КіруТіркелуЖоба туралы ФорумFAQБайланыс
  
Ұлттық ғылыми порталға қош келдіңіздер!
Бұл жерде қазақстандық ғылымның
жағдайы мен оның соңғы оқиғалары туралы ақпараттар ұсынылған.
Ғылыми қамтымды экономика құру – ең алдымен Қазақстан ғылымының әлеуетін арттыру. Бұл бағыт бойынша венчурлік қаржыландыру, зияткерлік меншікті қорғау, зерттеулер мен инновацияларды қолдау, сондай-ақ ғылыми әзірлемелерді коммерцияландыру жөніндегі заңнаманы жетілдірген жөн.
EXPO-2017
"Бұл біздің еліміз үшін жаңа энергетикалық және «жасыл» технологиялар алудың ұлы мүмкіндігі..."
Н.Ә. Назарбаев
Әлемдік ақпараттық ресурстарға шығу мүмкіндігі:
Thomson Reuters, Elsevier, Science
eLIBRARY.RU және басқалары.
«Қазақстан-2050» Стратегиясы
"Біздің жастарымыздың оқуы, жаңа білімдерді меңгеруі, ең соңғы дағдыларды игеріп,
білім мен технологияларды күнделікті өмірде іскерлікпен және тиімді қолдануы қажет".
Н.Ә. Назарбаев
– Біз бүгінгі жаңа атаулы ертең-ақ ескіге айналатын, жүрісі жылдам дәуірге аяқ бастық. Бұл жағ­дайда кәсібін неғұрлым қиналмай, жеңіл өзгер­туге қабілетті, аса білімдар адамдар ғана табысқа жетеді.
 
Видео заседаний и интервью председателей ННС
Қазақстанның
интерактивті картасы
Әл-Фараби 1150 жыл
ҚазҰУ-де «Қайырымды қоғам» челленджіне старт берілді

Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ студенттері «ҚАЙЫРЫМДЫ ҚОҒАМ» челленджін іске қосып, үлкен флеш-моб өткізді. ЮНЕСКО қамқоршылығымен 1150 жылдығын бүкіл әлем тойлап жатқан ұлы ойшыл әл-Фараби ескерткішінің алдында әр факультеттен жиыны 5 мыңнан астам студент жиналды.
Бұл теңдесі жоқ жоба ғұлама әл-Фарабидің адамзат үшін ең басты деп санаған құндылықтары: мейірімділік, парасаттылық, адалдық және әділдік туралы еске салу үшін елдегі игі істер эстафетасын іске қосты.
Челленджге кез келген адам қатыса алады. Ол үшін әлеуметтік желілерде қайырымды іс-әрекеттер, қайырымды және ізгі істер туралы пост, фотосуреттер немесе видеоролик жариялау жеткілікті. Челлендждің ұйымдастырушылары эстафетаны жалғастыруды және оны #AlFarabiQQ хэштегімен сүйемелдеуді ұсынады.
«Әл-Фараби «Бақыттың мәні – парасаттылықта, әркімнің өз алдында игілікті мақсат қоя білуінде... адамның өз мінез-құлқын, іс-әрекетін ерікті түрде өзгертіп, игілікке бағыттап отыруында», – деген болатын. Әрбір адамның жақсылық жасауға, өзін және айналасындағыларды бақытты етуге бар күш-жігері жетеді. Егер біз әрқайсымыз өз-өзімізді жетілдіруге және жақсы іс-әрекеттер жасауға ұмтылсақ, баршамыз бірге Қазақстанды қуатты ұлт пен жауапты адамдардан тұратын - табысты, қайырымды елге айналдырамыз», - дейді флеш-мобқа қатысқан екінші курс студенті Хасан Нұрсат.
Жоба жастар арасында волонтерлік қозғалысты дамытуға, әлеуметтік ынтымақтастықты нығайтуға және тек жаһандық ғана емес, сонымен қатар жергілікті қоғамдастық мәселелерін де шешу бойынша бастамашылық топтарды ұйымдастыруға, нақты адамдарға көмек көрсетуге бағытталған. Челлендж медиакеңістікте оң көзқарас көрсетуге және бір-біріне мейірімділік пен жанашырлық таныта отырып, қиын қыстау жағдайға тап болған адамдардың өміріне бей-жай қарамай, бір-біріне көмектесу арқылы, нақты іс-әрекеттер жасаудың маңызды екенін еске түсіруге мүмкіндік береді.


