Өзектi

Елімізде патологоанатомдарды дайындау деңгейі тым төмен

04.06.2014

9865

Жауғашты АХМЕТОВ, Асфендияров атындағы Қазақ ұлттық медицина университетінің патологиялық анатомия кафедрасының профессоры, жоғары санатты дәрігер-патологоанатом:
– Сіз 48 жылдан бері патологиялық ана­томия саласында жемісті жұмыс істеп келе жатқан білгір мамансыз, 10 жыл бойы Алматы Денсаулық сақтау департаментінің бас маманы бол­ды­ңыз. Қазақстандағы медици­на­лық оқу орындарының студенттері сіз жазған «Патологиялық анатомия» оқулы­ғы­мен оқып келе жатқанын да айта кет­кен жөн. Осы орайда әуелі оқыр­ман­дарға патологиялық анато­мия секілді құпиясы түпсіз ғылым ту­ралы түсін­діре кетсеңіз орынды болар еді. Мә­се­лен, биопсия адам өмірі үшін қанша­лықты маңызды?

– Биопсиялық зерттеулердің ма­ңызы ауруды, әсіресе, қатерлі ісіктерді өз мерзімінде анықтауға қатысты. Ауруды анықтау үшін алдымен биопсия жасалады. Биопсия – сырқаттың ағ­засынан алынатын кесінді материал. Әсіресе, қатерлі ісікті анықтауда тап­тырмас амал әрі ең бірегейі. Мысалы, асқазанның қатерлі ісігі бірінші саты­сында анықталса, аурудың 95 пайызы толығымен жазылып кетеді (Жапония ғалымдарының деректері), ал егер ауру 2-3 сатыға жеткен болса, бұл көрсеткіш 50 пайызға дейін төмендейді. Эндо­ско­пист мамандар көлемі 0,2-0,5 см ошақ­тарды тауып бізге жібереді, ол қатерлі ісік пе немесе қатерсіз өзгерістер ме, оны тек патологоанатом анықтайды.

– Яғни ауру диагнозын дәл анық­тауда аса маңызды биопсиялық зерт­теулер міндетті түрде керек дейсіз ғой?

– Әрине. Биопсия тірі адамнан ма­териал алып, ауру диагнозын дұрыс жә­не өз мерзімінде қою үшін қажет. Биоп­сияның түрлері де, алыну жолдары да өте көп. Мысалы, операция жасалып жат­­қан кезде алынып жіберілетін биоп­сияны – цитобиопсия деп атайды (ци­то – тез, жедел деген сөз). Патологоанатом 15-20 минут ішінде ауру диагнозын анықтап беру керек, себебі ауру наркоз жағ­дайында жатады. Аурудың арғы тағ­дыры, жасалатын операцияның көлемі осы диагнозға байланысты. Мы­салы, сүт безіне операция жасағанда мам­молог дәрігерлер цитобиопсия жауа­бын күтеді. Операция кезінде алын­ған кез келген материал патана­томия бө­ліміне жіберіледі, сол жерде материал жан-жақты қаралып, әрі қа­рай ла­бо­раториялық зерттеуге бағыт­талады. 3-4 тәуліктен кейін биопсияны патоло­гоанатом дәрігер микроскопта қарап, патологиялық үдерістердің нақ­ты, гистологиялық диагнозы қойылады. Қазіргі таңда ағзалардан арнайы ас­паптармен алынатын эндоскопиялық биопсиялардың саны жыл сайын ар­туда. Жиі зерттелетін биопсиялар өңеш­тен, асқазаннан, ішектерден, бронхтардан алынатын биопсиялар.

– Елімізде әйелдер арасында бі­рін­ші орында сүт безінің қатерлі ісігі тұр екен. Ондай жағдайда дәрі­гер­лер­дің бірден ота жасауға көшуі дұрыс па?

– Дәрігерлер қателік жібермес үшін әуелі ағзадан материал алып, биоп­сия арқылы анықтауы тиіс. Пато­ло­гоанатомның қорытынды шешімін­-сіз хирургтар нақты шешім шығара ал­майды. Анық-қанығына көз жеткіз­бей, «ісік» деп ота жасап жіберген жағ­дайда, сотқа беруге әбден болады.

