EXPO-2017

Қазақтың көне есебін Қытайға бермедім

11.04.2014

7529

Советбай ЕЛУБАЕВ, педагогика ғылымдарының кандидаты, доцент

– Қазақ – ежелден көшпелі өмір­де оқу оқымаса да, табиғаттың тілін түсінген халық. Сіздің кіта­быңыздағы халықтың күнделікті өмірінен алынған «Қазақтың ежел­гі қара есептерінің» негізгі мәні не­де?

– Кеңес заманындағы «халық­тың екі-ақ пайызы сауатты еді. Қараңғы ел білімді басқадан үй­рен­ді» деген ұшқары ой маған шындап келгенде, үстірт айтыл­ған пікірдей болып көрінеді. Ата-бабаларымыз, әсіресе, матема­тика, астрономия, физика, жалпы жаратылыстануды жетік білген. «Қазақтың ежелгі қара есептерін» жазғанда есептерді ел ішінен ал­дым. Қазақтың байырғы өлшем­дері, бағалары, астарлап отырып жеткізетін ішкі есебінің жұмба­ғын шешуге, тұспалдап табуға екі­нің бірінің ой ұшқырлығы же­те бермейді. Байыптап байқа­ған­ға халық есебінде логика мен тәрбие астасып жатады. Осы кіта­бымды қытайлар сұрап кел­ген­де бермедім. Тіпті орысшаға аудара­мын деген кісі он беттен ары қарай аудара алмады. Себебі мұн­да қазақтың қаншама көне сөз­дерін, қазақы өлшем-бірліктерін, ма­қал-мәтелдерді, астарлап ай­тыл­ған пайымдарды орыс тілінде жет­кізе алмады.

Кітаптарым оқу орындарында, мектептерде пайдаланылады. Есеп­ті ел арасында көнекөз қарт­тардың айтуымен бізге жеткен деректерден аламын. Қаншама батырларымыз, билеріміз, ше­шен­деріміздің тапқырлығы таң­дай қақтырады. Мысалы, «Бөл­тірік шешен үшеуі» есебінде: «Түн ортасында бір атты адам ауыл шетіндегі үйге келіп, «Кім бар-ау, құдайы қонақпыз» депті. Бөлтірік шешен «Нешеусің?» десе, құдайы қонақ «үшеуміз» депті. Үшеу бол­саң, басқа үйге түс депті. Кетіп қалады. Ертеңіне білсе, ит ерткен, аттылы бір-ақ адам екен» (Жауа­бы: Бөлтірікке қонақтың үшеуміз дегені: өзіме бір аяқ ас, атыма бір бау шөп, итіме сүйемдей бір сүйек керек дегені екен). Астарлап сөй­леп, тұспалдап жеткізу деген – осы.


– Ғылымда «жаңалық» деп ресми мойындалмайынша, қазақта бар екендігі неге қаперге алынбай­ды?

– Ата-бабаларымыз аспан мен жердің арасындағы құпияны көшіп жүріп, қағазға түсірмесе де, ауызша айтып, мирас еткен. Мәселен, «шыбын жан» деген ұғым бар. Ғалымдар ғылымда адам жанының кейпі шыбындай ғана болатынын дәлелдеген. Оны қазақ әу бастан-ақ қалай білді? Адамның кеудесінен шыбын жаны цилиндр сияқты ұшып шы­ғады. Физикадағы «Энергия жоқ­тан пайда болмайды. Бардан жо­ға­лып кетпейді» деген тұжырым – қа­зақ­тың шыбын жаны. Айта бер­сек, өте көп. Павлодар облы­сын­дағы Кемер көлінің үстінде жүр­ген адам суға батпайды. Оның кереметтігі – судың құрамында. Шалқарда ойыншық тау бар. Төрт түлік, аң-құстар, жан-жа­нуар­лар табиғаттың таңғажайып құбылысымен ойыншық кейпін­де қатып тұр. Мұғалжарда тасқа арқардың ізі түсіп қалған. Демек, бір кездері таулар жұмсақ болған. Сол үшін қазақ жерінің керемет­тігін, кешегісі қалай болғанын өмір бойы зерттеп келемін.


– Математикамен қатар халық емін, этнографиясын зерттеп жүр­сіз. Есеп-қисап, ел-жер тарихына қатысты ел біле бермейтін дерек­терді кездестірдіңіз бе?

