдаланады. Олардың өзі әртүрлі фазада, яғни қатты, сұйық немесе ұнтақ түрінде алынады.
Қазіргі таңда ҚазҰУ ғалымдары фуллерен, графен, графен оксиді сияқты көміртегі негізіндегі наноматериалдарды ұсынуда. Негізгі қасиеті сол, олар тоқты жақсы өткізеді әрі берік болып келеді. Мамандар алынған көміртегі негізіндегі наноматериалдардың өзге елдегілерден кем түспейтінін алға тартады.

Мұхит Мұратовтың айтуынша, әзірге нанобөлшектерді ҒЗИ қолдануда. Біртіндеп құрылыс компаниялары, бояу шығаратын және металл өңдейтін компаниялар тұтынатын болады дейді. Себебі, нанобөлшектер шығарылатын өнімнің жұғу, беріктілік, қаттылық сияқты бірқатар қасиеттерін арттырады. Оның үстіне шет елден гөрі отандық нанобөлшектердің бағасы да қолжетімді. Дегенмен, ғалым өндіріс көлемінің шағын екенін жеткізді. Әйтпесе, елімізде сұраныс көп деп отыр. Сондықтан өзімізге ғана шығарылуда. Зерттейтін қырлары аз емес, зерттеу жұмыстары әлі де жүргізілетін болады.

Материал https://www.youtube.com/watch?v=N1Z5US3cFhI деректері бойынша дайындалды.

«« | »»
Соңғы жаңалықтар