Ғылыми жаңалықтар

Әлкей Хақанұлы Марғұлан - Ұлттық археология мен этнография мектебінің негізін қалаушы

06.04.2021

6316

Білім бастауы

Әлкей Хақанұлы 1904 жылдың 10 мамырында Дала генерал-губернаторлығында (қазіргі Павлодар облысы, Баянауыл ауданы) дүниеге келген. Болашақ ғалым бастапқы бiлiмдi ауыл мектебiнен алды. Алғашқы еңбек жолын Павлодар қаласындағы мұғалімдер курсын бітіргеннен кейін туған аулында мұғалiмдіктен бастаған. Онымен қоса Семей педагогикалық техникумының студентi бола жүрiп‚ «Таң» журналы мен «Қазақ тiлi» газетiнiң редакцияларында (1921-25) қызмет атқарған. Осы жылдары ол М.Әуезовпен‚ М.Жұмабаевпен танысады. Білім қуған ол Ленинград (қазiргi Санкт-Петербург) қаласындағы Шығыстану институтының түркiтану және тарих-филология факультеттерiнде (1925-29) қатар оқиды.

Сол жылдары белгілі ғалымдар КСРО ғылым академиясының академигі А.Е.Ферсман мен профессор С.И.Руденконың басшылығымен ұйымдастырылған Қазақстан және Алтай археология және этнография экспедицияларының (1926–27) жұмысына қатысады. Экспедиция барысында Ә.Бөкейхановпен тығыз қарым-қатынас орнатып, бiрлесiп қызмет жасайды. Әлкей 1928 жылдан қазақ халқына қатысты әдеби, мұрағаттық материалдар жинақтаумен шұғылданды. 1929 ж. Абай шығармалары туралы дипломдық жұмысын қорғап‚ орыс география қоғамы архивiндегi Абай қолжазбалары туралы нақты тарихи деректер негiзiнде ғылыми дәйектi тұжырымдар жасады.

Атқарған қызметтері:

• Терминология комиссияның ғалым-хатшысы (1930-31),
• Ленинград қасындағы Мемлекеттік материалдық мәдениет тарихы академиясының аспиранты (1931-34)‚
• Шығыстану институтының оқытушысы (1931-35),
• Мәскеу қаласындағы материалдық Мәдениет тарихы институтының iзденушiсi және ғылыми қызметкерi (1936-38),
• КСРО ғылым академиясының қазақ бөлiмшесi Тарих институтының аға ғылыми қызметкерi (1939-41) болды.
Оның «Мәшһүр Жүсiп мұрасындағы түркi эпосы», «Декабристер және Қазақстан», «Әлiшер Науаи және қазақ мәдениетi», «Мұхаммед Хайдар Дулати – тарихшы», «Шоқан Уәлиханов және Орта Азия тарихы», «Суворов», «Жамбыл Жабаев» (1940-41), т.б. еңбектерi жарық көрдi.
• 1941 ж. КСРО ғылым академиясы Қазақ бөлiмшесiнiң тарих бөлiмiн басқарды. Осы қызметте жүрiп «Хандар жарлығының тарихи маңызы» деген тақырыпта қорғаған кандидаттық диссертациясында (1943) көне қыпшақ тарихына байланысты құнды зерттеулер жасады. «Қазақ халқының эпикалық жыр дастандары» тақырыбында қорғаған докторлық диссертациясы қазақ әдебиетi мен тарихы саласындағы iргелi зерттеулердiң нәтижесi саналды.
• Археология, палеолит бөлiмiнiң меңгерушiсi, аға ғылыми қызметкерi (1946-53),
• Қазақстан ғылым академиясының Архитектура құрылыс және құрылыс материалдары институтының аға ғылыми қызметкерi (1953-55) болды; кейін этнография бөлiмiн (1958-76) басқарды.
Осы жылдары Марғұлан Сырдария, Шу, Талас өзендерi бойында және Отырар, Сауран, Сығанақ қалалары орнында қазба жұмыстарын жүргiзiп, соның негiзiнде «Көне қазақ жерiнiң қалалары мен құрылыс өнерiнiң тарихы» аталатын монографиясын (1950) жариялады. Кемел Ақышев, М.Қадырбаев, М.Оразбаевтармен бiрге Орталық Қазақстанда жүргiзген археология қазба жұмыстарының қорытындысы саналатын «Орталық Қазақстанның ежелгi мәдениетi» (Древняя литература Центрального Казахстана, 1966) атты ғылыми-зертханалық еңбегiн жазып‚ кiтаптың редакциясын басқарды.

Еңбектері:

Ә. Марғұлан тарих, археология, этнография, әдебиет, өнер (қолданбалы және сәулет өнерi) және металлургия саласына қатысты 300-ден астам ғылыми зерттеу жұмыстар, 100-ден астам энциклопедиялық мақалалар жазды‚ сонымен қатар қазақстандық этнографтардың, археологтардың, тарихшылардың бiрнеше буынын даярлады.

Ә. Марғұлан – қорқыттанушы. Ол оғыз-қыпшақ тайпасынан шыққан данагөй абыз, жырау, күй атасы, қазақ бақсыларының жебеушiсi, батагөй-сәуегейi Қор-қыт мұрасын зерттедi. Әлкей Марғұланның жазуынша, қазақ музыкасы мен философиясында «Қорқыт күйi», «Қорқыт сарыны», «Қорқыт толғауы», «Тәңiр биi» дейтiн рухани iзгi дәстүрлер, мақамдар қалыптасып дамыған. Демек, Қорқыт – «керемет иесi», «Ұлыстың ұлы кеңесшiсi», «тарихи оқиғаларды жырлаушы жырау». Марғұлан Қорқыт мұрасын, дәстүрiн ұстанған халық мәдениетiнiң көрнектi өкiлдерiн топтастырды.

Ғалымның ғылыми еңбектерiнiң бiрқатары шетел тiлдерiне аударылды. 1991 жылы Қазақстан Ұлттық ғылым академиясының Тарих, археология және этнология институтындағы археология орталығының негiзiнде Марғұлан атындағы Археология институты құрылды.
Астана, Павлодар, Екібастұз, Жезқазған қалалары мен Оңтүстік Қазақстан облысында, Баянауыл, Екiбастұз аудандарында бiрнеше көшелер, мектептер Әлкей Марғұлан есiмiмен аталады. Павлодар қаласында мүсiнi орнатылған‚ сондай-ақ Павлодар мемлекеттік университетiнде Марғұлан атындағы стипендия тағайындалып‚ мұраай ашылған. 100 жылдық мерейтойы ЮНЕСКО-ның шешiмiмен дүниежүзілік деңгейде аталып өттi (2004). Қазақстан ғылым академиясының Шоқан Уәлиханов (1967), Қазақ КСР-і Мемлекеттік сыйлықтарының лауреаты. Ленин, Еңбек Қызыл Ту, Халықтар достығы ордендерiмен және медальдармен марапатталған.

Деректер kk.wikipedia.org сайтынан алынды.

«« | »»
Соңғы жаңалықтар