– Өнер-ғылым іздеп Омбы, Томск, Ташкент, Мәскеудегі көп­те­ген архивтерде болдым. Мем­лекет және қоғам қайраткері, математикадан тұңғыш қазақ профессоры Әлімхан Ермеков қазақтың шекарасын Ленинмен алты ай тайталасып жүріп, дәлел­деп, белгілеген. Тартып алынған жерлер бізге кері қайтарылған. Міржақып Дулатов «Есептану» деген кітап жазған. Биыл «Есеп­танудың» шыққанына – 100 жыл! «Есептанудан» «Шаруаның бес қойы бар еді. Полиция үш қойын тартып әкетсе, не болады?» деген есепті оқыдым. Ахмет Бай­тұр­сынұлының математикадан үш том кітап жазғанын осы уақытқа дейін көпшілік білмейді.Тек тілші-ғалым деп таниды.


– Қазіргі ақпараттық заманда, әсіресе, қазақ балаларының логи­ка­сын дамыту үшін не істеу керек?

– Балалардың логикасын дамыту – шындығында, үлкен мәселе. Қазіргі талап бойынша айтсақ, әркім өз күнін өзі көруі керек. Күн көру үшін істелетін әрекеттің сыр-сипатын зерттей­сің. Жұмыстан нәтиже алу үшін бір нәрсе себепкер болуы керек. Мектепте оқып жүргенде балалар жаппай кітапханаға бардық. Опыр-топыр кезекте кітапха­нашы қолыма бір кітапты ұстата салды. Сөйтсем, ол Сталиннің ешкім бетін ашпаған қазақша кітабы екен. Төртінші сыныптың баласымын ғой, не оқығаным есім­де жоқ. Бірақ Сталиннің «Жа­лыннан өрт қаулайды» деген сыңайдағы үлкен арман кіш­кен­тайдан басталатыны туралы айт­қан сөзі санамда қалып қойыпты. Сол сияқты баланы кішкентайы­нан баулу керек. Бірақ елдің бәрі­не есеп шығарту арқылы мате­матиканы жаппай дамытамыз десек, тағы қателесеміз. Өйткені өмір ғой. Себебі елдің бәрі мате­матик емес. Бірақ математик еместердің ішінде ойы жүйріктері жеткілікті. Негізі, ойдың мықты­лығы ата қаннан тарайды. Қазақ­тың жеті атасының мықтылы­ғының мәні сонда. Осы қа­ра­пайым нәрсе сияқты болып қана көрінеді. Қан араласпау керек. Қазір қыздарымыз шетел­діктерге тұрмысқа шығып жатыр. Демек, ойды дамытатын нәрсе – атадан балаға берілетін таза қан. Қазақтың жеті атасын, жатқа қыз бермеу қағидасын сақтасақ, бізден мықты халық болмайды.


– Қазіргі компьютер заманында балалардың техникаға тәуелділігі ойлау еркіндігін шектеп, ой-өрісі­нің дамуына кері әсер етіп жатыр емес пе?

– Бала кішкентайынан таби­ғат­қа жақын, етене таныс болып өсуі керек. Бізді бала кезден еңбекке үйретті. Жеті атамызға дейін қолөнер шебері. Бес жа­сым­да саз балшықтан кірпіш те құйдым. Ойын баласының кірпіш құюы – ойлағанға үлкен жұмыс. Үйіміз Ақтөбе облысы Шалқар ауданы Ақтүбекте болды. Жазғы­тұрым қамыстан сыпырғы жасап береді. Оны сапы деп атайды. Шалқарға апарып сатып, нан мен қант алып қайтамыз. Жантаққа теліп қарбыз ектік. Жантақтың тамыры 30 метрге тереңдікке же­теді. Қарбызды суарып қажеті жоқ. Жантаққа телісе болды. Бала болып балшық ойнау, одан түрлі жануарлар жасау баланы кішкен­тайдан қолөнерге, шеберлікке баулиды. Баланың логикасын да­мы­татын бірден-бір нәрсе – қол еңбегі. Яғни практика.


– Қазір балаларға арналған түрлі-түсті журналдар көп-ақ. Бірақ танымдық мазмұнынан гөрі конфет-печенье, фанта-коланың жарнамасы басым. Сөзжұмбақ, ре­бустарды да сирек көреміз. Бала­ларды есепке қалай қызықтыруға болады?

