EXPO-2017

Әзербайжан, Грузия мен Армения ЭКСПО-2017 көрмесіне қатысатындығын растады

10.10.2014

8579

Осы аптаның алғашқы күндерінен бастап бүгінгі күнге дейін ЭКСПО-2017 Комиссары – ҚР Сыртқы істер министрінің бірінші орынбасары Рәпіл Жошыбаев бастаған қазақстандық делегация Кавказ елдерін жұмыс сапарымен аралады, - деп хабарлайды Сыртқы істер министрлігінің баспасөз қызметі.
6 қазанда Армения Сыртқы істер министрі Э.Налбандянмен және Экономика министрі К.Чшмаритянмен кездесулер өтіп, Арменияның ЭКСПО-2017 көрмесіне қатысу, сондай-ақ екіжақты мәдени-гуманитарлық, сауда-экономикалық және парламентаралық ынтымақтастықты жандандыру мәселелері талқыланды. Атап айтқанда, Р.Жошыбаев Арменияның ЭКСПО көрмелеріне белсенді қатысатындығын ескеріп, Астанадағы көрме баламалы энергия көздері саласындағы Арменияның ғылыми әлеуетін таныстыруға мүмкіндік беретіндігін мәлімдеді. Сапар қорытындысы бойынша «Астана ЭКСПО-2017 ҰК» АҚ мен Армения туристтік операторлары ассоциациясы арасында ынтымақтастық меморандумына қол қойылды.
Тбилиси қаласында ЭКСПО-2017 Комиссары Грузия Президенті Г.Маргвелашвилимен, Вице-Премьер – Экономика және тұрақты даму министрі Г.Квирикашвлимен және Сыртқы істер министрі М.Панджикидземен кездесті. Президентпен кездесу барысында Комиссар Қазақстан Президенті атынан ЭКСПО-2017 көрмесіне шақыру хатын табыс етті. Г.Маргвелашвили өз кезегінде қазақстандық тарапқа алғысын білдіріп, Грузия Қазақстандағы көрмеге белсенді атсалысатынын хабарлады. Сонымен қатар, Грузияның бірқатар мемлекеттік орган басшыларымен болған кездесулер барысында Қазақстанның Грузиядағы инвестициялық жобалары, екі елдің Үкіметаралық комиссиясының әрекетін жандандыру және туризм саласындағы ынтымақтастық мәселелеріне назар аударылды.
Кездесулер қорытындысы бойынша «Астана ЭКСПО-2017 ҰК» АҚ мен Грузия туристтік операторлары ассоциациясы арасында ынтымақтастық меморандумына қол қойылды. Әзербайжанда Президент Әкімшілігі Басшысының орынбасары Н.Мамедовпен, Энергетика министрі Н.Әлиевпен және Мәдениет министрі А.Гараевпен кездесулер өтті. Кездесулер барысында Әзербайжанның ЭКСПО-2017 көрмесіне қатысуы жөніндегі Қазақстан мен Әзербайжанның тиісті профильді органдары арасындағы өзара іс-қимыл, экономиканың технологиялық, құрылыс, энергетикалық, оның ішінде баламалы энергетика салаларында қызмет атқаратын корпоративті қатысушыларын жұмылдыру мәселелері талқыланды. Мәдениет және туризм министрлігіндегі кездесуден кейін «Астана ЭКСПО-2017 ҰК» АҚ мен Әзербайжанның туризм индустриясы ассоциациясы арасында ынтымақтастық меморандумына қол қойылды.
Сапардың маңызды қорытындысы ретінде Әзербайжан, Грузия және Арменияның Астанадағы ЭКСПО-2017 көрмесіне қатысуын растағандығын атап өтуге болады. Бүгін қазақстандық делегация сапарын жалғастыру мақсатымен Түрікменстанға аттанады деп жоспарланған.

Дереккөзі: baq.kz

«« | »»
Соңғы жаңалықтар