Қазақстан ғылымы

АДАМНЫҢ БАҒАНАЛЫ ЖАСУШАСЫН АЛҒАН ӘЛЕМДЕГІ ҮШ ҒАЛЫМНЫҢ БІРІ – ҚАЗАҚСТАНДЫҚ

04.05.2022

2443

Шет елде ғылымды бағындырып жүрген ғалымдарымыздың бірі Мая Миталипова бүгінде Кембриджде Massachusetts Institute of Technology зертханасын басқарып отыр. Биолог-ғалым паркинсон, альцгеймер ауруларын зерттеп жүр.

Ғылыммен толық айналысу үшін жағдай жасалуы керек деп отыр ғалым. Кезінде өзін қызықтырған салада зерттеулер жүргізу үшін заманауи үлгіде жабдықталған зертхана қолбайлау болған. Сондықтан Америкадан тағылымдамадан өтуге тура келген. Ол жақта мүмкіндікті барынша пайдаланып, күні-түні еңбектенген екен. Нәтижесінде Нобель сыйлығының лауреаты Нил Ферст өзіне жұмысқа шақырған. Мая эмбриолог ғалыммен бірлесіп, бағаналы жасушамен (стволовая клетка) жұмыс істейді. Олар ірі қара малдың бағаналы жасушасын зерттеумен айналысып, бұзауды клондаған. Осылайша, адамды жасанды ұрықтандырудың бүтін жүйесі құрылды. Бұл АҚШ-та ғана емес, әлемде үлкен жаңалыққа айналып, 1997 жылы «Нью-Йорк таймс» газеті арнайы мақала жариялаған болатын.

Отандасымыз кейін адамның бағаналы жасушаларын қолдана отырып, жасушалық терапия бағдарламасын жасап шыққан аустралиялық биотехнологиялық компанияға шақырту алады. Сол жерде адамның бағаналы жасушаларымен айналысады. «Кейін білдім, сөйтсем мен сол уақыттағы адамның бағаналы жасушасын ала алған әлемдегі үш ғалымның бірі болған екенмін», – дейді ғалым.
Бұл еңбектерінің ғылыми нәтижелері АҚШ ұлттық денсаулық институты (National Institutes of Health) тарапынан жоғары бағаланып, 2001 жылғы Америка президенті кіші Джордж Буштың шешімімен ғылыми-зерттеу қаржыландырылған.

Қол жеткізген жетістіктері ғалымды әрі қарай жетелеп, профессор Рудольф Яништің ғалымдар тобына қосылады. Сөйтіп 2005 жылдан бастап МІТ-дегі Адам бағаналы жасуша зертханасының директоры қызметінде жүр. Мая Миталипова бағаналы жасушаны алумен ғана шектелмей, оны дұрыс пайдалану арқылы 16 жылдан аса уақыт бойы альцгеймер, паркинсон ауруларын зерттеп келеді.

Осы жерде отандастарымыздың елге жасаған жақсылықтарын да айта кеткен жөн. Дүние жүзін демде жайлап алған Ковидке қарсы жасалған отандық экспресс-тесттің пайда болуына дәл осы Мая Миталипованың да көмегі зор. Ол отандық ғалым Болат Сұлтанқұловқа тестіге қажетті ақуызды жіберген.
«Алыста болсам да, басқа елде 30-40 жыл өмір сүрсем де, жан дүнием, жүрегім – Қазақстанда. Елім үшін қолымнан не келсе, соның бәрін істегім келеді. Елім үшін қолымнан не келсе, соның бәрін істегім келеді.» деген ғалымды болашақта елімізде көреміз деген үміттеміз.

Материал https://egemen.kz/article/310805-mayya-mitalipova-ghylymda-shekara-dgoq деректері бойынша дайындалды.


«« | »»
Соңғы жаңалықтар