– Бізді баулыған, әсер еткен – мұғалімдеріміз. Ырғызда Ыбы­рай Алтынсариннің оқушысы Медресенің Емберген деген бала­сы болды. Ембергенмен көрші тұрдық. Бір мектепте оқыдық. Сол кісі маған «кітапханадан «Қызықты физиканы» алып оқы» деді. Кітаптағы тапсырмаларды үйде орындап көрдім. Мысалы, бокалға суды толтырып, 200 түйреуішті жаймен салсаң, су төгілмейді. Менде 200 түйреуіш болған жоқ. Оның орнына 200 шеге салдым. Көкейімде «Су неге төгілмейді?» деген сұрақ болды. Соны іздеп, басым қатты. Қағаз кастрюльге ет пісіруге болады. Қағаз жанбайды, ет піседі. «Күй­мейтін инеде» инені жіпке орап, астына от жағасың, мен майшам жақтым. Ине ысиды. Жіп күй­мейді. Бір күні бұзау айдап келе жатыр едім. Бір торғай жыланға арбалып шырылдап тұрып, топ етіп жыланның аузына түсті. Бала кезде қатты есімде қалғаны ауыл­да иықта отыратын әтеш болат­ын. Тапқыр әтеш не айтсаң да, орындайтын. «Әтешке айтқа­ныңды қалай істетуге болады? Тарелкеге тірі адамның басын қалай салып қоюға болады?» де­гендерді бала кезде күні-түні ойланатынмын. Осындай бала кезде көрген қызықтар мені математикаға алып келді. Студент кезімде бөтелкені сарқып құйсаң, 200 тамшы қалады дегенге бәсте­сіп, жеңіліп қалдым. Есейе келе екі шырпымен бөтелкені іліп қоюға, жұмыртқаны пышақтың жүзіне тұрғызуға болатынына кө­зім жетті. Жастайынан қызығу­шы­лығын оятып, баулыса, балаға бәрін үйретуге болады. Балаларға арналған «Ерке» журналын шыға­рамын. Халық есептерін тұрақты жазып тұрамын.


– Есептердің сиқырмен байла­нысы бар ма?

– Мұның бәрін ойдан шыға­рып жатқан жоқпын. Осының құпиясын білетін адамдардан үйренемін. Үстіне пышақ тастаса, кеспейтін, мұрнына шеге қақса да, сабақтаулы ине-жіпті құлақ-мұрнынан өткізсе де, ұсақ әйнек­тің үстіне жатса да ештеңе бол­май­тындарды көп көрдім. Те­мір-терсекті денесіне жапсы­рып, ұстап тұра алатындар да бар. Адам табиғатының сыры шексіз. Оңтүстік Қазақстан облысында математиктердің жүз жыл шығара алмаған есебін шығарған 85-ке келген қария тұрады. Өзі спортшы болмаса да, чемпиондар тәрбие­леген. Қазақтың ою-өрнегін ең алғаш рет жиһаздарға ойып салған еңбегі Санкт-Петербордың мұражайында тұр. Сондықтан халық арасындағы таланттарды табу керек.


– Физика-математика сала­сын­да көбінесе ұл балалар оқиды. Қыздар педагогикалық университе­тінде сабақ бересіз. Ұл мен қызды салыстырғанда, қайсысы логикаға мықты?

– Жалпы, зерттеу бойынша, қыздар жүйрік. Қыздардың ал­ғыр­­лары көп. Аты аңызға айнал­ған Ескендір Зұлқарнайын Қазақ­станға көшпелі болып жүріп ша­буыл жасаған. Бірде түс мез­гілінде Ескендір қалың қолымен демалып жатқанда, қазақтың Аппақ деген қайсар қызы Ескен­дірдің қонысын шауып кеткен. Зұлқарнайынға уәзірлері «жалғыз қыз келіп, шауып кетті» дейді. Жендеттер қызды патшаға ұстап әкеледі. Ескендір Аппаққа: «Елің үшін туған сен де батыр қыз екенсің! Мен де батырмын! Маған тұрмысқа шық!» дейді. Аппақ: «Халық екі жарылып тұрады. Бір жағында сенің, екінші жақта менің елім тұрады. Маған ақ жібектен 108 желбіршекті қос етек көйлек тіктіресің. Етегінің бір жағын сенің, бір жағын менің елімнің қыздары көтеріп жүреді. Осыған келіссең, саған тұрмысқа шығамын» деп шарт қояды. Ап­пақ неге 108 желбіршекті қос етек көйлек тіктірді? Осының астарын іздедім. Киіз үй керегесінің қию­ласып, біріккен жерін «көк» деп атайды. Керегелер айқасып келе-келе қысқарып, сағанаққа тіре­леді. Сағанақ – керегенің қысқар­ған жоғарғы бөлігі. Сөйтсем, 108 деген сағанақтың саны екен. Қазақта «Сағанағы сарқ, қағанағы қарқ» деген содан қалған. Аппақ Ескендірге «сағанақпен қазақтың шаңырағын көтересің» деп талабын астарлап жеткізген екен. Бір жұмбақ-есептің астарында тұтас бір тағдыр тарихы жатыр. Қай заманда да есепке жүйрік ел есесін жібермесі анық.

– Әңгімеңізге рақмет!

Источник: www.aikyn.kz

«« | »»
Соңғы жаңалықтар