EXPO-2017

Қорқыт Ата университеті ресейлік Тимирязев университетімен ынтымақтастық келісімшартқа қол қойды

07.10.2014

7366

Мәскеу қаласында К.А.Тимирязев атындағы Ресей мемлекеттік аграрлық университетінде Қорқыт Ата атындағы Қызылорда мемлекеттік университеті мен К.А.Тимирязев атындағы Ресей мемлекеттік аграрлық университеті арасында өзара ынтымақтастық туралы келісімшартқа қол қойылды. Бұл туралы университеттің баспасөз қызметі хабарлады.

Жиынға инновациялық даму жөніндегі проректор Козлов Д.В, оқу ісі жөніндегі проректор Сторчевой В.Ф., университеттің бас ғылыми хатшысы Овчинников А.В., проректордың халықаралық байланыстар жөніндегі орынбасары Прохоров И.С., факультет деканы Юлдашбаев Ю.А. және осы оқу орнында білім алып жатқан Қазақстандық студенттер мен магистранттар қатысты.

Қорқыт Ата атындағы Қызылорда мемлекеттік университетінің ректоры, техника ғылымдарының докторы, профессор Қылышбай Бисенов өз сөзінде Ресейдің аграрлық салада білікті мамандар даярлайтын жоғары оқу орындарымен әріптестік байланыс орнағанына 30 жылға жуық уақыт болғандығын атап өтті.

Екі оқу орны арасындағы келісімді одан әрі нығайтудың мақсаты - академиялық ұтқырлық бағдарламасы аясында оқытушы-профессорлар мен студенттердің алмасуын және қос диплом бағдарламасын жүзеге асыру, оқытушылар біліктілігін арттыру, халықаралық жобаларға, конференциялар мен семинарларға қатысу, магистрлер мен ғылым докторларын дайындау болып табылады.

К.А.Тимирязев атындағы Ресей мемлекеттік аграрлық университеті - өзінің түлектері арқылы әлемге танылған жоғары оқу орындарының бірі. Университет түлектері Ресеймен қатар алыс-жақын шетелдерде экономиканың түрлі салаларында табысты еңбек етіп жүр.

Қазіргі уақытта В.П.Горячкин атындағы Мәскеу мемлекеттік агроинженерлік университеті мен Мәскеу мемлекеттік табиғат үйлестіру университетін біріктіре отырып, К.А.Тимирязев Ресей мемлекеттік аграрлық университеті аграрлық білім жүйесінің жетекші оқу-әдістемелік, ғылыми-зерттеушілік орталықтарының біріне айналып, онда озық ғылыми жүйелер шоғырланған. Осы арқылы аграрлық салада бәсекеге қабілетті мамандар даярлап келеді.

Бүгінде Қорқыт Ата атындағы Қызылорда мемлекеттік университетінде К.А.Тимирязев атындағы Ресей мемлекеттік аграрлық университетінде түрлі мамандықтар бойынша магистратура, аспирантурада білім алған 15 маман табысты еңбек етуде.

Сапар барысында университет ректоры Қылышбай Бисенов «АӨК басқару Жоғарғы мектебі» үздіксіз кәсіби және қосымша білім беру институтында, зоотехния және биология факультеті мен ат-спорттық манежде, Агробизнес жоғарғы мектебінде (МВА) болып, ондағы озық технологиялармен танысты.

Автор: Елубай Әуезов

Дереккөзі: inform.kz

«« | »»
Соңғы жаңалықтар