Рәпіл ЖОШЫБАЕВ, Сыртқы істер министрінің бірінші орынбасары:
– Рәпіл Сейітханұлы, ХХI ғасыр экономикалық саясаттан күш алатын интеграциялар ғасыры атанады дейді...
– Дипломатияның бұл түрі мемлекеттің екіжақты және көпжақты негізде ұлттық экономиканы қолдауға және дамытуға, сонымен қатар халықаралық істерде мемлекеттің жалпы сыртқы саяси бағыты шеңберінде мақсатқа жетуін, сыртқы экономикалық мүдделерді қамтамасыз ететін дипломатиялық тәсілдер мен әдістерді және экономикалық шаралар мен құралдарды (сауда саясаты, жәрдемдесу, көмек алу) қолдану. Экономикалық дипломатия өз елінің сауда және қаржы секторын қолдау мақсатында дипломатиялық тапсырма орындайтын сауда дипломатиясына жақын. Бұл жұмыстың аса маңызды аспектілері – экспорт және инвестиция жайлы ақпарат, әлемдік нарықта ұлттық өнімдерді сату мен өткізуге қолайлы жағдай туғызу.
– Ал әлемдік нарықта қазақстандық экспортерлар үшін қолайлы жағдайлар қалыптасып отыр деп үміттенуге бола ма?
– Экономикалық дипломатия, қашанда Қазақстанның сыртқы саясатының негізі болып қалады. Өмірімізге дендеп еніп бара жатқан жаһандану мен әлемде ықпалдаспай, жеке-дара дамудың мүмкін еместігіне көз жеткізе түсуде. Қазақстан өзге елдермен тек саяси ғана емес, экономикалық байланыстарды да арттыруға күш салып отыр.
Биыл ғана жүзеге аса бастаған Қазақстан, Ресей, Беларусь мемлекеттерін біріктіріп отырған Кедендік одақ пен оның аясында қолға алынған және келесі жылдан бастап іске қосылатын Бірыңғай экономикалық кеңістік – ықпалдастық бағытындағы іргелі шаралардың бірі. Оның аясында Қазақстанның экономикалық мүддесі мен еуразиялық интеграцияның ең тиімді үлгілерін іздестіруге деген талпыныс бар. Демек, сауда және экономикалық дипломатияны алға жылжытуға мүмкіндік беретін алғышарт қалыптастырылды. Инвестиция тарту, арнайы экономикалық аймақтарды дамыту, экспортты ынталандыру бойынша Мемлекеттік бағдарлама қабылданды, сондай-ақ Ұлттық-экспорттық Стратегия әзірленіп жатыр. Мемлекеттік деңгейде қолға алынған құжаттарды іс жүзіне асыруға барлық мемлекеттік аппарат – дипломатиялық өкілдіктер мен мемлекеттік құрылымдардан бастап облыстық, аудандық деңгейдегі әкімдерге дейін атсалысуы тиіс.
– Инвестициялық жобалар мен жаңа технологиялар трансферті саласы бойынша экономикалық байланыстар орнататын инвестор мемлекеттер анықталды ма?
– Әзірге 26 инвестор мемлекеттердің тізімі анықталды. Әрине, олардың қатары қазіргімен шектеліп қалмайды. Шетелден инвестиция тартуға ықылас білдірген мемлекеттік органдар мен қазақстандық бизнес тобына алыс-жақын шетелдерде ұйымдастырылған шаралар туралы ақпараттармен таныстырылып отырады. Мұндай іс-шара кезінде ел жайлы ақпараттық-анықтамалық материалдармен (Investors’ Guide, брошюралар мен буклеттер) беріледі. Шетелдік инвесторларға біздің елдің инвестициялық климаты жайлы толыққанды ақпараттармен танысуға мүмкіндік беріледі. Шетелдік бизнес қауымдастығы мен дипломатиялық корпус өкілдерінің қатысуымен өткен «дөңгелек үстелдер» Қазақстан Үкіметі мен халықаралық бизнес қауымдастығы арасындағы диалогты алға жылжытуға жол ашады.
– Шетелдердегі дипломатиялық өкілдіктеріміз инвестиция мәселелері бойынша кеңес бере алатын маман-кадрлармен қамтамасыз етілген бе?
– Дипломатиялық өкілдіктеріміздің саяси ғана емес, экономикалық блогы берік. Өзбекстан, Украина, Ресей, Қытай, Германия, Франция елдеріндегі өкілдеріміз үкіметтің экономикалық блогындағы министрліктердің мамандары қатарынан толықтырылып отырады. Алдағы уақытта тек жекелеген елдерде ғана емес, әлемдегі ең ірі қалаларда қазақ елінің сауда – инвестициялық өкілдіктерін ашу ойда бар. Біздің ел 2013 жылы «Инвесторды қорғау» индикаторы бойынша бәсекеге қабілетті 50 елдің қатарына қосылды, ал бәсекеге қабілеттіліктің жаһандық индексі бойынша 185 елдің ішінде биыл екінші жыл қатарынан оныншы орында келеміз. Халықаралық сарапшылар біздің елді бизнес жүргізуге қолайлы елдің қатарына қосып отыр. Бүкіләлемдік банктің «Doing Business-2014» рейтингі бойынша 50-орынға тұрақтады.
– Жыл аяғына дейін Дүниежүзілік сауда ұйымына мүше боламыз деп отырмыз. Әлемдік сауда ұйымының заңы қатал. Осыған байланысты экономикалық саясатымызда қандай өзгерістер болады?
