Әлемдегі ғылым

Жаһандық инновациялық бағдарламасын басқаратын қазақ қызы

28.08.2023

884



Бүгінде, көп жұмысты роботтар мен дрондар атқаратын заманда, технология саласының мамандарына сұраныс артқан. Сол мамандардың қатарында қазақ қызы Әсел Аяпова да бар. 

Қазіргі таңда ол АҚШ-тың AES корпорациясының энергетикаға арналған жаһандық дрондық инновациялық бағдарламасының (AES Innovative Global Drone Program) директоры қызметін атқарады әрі Энергетикадағы дрондар мен роботтар халықаралық коалициясының, Америкадағы «Women and Drones» қауымдастығы кеңесінің мүшесі. 

Оралдағы физика-математика лицейін бітірген Әсел М. Ломоносов атындағы Мәскеу мемлекеттік университетінен экономист мамандығын алып шыққан. Бұнымен тоқтамай, Варшавадағы Леон Кузьминский академиясы жанындағы бизнес мектебін, АҚШ-тың Duke университетіндегі Duke Fuqua бизнес мектебін Executive MBA-мен аяқтады.  
 
Ауылда туып-өскен қарапайым қыз алдына қойған мақсатына білім мен ғылымға деген құштарлығын еңбекпен ұштастырып, төзімділіктің арқасында қол жеткізген. 
Бастапқыда Әсел Аяпова AES корпорациясының Шығыс Қазақстан облысында басталатын жаңа жобасының жетекшісі қызметіне тағайындалған. Сөйтіп, Өскеменде электр стансасының құрылысын кеңейту командасын басқарып, AES корпорациясының екі ірі жобасын іске асырған.  Жоба барысында қауіпсіз нысанды жасап, халықаралық банктермен тиімді байланыс орнатқаны ескеріліп, жұмысқа жауапкершілігі бағаланып,  Американың дарындылар пулына енген. Яғни, халықаралық жобаларға жұмылдырылатын мамандар қатарына қосылған. 

Қазір Әсел басқарып отырған әлемнің 14 елінен 600-ден астам қызметкер тартылған жаһандық инновациялық бағдарламасы АҚШ энергетикасы мен ғаламдық ұшқышсыз авиация саласында жоғары бағаға ие болды. Оның командасы «AUVSI Award 2018» халықаралық сайысында екінші орынды, тағы бір сайыста үшінші орынды иеленіп, халықаралық «S&P Platts Global Energy Award 2018» байқауының «Жылдың коммерциялық технологиялары» бағытында топ жарды. 

Әсел Аяпова америкалық ACPA және қазақстандық AREK жасыл энергетика, «Women in Energy», халықаралық жобаларды басқару IPMA қауымдастықтарының, жобаларды басқару институтының (PMI), энергетикадағы дрондар мен роботтар жөніндегі халықаралық коалицияның сараптамалық кеңесінің, AES жасыл технологиялар комитеті және АҚШ тағы Edison Electric Institute (EEI) ұшқышсыз авиациялық жүйелер бойынша (UAS) жұмыс тобының мүшесі. 

Мықты маман артынан ерген жас ғалымдар мен мамандарға тәлімгерлік қызметін де аяған емес. Қазір энергетика, проджект-менеджмент, жоғары технологиялар салаларындағы талантты Қазақстан жастарымен, «Самұрық Қазына» корпоративтік университетінің жас мамандарымен тәжірибесімен бөлісіп жүр. «iQanat» білім беру қоры арқылы ауылдағы талантты жастарды қолдауда. 
Алпауыт елден жинаған білімі мен тәжірибесін отандасымыз енді еліміздің ғылым саласын дамытуға арнамақ. 

Дерек көзі: https://egemen.kz/article/347028-aqsh-baghalaghan-qazaq-qyzy
«« | »»
Соңғы жаңалықтар