26
 
 
ӘЛ-ФАРАБИ ІЛІМДЕРІНІҢ ПЕДАГОГИКАДАҒЫ РӨЛІ

Отырардың оғланы Әбу-Насыр Мұхаммед Ибн Мұхаммед ибн Ұзлағ ибн Тархан Әл-Фараби жайлы кіріспе сөздің өзін том-том кітап етіп жазуға болады. Шығысқа ғана емес, күллі адамзат баласына ортақ ғұламаның қалам тербемеген тақырыбы кем де кем. Бүгінгі жазбаға тұздық болғалы отырған педагогикадағы әл-Фараби ілімінің рөлі талайдан бері зерттеліп жүр. Соның өзінде ойшыл ілімінің мазмұнды мәні, құпиясы толық ашылмады.
Түрлі басқосу мен жиындарда фарабитанушылардың: «Әл-Фараби ілімі әлі талай ұрпаққа азық болады» дегені сөзімізге дәлел. Қазақ баласы үшін ғана емес, адамзатқа ортақ айтылған сөз. Әбсаттар Дербісәлі «Қазақ даласының жұлдыздары» (Алматы, 1995) еңбегінде: «Француз ғалымы Рудольф Эрланже 1930-1935 жылдары әл-Фарабидің аса үлкен, әрі терең мағыналы «Әуездің үлкен кітабы» атты трактатын француз тіліне аударған. Мұның өзі Әл-Фараби мұрасын іздестіру, аудару, бастыру, зерттеуде шетел ғалымдарының да айтарлықтай еңбек сіңіріп отырғанының айғағы болса керек» деп жазады. Бұл жоғарыдағы ойды қуаттап тұр.
Хош, сөз басында әл-Фараби мен педагогика ілімі бір ұғым екенін айтқымыз келеді. Бір жағы оның әлемдегі «екінші ұстаз» деген атағы болса, екіншіден әртүрлі саланы зерттеген еңбекқорлығы педагогика шеңберіне сыйып тұр. Аристотелден бұрын әл-Фараби туғанда, бәлкім, алғашқы ұстаз ретінде танылар ма еді?!
Ғұлама, ойшылдың басқадан ерекшелігі әрі артықшылығы – ғылымнан табиғат ғылымын жоғары бағалаған. Тіпті, педагогикадан да. Ғылымның шығу тегі туралы трактатында «табиғат туралы ғылым бай және педагогикалық ғылымдардан гөрі кең көлемде» дейді. Бұл пәлсапаның мәні тым тереңде жатыр. Оның педагогикамен салыстырыла айтылып отырғанынан біраз жайды аңғаруға болады. Табиғат ғылымы 18 мың ғаламды жаратқан Жаратушымен байланысты болса, педагогика адамзат баласының асыл құндылығы. Екеуара сабақтастық бар. Сондықтан, ойшыл педагогиканың табалдырығын аттап, шыңына шығу үшін әуелі табиғат ғылымының мәнін жете түсінуді ұсынады. Тіптен, осы табиғатта педагогика элементтерінің барын астарлы түрде жеткізеді. «Еңбек ету, сапалы болу, адамгершілік, ақылдылық табиғаттан туындауы қажет» деген әл-Фараби әр ғылымның бастауы еңбек, сапа, адамгершілік, ақылдылықта десе, ол табиғаттан тумаса, ой арқылы не тағы басқалай, яғни туғандай болып көрінуді құп көрмейді. Аталған жайт Фараби бабамыздың жан-дүниесін жарып шыққан жазба болып табылады. Өйткені табиғаттың жасандылыққа жаны қас екенін былайғы жұрт жақсы біледі.
