Өзектi

Қоңыр Мандоки әлемнің қай түкпіріне барса да бүкіл түркі жұртына ортақ рухани қазына терумен айналысты - О. Мандоки

15.09.2015

5488

Мажарстандық түркітанушы ғалым, қоғам қайраткері Иштван Қоңыр Мандоки барлық саналы ғұмырын мажар және күллі түркі халықтарының қандас, туыс жұрттар екендігін дәлелдеуге арнаған ғалым.
Ол өз еңбектерінде түркі халықтарының салт-дәстүрін, мәдениетін, ұлттық ділін зерттеп, тың жаңалықтар ашқан. Міне сол Қоңыр ағамыздың жары, Венгриядан Астанаға жолы түскен Оңайша Мақсұмқызымен сұхбаттасудың сәті түсті.

- Қоңыр ағамыз қазақ пен мажар халықтарының түп тамыры егіз, қандас бауырлар екенін тарихи дәйектермен дәлелдеу жолында өнімді еңбек еткен ғалым. Ағамыздың есіміндегі «Қоңыр» деген атаудың өзі қазақ халқының жанына жақын тартып айтатын қастерлі сөздерінің бірі. Жалпы Қоңыр Мандокидің түркітанушы ғалым болуына не әсер етті деп ойлайсыз?

- Қоңыр Иштван Мандоки 1944 жылы Мажарстандағы екі үлкен өзен - Дунай мен Тисса арасындағы Кішіқұман (Киш­кун­шаг) өңірінде дүниеге келген. Ол әкесінің «Сенің тегің қыпшақ, тамырың ұлы Далада. Қолың жетсе, шығыстағы арман болған ұлы Далаға бар» деген соңғы өсиетін жадында мықты ұстайды. Сол бала күнінен, 10 жасынан бастап түркі әлемінің сырына үңілуге қызғушылығы оянған. Туған жері Қарсақ қаласының маңындағы Кеңес одағының әскери базаларында тұратын қазақ, қырғыз, татар ұлтының азаматтарына кезегіп, солардан тіл үйрене бастайды. Ол 1963 жылы Өтвөш Лоранд атындағы Будапешт мемлекеттік университетінің филология-философия факультетінің түркология бөліміне оқуға түседі. Осылайша ғылым жолына өзін арнады. Оның бойындағы қыпшақ қаны түркология ғылымын зерттеуге қызықтырды деп ойлаймын.

- Қоңыр ағамыздың келте ғұмырында жарық көрмеген біраз қолжазбалары қалыпты. Сол уақыттарда алдағы күндерде қандай еңбектер жазам деп ниеттеніп отырған еді?

- Ол кісіні АҚШ, Түркия тағы да басқа көптеген елдер студенттерге дәріс оқуға шақыратын. Бірақ ол қазақ даласында өмір сүруді қалайтын. Осы сайын далада қазақтардың ортасында, киіз үйде, қымыз ішіп отырып, өзінің жиған-терген ғылыми дүниелерінің басын біріктіріп, үлкен еңбек жазсам деп армандайтын. Барлық ізденстерінің нәтижесін көремін деп отырған жасында, ілім, білімі кемелденген шағында өмірден ерте өтіп кете берді. Дәл сол уақыттарда Қырғызстан шақырған еді. Сол араға барып жазамын деп құлшынып отырған болатын.

- Қоңыр Мандокидің соңында бай кітапханасы қалғанын білеміз. Бұл рухани мол қазынаны қалай жиды?

- Жаңа айтқанымдай, Қазақ топырағына келіп қоныстану ең үлкен арманы еді. Сонымен бірге ол, рухани байлығым кітапханамды Қазақстанға көшіріп әкелсем, өлсем қазақ топырағына жерленсем дейтін армандары болды. Қайтыс болғанда сол өз өсиеті бойынша қазақ топырағында, Алматы іргесіндегі Кеңсай зиратында жерленді. Ал, былтырғы жылы 16 мың кітабы мен қолжазбаларынан тұратын бай рухани мұрасын Халықаралық Түркі академиясына салтанатты түрде өткізіп бердік. Ол бұл кітаптарды өмір бойы тірнектеп жиып келді. Әлемнің қай түкпіріне барса да алдымен өзіне қажетті, бүкіл түркі жұртына ортақ рухани қазына терумен айналысты.

- Түркі халықтарының өткен тарихының тереңіне бойлау үшін, әлемнің әр жерінде сақталған құнды деректерді зерделеу қажет болатыны белгілі. Ол деректерді түпнұсқада түсініп оқу үшін көп тілді білу аса маңызды. Міне сондай өз ісіне шын берілген ғалым ағамыз көптеген тілдерді еркін меңгерген деп естиміз...

- Қазақ тілін білген адам басқа барлық түркі халықтарының тілін үйрену қиын емес, дейтін ағаң. Ол барлық түркі халықтарының тілін білумен бірге ағылшын, француз, орыс, моңғол тілдерін меңгерген. Тіл үйренуге деген тума таланты, ерекше дарыны болды. Сондықтан да әлемнің қай кітапханасына барса да еркін кіріп, еңбектенетін.

- Биылғы жылы қазақ мемлекеті Қазақ хандығының 550 жылдығын тойлап жатыр. Сізді бұл дүбірлі той қандай әсерге бөледі?

