EXPO-2017

Қарағандылық студенттер химия пәнінен республикалық олимпиаданың бас жүлдесін жеңіп алды

28.04.2014

6242

АСТАНА. ҚазАқпарат - Қазақ мемлекеттік қыздар педагогикалық университетінде ЖОО студенттері арасында химия пәнінен өткен VI республикалық пәндік олимпиада өз мәресіне жетіп, жеңімпаздары анықталды.
Студенттердің химия ғылымына деген танымдық қызығушылығын арттыру, ғылыми-зерттеу дағдысын дамыту, химиялық білімді насихаттау мақсатында өткен білім додасына еліміздің 14 облысы мен Астана, Алматы қалаларының ЖОО-нан әрқайсысы үш студенттен тұратын 15 команда қатысты.

Білім додасы екі кезеңнен тұрды. Бірінші турда студенттер химиядан есептер шығару бойынша сынға түссе, екінші турда түрлі эксперименттер жасап білімдерін сынады. Оларға химия саласының белгілі ғалымдары мен білікті мамандарынан құралған қазылар алқасы баға берді.

Олимпиада қорытындысы бойынша бас жүлдені Е.А.Бөкетов атындағы Қарағанды мемлекеттік университетінің командасы жеңіп алды. І орынға Қостанай мемлекеттік педагогикалық институтының студенттері ие болды. ІІ орынды Қыздар университеті мен М.Қозыбаев атындағы Солтүстік Қазақстан мемлекеттік университеті өзара бөлісті. Ал ІІІ орынға тігілген екі жүлде І.Жансүгіров атындағы Жетісу мемлекеттік университеті мен Ы.Алтынсарин атындағы Арқалық мемлекеттік педагогикалық институтынан келген командаларға бұйырды.

Бұдан өзге, ерекше белсенділігімен көзге түскен озық қатысушылар да марапатталды. Ондай марапатқа М.Өтемісов атындағы Батыс Қазақстан мемлекеттік университетінің студенті А.Б.Мырзабеков (1-орын), Қорқыт Ата атындағы Қызылорда мемлекеттік университетінің түлектері Ж.А.Асылбекова мен А.Ә.Ақберген (2-орын), Абай атындағы Қазақ Ұлттық педагогикалық университетінің студенті А.К.Тойлебай (3-орын), Павлодар мемлекеттік педагогикалық институтының студенті А.Еркінғалиқызы ие болды. Жеңімпаздар бағалы сыйлықтармен, арнайы дипломдармен марапатталады.

Дәстүр бойынша республикалық пәндік олимпиаданың эстафетасы І орын алған оқу орнына табысталды. Келесі жылы осындай сайысты Қостанай мемлекеттік педагогикалық институты өткізетін болады.

Дереккөзі: www.inform.kz

«« | »»
Соңғы жаңалықтар