Табиғат жайлы сөз қозғағанда, ғұламаның музыка ілімі жайлы жазбаларына тоқталмай кете алмаймыз. Әрі оның педагогикадағы рөлі де ерекше. Сылдырлап аққан бұлақ, ысқырып ескен самал даусының өзін музыка тілімен, ғылымымен әспеттей отырып, екі ілім сабақтастығы негізінде музыкатанудың негізін қалаған. Бұл жайында тұңғыш фарабитанушы Ақшан әл-Машанидің біршама еңбегі бар. Соның біріндегі: «Бұл кісіден бұрын да, дейін де даналар болды. Бірақ олардың ішінде дәл Фарабидей геометрия, музыка, астраномия сияқты үш ғылым саласына бірдей үлес қосқан, аса ірі жаңалық ашқан ғалымдарды табу қиын. Платон, Аристотель, Птолемей сияқты ғұламалар музыканы жөнді меңгере алмағанын өздері жазып кеткен» деген пікір осы тұста алдымыздан шықты. Сонымен қатар, «Китаб әл-мусики әл-кабир» («Музыканың ұлы кітабы») деп аталатын еңбегіне ерекше тоқталған жөн. Ойшыл: «Соғыстар мен шайқастарда пайдаланатын; би, үйлену тойы, сауық-сайран үшін қолданылатын және махаббат жырларын сүйемелдейтін аспаптар болады» деп жазады. Аталған жазба педагогикаға ғана емес, сонымен бірге осы күнгі музыка өнерінің қарыштап дамуына да айрықша рөл атқарды. Сол арқылы музыка ілімі жетіліп, ол педагогикаға әсер етті. Оның негізі Фарабидің музыка өнеріне деген ерекше құрметінде тұрғандай. Ғұламаның математика және физиканы жетік білгені жайлы аңызға бергісіз әңгіме көп. Олардың музыка іліміндегі мүлт кеткен жерлерін дәл тауып түзетуі, дамытуы, ең бастысы бағалауы неге татиды?! «Мен тек музыка ғылымын бағалаушы ғана емеспін, музыка өнерін де бағалаушымын, сондықтан да ертедегі гректерге қарағанда, көбірек еңбектенуіме мүмкіндігім болды» деп жазады ойшыл. Бұл айтылған сөз педагогиканың алғышартына айналуы тиіс. Батыстық мәдениеттің, өнеркәсіптің алға шығып, өркендеуінің арғы жағында ғылымның өнер түріне айналуы тұрған іспетті. Әл-Фарабидің соқырға таяқ ұстатқандай, айтып отырғаны да осыған саяды. Яғни кез-келген дүниеге ілім деп қарамай, өнер түрінде үйрету керек. Бұл қазіргі педагогикаға еніп келе жатқан үдеріс. Оның ілімді өнерге айналдырғанын өзі ән жазғандығынан, аспап ойлап тапқандығынан аңғарамыз. Сөйте тұра музыка теориясы шетте қалмады. «Музыканың ұлы кітабы», «Музыка жайлы талдау», «Ырғақтардың классификациясы», бұдан басқа «Ғылымдардың шығуы», «Ғылымдардың энциклопедиясы» атты туындыларында музыка ғылымын талдауға арналған жеке тарауларын жазды. Яғни, әл-Фараби екі асылды ұштастыра білді. Әл-Фарабиге музыкатанушылардың ықыласы тегін ауған жоқ. Оны бұл саладағы ең ұлы практик-теоретик деп атайды көбі. Бізге жеткен дала аңыздарының көбінде Фараби шебер орындаушы деп айтылған. Шығыс патшаларының бірі сарайда той-думан өткізіп, оған жиналған бек-патша, бай-манап ғұламаны назардан тыс қалдырса керек. Әбу насыр бір шетке шығып, домбырасын қолына алып, аса мұңды күйді тарттты дейді аңызда. Оның мұңдылыгы сонша жұрттың бәрі ойын-сауықты тастай салып уайымға беріліп, егіліп жылапты. Енді бір сәтте аса бір қуанышты, көңілді күйді ойнай жөнелгенде әлгі жұрт еңселерін бірден көтеріп, балаша билеп, жын қаққандай сақылдап күліп ойнап кеткен екен. Мұнан соң Фараби біртүрлі жаймашуақ, бір сарынды қоңыр ырғақты күйді ойнағанда, отырғандар музыка әуеніне елітіп, ұйықтап қалыпты деген аңыз әлі де ел аузында жүр. Қай тұрғыдан алып қарағанда да әл-Фараби ілімі педагогиканың бастау бұлағы болып отыр.




