Қазақстан ғылымы

ШҚТУ ғалымдары Орталық Азиядағы ең ірі жартас суреттері кешенін цифрландырды

12.01.2026

474

Шығыс Қазақстанда ғалымдар Орталық Азия аумағындағы ең ірі ежелгі жартас суреттері кешенін алғаш рет толық құжаттап, цифрландырды. Зерттеу нәтижесінде мыңдаған жыл бойы көзге көрінбей келген бейнелер ғылыми айналымға енгізілді, деп хабарлайды Kazinform агенттігінің тілшісі.

Зерттеуді Д.Серікбаев атындағы Шығыс Қазақстан техникалық университеті ғалымдарынан құралған ғылыми топ жүргізген. Археологтар заманауи зерттеу технологияларын – компьютерлік көру әдістерін, үш өлшемді модельдеуді қолданған. Дәл осы тәсілдер тас бетінде «жасырынған» көне өнерді айқындауға мүмкіндік берген.

Алдымен цифрлық әдістер Ақбауыр, Сартынбет, Теректі және Бөрітостаған үңгірлерінде сынақтан өткізілген. Кейін бұл технологиялар Көкентау жотасында ауқымды далалық зерттеу кезінде қолданылған. Аталған аумақ Абай облысында, Семей қаласынан шамамен 90 шақырым жерде орналасқан.

Дәл осы жерде ғалымдар бүгінге дейін Орталық Азияда тіркелген ең ірі жартас суреттері кешенін анықтады. 2024-2025 жылдардағы далалық маусымдар барысында 74 үңгір зерттеліп, минералды бояулармен салынған 702 сурет пен таңба тіркелген.

Қазақстан археологиясында алғаш рет жартас суреттері бар барлық үңгірдің үш өлшемді цифрлық көшірмесі жасалды. Бұл модельдер ескерткіштерді виртуалды түрде қарауға, суреттерді әр қырынан зерттеуге, түрлі визуализация сүзгілерін қолдануға және жартас бейнелерін табиғи ортасында талдауға жол ашады. Барлық цифрлық модель ашық қолжетімділікке орналастырылған.

– Біз ескерткішті цифрлық түрде толық тіркедік. Уақыт өте келе жартас бүлінсе де, оның бейнесі мен суреттері ғылым үшін сақталады, – дейді жобаға қатысушылар.

Зерттеу мұнымен шектелмейді. 2026 жылы ғалымдар жартас суреттерін салудың көне технологияларын – бояу құрамынан бастап қолданылған құралдарға дейін қайта жаңғыртуға бағытталған археологиялық эксперименттер жүргізуді жоспарлап отыр.

Дереккөз: https://kaz.inform.kz/news/shko-galimdari-ortalik-aziyadagi-en-r-zhartas-suretter-keshenn-tsifrlandirdi-334408/
Фото: Inform.kz

«« | »»
Соңғы жаңалықтар