Қазақстан ғылымы

Жас ғалым Жанаттың жаңалығы

15.09.2022

1437

Жасанды интеллект термині 1956 жылы келген екен. Дегенмен, оның өмірде толыққанды пайдалануы жаңадан қолға алынған.
NU инженерия және цифрлық ғылым мектебінің PhD докторанты, NU ISSAI зертханасының ғылыми қызметкері Жанат Мақатаева дәл осы жасанды интеллектті зерттеп жүр. Оның түсіндіруінше, виртуалды шынайылықта адам нақты әлеммен байланысын толығымен жоғалтады. Толықтырылған шынайылықта олай емес. Яғни, адам барлығын қаз қалпында көре алады. Тек мұнда қосымша виртуалды элементтер болады. Көзілдірікті кию арқылы көрінбейтін ақпараттарды ала алады. Толықтырылған шынайылық көзілдірігін киіп, бүкіл әлемді бір уақытта көреді. Бұл қосымшалар деменция немесе альцгеймер ауруларына шалдыққан науқастарға демеуші болуы мүмкін. Жас ғалым Жанаттың тапқан қосымшасы адамның қай жерде болғанын, не істегенін есте сақтап қояды. Ұмытып қалған жағдайда адам арнайы көзілдірікті кию арқылы есіне түсіре алады.

Бұл көзілдірік батареямен жұмыс істейді. Оның ішіне барлық есептеулерді жасап отыратын процессор орнатылған. Бұдан бөлек компьютерге суреттер, бейнежазбалар жібере алады. Сол сияқты керісінше, компьютерден қажетті нәрселерді жасап, көзілдірікке жіберуге болады. Яғни, электронды құрылғылар арасында өзара байланыс жасалады.

Иә, бұл сияқты көзілдіріктер бұған дейін де шығып қойған. Естеріңізге сала кетейік, жақында Оңтүстік Корея ғалымдары виртуалды көзілдірік баласынан айырылып қалған ананы баласымен кездестірген болатын. Корей ғалымдары бұл бағдарламаны жетілдіру үстінде. Адамдар осы бағдарлама арқылы өздерінің қайтыс болған жақындарымен қайта қауыша алады, дейді олар. Дегенмен, психолог мамандар бұндай бағдарламалар адам үшін аса жақсы еместігін айтады. Себебі, сол виртуалды шынайылыққа тәуелді болып қалуы ықтимал. Адам жақынымен қоштасқысы келмей өзге әлемде қалып қоюы мүмкін. Сондықтан, виртуалды шынайылықтың да кемшін тұстары жоқ емес.
Осыны ескере отырып, Жанат ғылыми жобаларын толықтырылған және жасанды интеллект арқылы адамның есте сақтау қабілеті мен қабылдауын жақсартуға бағыттаған.

Бұған дейін жасалған көзілдіріктер көргендерін бейне жазбаға түсіріп, кейін ол жазба компьютерге көшірілген. Өткенді еске түсіру үшін бейнежазбаны бастан аяқ қарап шығу керек болатын. Жанаттың ашқан жаңалығында барлығы бөлек-бөлек жазылады. Эпизодтарды таңдау арқылы көруге болады.

Профессордың кеңесімен жас ғалым есте сақтау ассистентін жасауды докторантураның екінші курсының басында қолға алған. Жасанды интеллект алгоритмі бар көзілдірікке жаңа бағдарламаны ойлап тапқан Жанат бұған дейінгі көзілдіріктің ерекшеліктерін қайталағысы келмеген. Біреудің жұмысын қайталамас үшін әлемдік әдебиеттерге шолу жасап, өз жаңалығын ұсынған. Қазіргі таңда бұл жаңа бағдарлама есте сақтау қабілеті нашарлаған 27 адамның көмегімен тәжірибеден өткен. Нәтижесі көңілден шығады, дейді ол.

Материал https://www.youtube.com/watch?v=7mZECY5hmYg деректері бойынша дайындалды.

«« | »»
Соңғы жаңалықтар