Педагогика ілім десек, оның бір бағыты – философия. Ойлай білген адам педагогика ғылымымен айналысса, жетістікке жетпек керек. Ойшыл замандастары бұдан әбден хабардар болғаны анық. Осы үшін де шығар әл-Фараби еңбектерінде түрлі сауалға жауап ретінде пайымын жазып қалдырған. Мәселен, оқу, білім алу, ғылым адамы болу, адамгершілік және тәрбие мәселелерімен тығыз байланысты «Философияны үйрену үшін алдын-ала не қажет» деген еңбегі әр кезеңде өзекті. Бірінші алғышарт ретінде жан тазалығын, ар тазалығын алға шығарған Фараби бабамыз тереңнен ойлап, алысты көретінін осы сұрақ арқылы жеткізген. Яғни, ары таза, жаны таза азамат қойған мақсатын бағындырмай тынбайтыны аян. Ал, енді ұстаздарға, педагог мамандарға қарата айтқанда, оның салмағы тым ауырлай түседі. Ұстаздың негізгі мақсаты – өз шәкіртіне білім беріп, ізгілікті мінез-кұлыққа тәрбиелеу, адамдықтың абзал әліппесін бойына сіңіріп, ілім дәріптеу деп білсек, сол тиянақты білім, ізгілік ұстаздың өз бойында болуы шарт. Ол тек қана ар мен жан тазалығы үйлесім тапқан жандарға даритын қасиет деген тұжырымды байқауға болады. Жалпы алғанда әл-Фараби ілімдерінің педагогикадағы рөлі тазалықтан бастау алады.
Әл-Фараби «Интеллект (сөзінің) мағынасы жайында» деп атаған еңбегінде адамның ақыл-парасат мүмкіндігіне жан-жақты талдау жасайды. Және оны «потенциалды интеллект», «актуалды интеллект», «жүре келе дарыған интеллект», «әрекетшіл интеллект» сияқты философиялық категорияларға бөліп-бөліп талдайды. Осы ілімдер педагогикаға әсер етуші баспалдаққа ұқсап сипатталған. Соның ішінде ойшыл «жүре келе дарыған интеллект» туралы тереңнен қаузап, адам туғаннан ақылды, білімді болып тумайтынын, интеллектің өзі жүре келе, естіп, көріп барып дамитынын ескертеді. Яғни, бұл жерде педагог маман мен талапкерге бағдаршамның дәлдігіндей аңғаруға, қорытуға болатын ой жатыр. Демек, адам баласына талант пен еңбек тартысындағы безбеннің қалай құлайтыны енді анық болды. Бұны педагогика тіліне салсақ, кез келген оқушы не ізденуші «менде туа қалыптаспаған» деген ойдан аулақ болсын. Бәрі де еңбек пен қажыр-қайраттың арқасында болуы мүмкін. Қазақтың «көре-көре көсем боласың, сөйлей-сөйлей шешен боласың» деген тәмсілін Фараби бабамыз жоғарыдағыдай жеткізген. Ендігі жерде педагогиканың туын тіккен Ұлы ұстаздың пайымы, жалауды желбіреткен талай мұғалімнің жадына сақталып, уақыт сынына сынбай, жаңғыра түсуі керек.
Күнделікті өмірде бізге синоним болып естілетін педагогикалық терминдерге терең бойлаған әл-Фарабидің келесі пайымы осы мақаланың толық жүгін арқалап, сырын ашатын сыңайлы. «Оқыту дегеніміз – үйрету, дағдыландыру, әрекеттендіру, ал, білім беру – ғылым теорияларын іске асыру, тәрбиелеу – жеке адамның кісілігін қалыптастыру» деп жеткізеді ойшыл. Яғни 3 сөздің негізі ұқсас болғанымен, қызметі әртүрлі. Сондықтан, педагог өзінің түпкі мақсатын алдын-ала аңғарып алған жөн. Осы орайда оқыту әдістеріне тоқталсақ дейміз. Әл-Фараби оқытудың негізгі әдісі – көрнекілік деп көрсетеді. Біз бұл жерде оның жоғарыда айтылған жаттау емес, есте сақтау үшін кәдеге жарайтынын аңғардық. Оқыту мен білім берудің атасы ретінде тәрбиелеу ұғымын биіктеткен ойшыл «тәрбиелеу дегеніміз – халықтардың бойында білімге негізделген этикалық игіліктер мен өнерлерді дарыту» депті. Осылайша, сан саланы жиып әкеліп этикалық игілік пен өнерді дарытуға тоқталғаны көкейге түрлі ой салып қояды. Қай жағынан келгенде де Әбу-Насыл әл-Фараби ілімі педагогика үшін ауадай қажет екені белгілі болды.
«Дүниежүзінің оқымыстылары Фараби мұраларын 1000 жыл бойы тынбастан зерттеп келді. Олардың ішінде араб-парсы тілдерінде жазған Ибн әл-Надим (995ж), әл-Байхаки (1169), Ибн әл-Кифти (1248), Хаджи Халифа (1657), латын тілінде жазған Венике (1484ж), Камерариус (1638), француз тілінде жазған Генрих Зутер (1902) және т.б. бар» деген Жақыпбек Алтаев дерегі біздің әуелгі ойды қуаттап отыр. Әл-Фараби мұрасын негізге алып, әлі талай сүбелі еңбектер шығары сөзсіз. Ең бастысы оның бәрі педагогиканың маңайында өрбіп, осы ілім саласының игілігіне жұмсалатыны бізді һәм оқырман қауымын қуантса керек! Қорыта айтқанда, педагогиканы Әбу-Насыр әл-Фарабиден, Отырар оғланын педагогикадан бөліп айту, жазу, жеткізу мүмкін емес!

Айсұлу Данилова
Ағылшын тілі пәнінің мұғалімі
№ 74 жалпы білім беретін мектеп

370
 
 
050026, Алматы, ул. Богенбай батыра, 221
Тел: 8 (727) 378 0509
E-mail: dir@inti.kz
      Все права защищены
©ННП 2013 - 2019