- Өз ұлтым үшін атаулы мерекенің маңызы айырықша екенін білем. Сонымен бірге түбі бір түркінің мүддесін бір арнаға тоғыстыру жолында өткізіліп отырған түркі халықтары ынтымақтастық кеңесінің Қазақ хандығының 550 жылдығын тойлаумен тұспа-тұс келгені де кездейсоқ емес. Бұл қазақ жерінің барлық түркі халықтарын кіндігінен таратқан, қара шаңырақ болғандығын әйгілеп тұрғандай әсерге бөледі. Сондықтан болар, осы тойға қатысқан туысқан басқа ұлттард а Қазақ хандығының 550 жылдығын өз мерекелеріндей қуана құттықтап жатты. Бұл той қазақты ғана емес, түркі жұртының да еңсесін биіктетіп, санасын сілкінтті. Түркі кеңесінің жиынын ашқан Нұрсұлтан Назарбаев бауырлас елдердің құндылықтарынан бастап, қазіргі геосаяси, экономикалық ахуалды тілге тиек етті. Осылай түркі халықтарының бір арнада бірігіп, ортақ тілекпен қауышып жатуын көру Қоңырдың да арманы болатын.

- Ағамыз шығармашылығына байланысты қазақ ғалымдарынан кімдермен жиі араласып тұрды?

- Сол тұстағы мәдениет саласына жауапты басшы Өзбекәлі Жәнібеков Қоңырмен жақын араласып тұрды. Белгілі тарихшы, жазушы ағаларымыз Әбдуәли Қайдаров, Олжас Сүлейменов, Ақселеу Сейдімбек, Болат Көмеков, Рабиға Сыздықова, Мұрат Әуезов, Марат Сембин қатарлы көптеген адамдармен жақсы араласты.

- Ендігі әңгімемізді әйгілі ғалым Иштван Қоңыр Мандокидің өз шаңырағына қарай бұрсақ. Сіздің тағдырыңыз ғалым ағамызбен қалай тоғысты?

- Қоңыр Қазақстанға келген бір сапарында таныстарына өзінің қазақ қызына үйленгісі келетінін айтады. Ол нағыз түркінің мұрагері, қарашаңырақта отырған қазақтар деп білетін. Болашақ ұрпағым қыпшақ болып қалсын, қан алмастырайын деген ойы болды. Сол тұстарда қазақ тілінің ақсап тұрған уақыты ғой, таныстырған қыздардың көбі қазақ тілін білмегендіктен, көңілінен шықпапты. Мен онымен алғаш 1978 жылы құрбымның тұрмысқа шығу тойында таныстым. Тойдың алдында ғана Алматыда үлкен ғылыми конференция өткен еді. Сол жиынға қатысқан ғалымдар Қоңырды осы тойға да қонақ ретінде шақырыпты. Ол кезде мен Педагогикалық ғылымдардың ғылыми-зерттеу институтында жұмыс істеймін. Жоғарғы оқу орнын бітіріп, ғылым жолына жаңадан түскенмін, жасым жиырма алтыға келіп қалған. Сол тойда Қоңыр ағаң менің қасыма келіп:

- Сіз мына халықтан басқаша көрінесіз. Кіші жүз, Адай емессіз бе?- деп сұрады.

- Кіші жүзбін. Оны қайдан білдіңіз?

- Қылығыңыздан, жүріс-тұрысыңыздан, сөзіңізден көрініп тұр.

Мен таңғалып қалдым. Өзі шетелден келіп тұрып, қазақтың жүздерін, руларын қайдан біледі деп ойладым. Сөйтіп, кездесіп жүріп, бір жыл өткеннен кейін Қоңыр ағаңа тұрмысқа шықтым. Шетелдік азаматтың Кеңес азаматшасына үйлену үшін рұқсат қағаздарды алудың өзі үлкен қиындыққа түсті. Бұл кедергіден Олжас Сүлейменовтің көмегінің арқасында өттік. Ол кісі мемлекеттік қауіпсіздік комитетіне бар жауапкершілікті өз мойнына алатынын айтып сенімхат жазып жүріп рұқсат алып берді. Мен Венгрияға, Еуропа жеріне келін болып барғаннан кейін түп тамырын түркілерден тарататын мажарлықтар ерекше ыстық ықыласпен қабылдады. Бейне бір арғы аталарының бір әулеті еуропаға көшіп келгендей қуанды. Менің, анамнан үйренген қазақ ұлтының қолөнер бұйымдарын жасай алатындығымды көріп, тіптен, таңғалып, құрметтеді. Бұл бақытты күндеріміз 1992 жылы Қоңырдың тосын қазасынан кейін келмеске кетті. Әкесі қайтыс болғаннан кейін көп өтпей, іште қалған ұлымыз дүниеге келді. Алла өзін алып, ұлын берді. Осылайша Қоңыр өз шаңырағына ие болатын, бір тұяғын маған аманаттап кетті. Қоңыр ұлым туса, есімін Атлан қоямын дейтін. Сол айтуы бойынша ұлының есімін Атлан деп қойдық. Бұл сөз Қоңырдың бабаларының жауға шапқанда «Аттан» деп шақыратын ұраны болған екен.


Сұхбаттасқан: Бақытжол Кәкеш

Дереккөзі: inform.kz

«« | »»
Соңғы жаңалықтар