Биопсиялық зерттеулердің гинеко­логиялық аурулар диагнозын қоюда да маңызы зор. Бұрын тек жатыр қырын­дысын ғана зерттейтін болсақ, қазір гистерскопиялық әдіспен алынған кли­никалық материалдарды да жиі қарай­мыз. Гинекологиялық операциялар кезінде жиі-жиі цитобиопсиялар да алынады. Көп жағдайларда аурулар жатырдан қан кету белгілерімен келеді. Оның себептері өте көп: қабыну, жүк­тілік, гормондар тепе-теңдігінің бұзы­луы, қағанақ тығыны (пузырный занос), хорион-эпителиома және де басқа ісік­тер. Гистологиялық зерттеулер осы па­тологиялық жағдайларды бір-бірінен ажыратып, ауруды дұрыс емдеу үшін аса қажет.

Гинекологиялық патологияны, әсі­ресе, қатерлі ісіктерді бір-бірінен ажы­рату оңай шаруа емес. Мен өз практи­кам­нан бір мысал келтірейін. 27 жас­тағы әйел жыныс ағзаларынан қан кету белгілерімен ауруханаға түсіп, қан ағу­ды тоқтату үшін жатырдан қырынды алынады. Сол материалды бөлім мең­герушісі З. (мед ғылым кандидаты), бел­гілі патологанатом-доцент және ка­федра меңгерушісі-профессор көріп: жатырдың мезодермалды ісігі деген диагноз қойған, сол материалды мен көріп бұл жерде ешқандай қатерлі ісік жоқ, биопсияда тек жүктілік қал­дық­тары бар дедім. Осылайша, келіспеу­ші­лік болғандықтан, жаңағы әйелді бір ай­дан соң қайта шақырып диагнос­ти­калық қырынды алдық, ол материалда ешқандай ісік жоқ екендігі анықталды, сөйтіп, бір жас әйелдің өмірі сақталып қалды. Мұндай жағдайлар менің прак­тикамда талай болған. Мысалы, қалалық клиникаға 45 жастағы ер кісі асқазан­нан қан кетіп түседі. Операция кезінде хирургтар асқазандағы өзгерістерді қатерлі ісік деп бағалап, асқазанның 2/3 бөлігін кесіп алып тастаған. Гисто­логиялық зерттеуден кейін асқазанда қатерлі ісік емес, мерездік қабыну (сифилис) бар екендігі анықталды. Егер ол ауру әрі қарай асқазанның қатерлі ісігі деп емделсе, өміріне қауіп төнер еді. Диагнозы анықталғаннан кейін ауру арнайы емге жіберілді. Басқа ма­мандардың пікіріне қосыла салмай, өз диагнозыңды дәлелдеп шығу, әркімнің маңдайына жазылмаған.

– Біз патологанатом дәрігерлерге се­неміз, бірақ олардың қателіктерге ұрынатын кездері жиі бола ма?

– Әр жылы Алматыда 300 мыңнан астам биопсиялық зерттеулер жүргі­зі­леді. Биопсия саны артқан сайын, по­то­логоанатомдар тарапынан жібері­летін қателіктер саны да көбеюде, бұл – аурудың тағдыры үшін өте қауіпті жағ­дай. Қатерлі ісік деп дұрыс диагноз қой­ылмаса, керексіз операциялар жа­са­лып немесе қажетсіз химиотера­пия­лық емдер жүргізіліп, ауру өміріне қауіп төнуі мүмкін. Алматы сынды алып мегаполисте биопсияларды анық ажы­рата алатын маман-патологоанатомдар саны саусақпен санарлық екендігі қын­жылтады.

– Басқа аймақтарда бұл мәселеде жағ­дай қалай екен?

– Басқа аймақтарда да бұл шешімін таппаған мәселе десек, артық айт­қан­дық емес. 2012 жылы Астанадағы үкі­меттік емханада қаралып жүрген, Мә­жіліс депутаты, банк жүйесінің белгілі маманы Б. деген кісі біздің бұрыннан таныстығымызды пайдаланып, өз биоп­сиясын алып келді. Астанада «Қуықасты безінің қатерлі ісігі» деген диагноз қойып, химиотерапияны бастап жі­берген екен. Мен көріп, бұл жерде қа­терлі ісік жоқ, бірақ ол күмәнді сейілту үшін, осы жерде операция жасатыңыз дедім. Операцияда алынған материалда қуықасты безінің қатерсіз ісігі (аде­но­ма) анықталды. Сол кезде ол кісінің қуа­нып, секіргенін көрсеңіз. Бүгін ол кісінің дені сау, бір үлкен мекеменің бастығы болып жұмыс істеп жатыр.