– ДСҰ – сыртқы саясатымызға да, экономикалық саясатымызға да өзгерістер алып келері анық. Әрине, экономикалық саясатымыздағы басым бағыттар қайта қарастырылады. Қазақстандық бизнес өкілдерінің де жаңа саясатқа бейімделіп, етек-жеңді ықшамдай бастағаны дұрыс дер едім.
– Сыртқы саясаттың экономикалық блогы мен шетелдік қаржы институттары арасындағы байланыс туралы не айтасыз?
– Экономикалық байланыс және сауда Ұйымдарымен байланыс дұрыс. Қазақстан ЕО-ға мүше елдермен бірге, Орталық Азия елдері комитетінің жұмысына жетекшілік етіп келеді, сондай-ақ үш жылдық мерзімді қамтитын Бәсекеге қабілеттілік Бағдарламасы бойынша жұмыс тобында тең төраға.
– Халықаралық көрмелер бюросы мен ЭКСПО көрмесіне қатысушы елдердің алдында Cіз Қазақстанның атынан жауапты тұлғалардың бірісіз. Осы қызметке тағайындағаннан бастап атқарылған жұмыс пен болашаққа қойған жоспарларыңыз жөнінде айта кетсеңіз?
– «Астана – ЭКСПО-2017» біздің еліміз үшін ең маңызды жобалардың бірі. Сол бір тарихи жеңіске жеткен күннен бастап Астана қаласында біраз жұмыстардың басы қайырылды. Біз бүгін барлық қажетті ұйымдастырушылық құрылымды жасақтап біттік. Атап айтқанда, Премьер-министр Кәрім Мәсімовтің төрағалық етуімен ЭКСПО-ны дайындауға, өткізуге жауапты барлық мемлекеттік құрылымдардың басшыларының қатысуымен Ұлттық жоспар дайындалды, «Астана–ЭКСПО-2017» Ұлттық компаниясы құрылды, Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың Жарлығымен «ЭКСПО-2017» Комиссары бекітілді.
Қазір ел көлемінде баламалы қуат көздерін жаңғыртуға барлық қолайлы шарттар жасалған, Елбасымыздың Жарлығымен «Жасыл экономикаға» өтудің Консепциясы бекітілді.
2013 жылы желтоқсан айында Президент жарлығымен «ЭКСПО-2017» туралы Заңға қол қойылды. Көрмені ұйымдастыру бойынша шетелдік тәжірибені игеру мақсатында Шанхай, Йосу, Милан қалаларындағы ЭКСПО басшылығымен келіссөздер өткіздім. Павильондарды келіп көру – бұл қатысушылардың келу бағдарламасының тек бір бөлігі ғана. Қонақтар келген елдің тыныс-тіршілігімен танысып, ұлттық тағамдардың дәмін татып, салт-дәстүрі мен мәдени мұралары жөнінде терең біліп, табиғи саябақтар мен тарихи орындарды тамашалағылары келеді. «Астана – ЭКСПО-2017» жобасын ұйымдастыру біздің еліміздегі туризмнің даму тақырыбымен тікелей байланысты. Осыған орай, шетелдік қонақтар мен туристерді Қазақстанға тарту бойынша Германия, Ұлыбритания, Австрия, Италия, Латвия, Қытай, Корея, Гонконг және Макаоның мемлекеттік туристік құрылымдары мен қауымдастықтарының жетекшілерімен келелі кездесулер өткіздім.
ЭКСПО-2017 тек қана көрме емес. Біз ел экономикасының көшін алға сүйрейтін қуатты локомотивтер кешені болып табылатын тұтас кешеннің құрылысын бастаймыз. Астана ЭКСПО өткізетін ел ретінде бекер таңдалып алынған жоқ. Біздің знергетика мәселесін қозғауымыз да тегін емес, әрине. Өйткені шикізат көзінің түбінде бір түгесілетінін жақсы түсінеміз. Сондықтан да тұрақты энергияны, баламалы энергетиканы пайдалану және табиғи ресурстарды сақтау барлық энергетикалық саланы дамытудың басым бағытының бірі. «Болашақ энергиясы» – жел, күн, су, ғарыш баламалы энергетика, биомасса энергиясы, атмосфераға СО2 қалдықтарын төмендету мәселелерін терең қозғайтын өте ауқымды түсінік.
– Әлемнің алдыңғы қатарлы мемлекеттері ғылымдағы өзінің соңғы жаңалықтарын ұсынатын бұл халықаралық көрмені өткізу идеясы неден туындаған еді?
– Жасыратыны жоқ, бүгінде елімізде баламалы көздерден қуат алу мәселесі әлі де болса шешілмеген. Ал әлем дамудың жаңа, экологиялық тұрғыдан қауіпсіз жолдарын қажетсініп отыр. Міне, сондықтан да Қазақстан «Жасыл экономикаға» бет бұрды. Егер ЭКСПО-ны өткізудің сәті түссе, осы бір қордаланған мәселелер шешімін табады деп сенеміз. Миллиондарды толғандыратын болашақ энергиясы тақырыбын талқылау адамзат тарихындағы кең ауқымды пікірталастың бірі. Оны әлемдік қауымдастық та жете түсініп отыр. Астананың игі бастамасына көрші, бауырлас елдерді айтпағанда, дамыған Еуропа мемлекеттерінің көбісі қолдау білдіруде. «ЭКСПО-2017» жоғары деңдейде өтеді деген сенімдеміз.
Өйткені Елбасы аталған көрмені өткізуде алдымызға зор міндеттер қойып отыр.
– Әңгімеңізге рақмет!
Сұхбаттасқан Гүлбаршын АЙТЖАНБАЙ
Дереккөзі: aikyn.kz