Орталық Азия аймағы бойынша география саласын зерттейтін жалғыз ғылыми-зерттеу институты болып табылатын География және су қауіпсіздігі институты қоғам мен табиғаттың өзара байланыстарының кешенді мәселелерімен айналысады.
Институт зерттеулері табиғатты тиімді пайдаланудың географиялық негізімен жасалған республикадағы геожүйелердің табиғи-ресурстық әлеуетін бағалау мен экологиялық мәселелерді шешуге бағытталған.
Қыркүйек айында Қазақстан Республикасының Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбек «География және су қауіпсіздігі институты» АҚ ұжымымен кездесіп, Мемлекет басшысының Жолдауы аясында қазақстандық ғылымды дамыту мәселелерін талқылаған болатын.
Министр 2013 жылы ғылым және техника саласындағы Қазақстан Республикасының Мемлекеттік сыйлығымен, сондай-ақ, 2019 жылы «Ұлттық қауіпсіздік жағдайында Қазақстан Республикасының табиғи-шаруашылық жүйелерін тұрақты сумен қамтамасыз ету саласындағы ғылыми жұмыстар циклі» үшін Меамлекеттік сыйлықпен марапатталған институттың жетістіктерімен және ғылыми жұмыстарымен танысты. Бұл туралы институт өзінің әлеуметтік желідегі парақшасында жариялады.
Су тақырыбы институт қызметіндегі негізгі позицияларының бірі. Институт қызметкерлері трансшекаралық өзендердің мәселелерін шешудегі нағыз білікті мамандар болып табылады. Олар Қытай Халық Республикасымен келіссөздерге белсене қатысып, өзен ағынының ресурстары бойынша көп жылдық ғылыми зерттеулер тұрғысында мемлекеттің мүддесін қорғайды. Алынған статистикалық мәліметтерге сүйене отырып, Іле және Ертіс трансшекаралық өзендерінің ҚХР жағынан құйылуының азайғанын дәлелдейді.
2022 жылдың қазан айында трансшекаралық өзендер бойынша жүргізілген зерттеулер мен жинақталған ғылыми материалдар негізінде «ҚАЗАҚСТАН РЕСПУБЛИКАСЫНЫҢ СУ ҚАУІПСІЗДІГІ: Трансшекаралық алаптар ЖӘНЕ ЕРТІС ӨЗЕНДЕРІ» 8 томдық монографиясының тұсауы кесіліп, дөңгелек үстел ұйымдастырылмақшы. Саясат Нұрбек бұл іс-шараны қолдап, оған қатысуға ниет білдірді.
Министр Экология, геология және табиғи ресурстар министрлігі әзірлеген үш жылдық су бағдарламасына тоқталып, География және су қауіпсіздігі институтын осы бағдарламаға қосылуға шақырды.
Бұдан бөлек, бұл кездесуде шешімін таппай келе жатқан мәселе – Қазақстандағы алдыңғы қатарлы ғылыми-зерттеу институттарының бірі «География және су қауіпсіздігі институты» АҚ-ны жеке ғимаратпен қамтамасыз ету мәселесі қозғалды. Министр өз тарапынан бұл мәселені ескеретінін жеткізді.