Отандық жас ғалымдарымыздың бірі Азамат Ешмұхаметов қирамайтын робот көмекшіні ойлап тауыпты. Ғалымның айтуынша, бұл роботтың басқаларынан ерекшелігі сол, ол өзін сырттан келген соққыдан қорғайды. Яғни, соққыны «сіңіру» арқылы өзінің қауіпсіздігін сақтап қалады. Өз салмағынан екі есе ауыр жүкті көтере алады. Осы тұрғыда бұл роботты Азамат өз салмағынан бірнеше есе үлкен жүкті емін-еркін таси алатын құмырсқамен салыстырады.
NU ISSAI постдокторанты Азамат Ешмұхаметовтың мамандығы мехатроника және робототехника саласы. Ол 2012 жылы Сәтбаев университетін бітіріп, «Болашақ» бағдарламасымен Жапониядағы жоғары оқу орнында магистратурада оқыған. Қазіргі таңда агроөнеркәсіптік қызмет көрсету роботтары және тросты жетекті қирамайтын робот көмекшілері бойынша ғылыми жұмыстарымен айналысуда. Бұндай роботтармен дүние жүзінде санаулы зертханалар ғана айналысуда. Тағы бір ерекшелігі, жас ғалымның роботы қажет болса қатты да жұмсақ та бола алады екен. Азамат құдды бір фантастикалық фильмдердегі роботты тірілткендей. Себебі, бұл да жерге құлағанда жұмсарып түсіп, қайта қатайып ары қарай жүре алады екен. Ғалымның өзі бұл жаңалығын құрылыс алаңында крандарға қолдануға болады дейді. Құлап жатқан жағдайда ешкімге зияны тимейді, сынбайды да. Тез қалпына келе қалады.
Азамат Ешмұхаметов:
– Бұған дейін жобамыз теория жүзінде ғана болып келсе, енді жобалау жұмыстарына кірістік. Қазір прототипі бар. Сол арқылы роботты басқару саласында математикалық есептеулер жүргізудеміз. Салыстырмалы түрде оның қаншалықты салмақты көтере алатынын зерттеудеміз. Мысалы, қазір роботтың өз салмағы 6 кг, әзірге 12 кг жүкті көтере алады.
Кәдімгі роботтар шамамен 20 кг болды десек, ол 1 кг ғана жүкті көтере алады екен. Азаматтың роботы өзгеше және атқаратын қызметтері де әлдеқайда басым. Дегенмен, ғалым қауіпсіздігін басты орынға қойып отыр. Сондықтан, бұл жоба егжей-тегжей зерттеліп, кем-кетік жерлері толық тексерілетін болады.
Материал https://www.youtube.com/watch?v=7mZECY5hmYg деректері бойынша дайындалды.