2013 жылы Қарағанды облон­кодис­пансерінде 12 жастағы балаға жамбас сүйегінің хондросаркомасы (қатерлі ісік) деп диагноз қойған. Мен диагноз дұрыс еместігін айтып, баланы рес­пуб­ликалық онкологиялық институтқа жатқыздым. Осы жерде жамбасына операция жасалды, диагнозы: алыпжа­сушалы ісік (қатерсіз ісік). Бүгінде Мұ­хаммедали 14-те, дені сау жүгіріп жүр. Осы екі жағдайда да патологоанатомдар қателік жіберіп отыр, сол қойылған диаг­ноздармен химиотерапия алғанда, бүгін олардың жағдайы қалай болатыны белгілі.

– Енді не істеу керек, патолого­ана­томдар біліктілігін қалай көтереміз?

– Егер дұрыс диагноз қоюға патоло­гоанатомдардың білімі жетпей жатса, бұл – медицина үшін аса қауіпті жағ­дай. Оның нәтижесі қалай болуы мүм­кін екендігін мына мысалдардан кө­-руге болады. 2012 жылы Асфендияров атындағы ұлттық медицина универ­ситетінің бір студентінің биопсиясын қарадым. Қалаға белгілі патологоана­том-маман қарап: «меланома кожи головы, 2-3-стадия по Кларку» деп диаг­ноз койыпты. Меланома – өте қатерлі, тез метастаз беретін ісік. Студенттің жасы 20-да, төбесіне қарайып өскен ісік бол­ған. Сол ісікке «Шпиц невусы» (қа­терсіз ісік) деп диагноз қойып, ата-ана­сына, Алматыдағы басқа мамандар дау­ласып жүрмесін деп, Мәскеудегі он­­коло­гия институтына консультацияға жіберуге кеңес бердім, менің диаг­нозым дұрыс деп табылды. Қазір сол студент 5-курста оқып жүр, меланома белгілері жоқ. Егер меланома деп, 20 жастағы, әлі үй­ленбеген бала, хи­миотерапия алғанда, не болатынын бі­лесіздер.

Шынында да, патологоанатомдар­ды дайындау деңгейі республика бойынша төмен. Оларды дайындайтын білгір мамандар жеткіліксіз. Денсаулық сақ­тау министрлігі тарапынан бұл мәсе­леге аса көңіл бөлініп, қомақты қаржы жұмсалып, республика бойынша пато­логоанатомдарды дұрыс дайындауды жолға қою қажет. Оқытушы-профес­сор­лардың біліктілігін шетелдегі ғылы­ми орталықтарға жіберіп көтеру керек.

– Сіз сонау 1989 жылдан бері өз мамандығыңызбен бір қатарда тілді дамыту, қазақ тілді терминдер жасау мәселесіне үзбей атсалысып келесіз. Осы орайда «Өз әліпбиімізді түзете алмай жүріп, латын біздің не теңіміз» деп үзбей дабыл қағып келе жат­қа­ныңыз есіме түсіп отыр. Әлі де сол ойыңыздан айныған жоқсыз ба?

– Айнығам жоқ. Қазақ әліпбиінде неше әріп болуын шешпей отырып латын әліпбиіне өту – қазақ тілін құрту деген сөз. Тіл мамандары қазақ тілінде 9 дауысты,17 дауыссыз дыбыс бар дей­ді, әр дыбысқа бір әріп сәйкес келеді деп есептесек, әліпбиімізде 26 әріп бо­луы тиіс, ал бізде 42 әріп. Осы мәселе ше­шілмей, біз латын әліпбиіне көше алмаймыз. Ахмет Байтұрсынов атын­дағы Тіл білімі институты бұл мәселе бойынша өз ойларын ашық айтпай отыр, егер біз 42 әріппен латынға өте­-тін болсақ, нағыз былық сонда баста­лады. Сондықтан Қазақстан халқы қа­зақ тіліне толық көшпей, бұл мәселені қозғау ерте. Әліпби құрамы, оның таң­басы мен емле-ережелері жан-жақты талқыланбай, тіл мамандары бір мәмі­леге келмей, бұл мәселе шешілмейді. Әліпби – ұлт тағдыры, тіл жоқ жерде ұлт та жоқ, сондықтан латын графи­касына ертең өтуге дайын желөкпе­лер­ден, қазақ тілінің науқандық «жана­шыр­ларынан» сақтану керек, себебі ертелі-кеш латын әліпбиіне көшеміз, бірақ алдымен өз әліпбиімізді түзетіп алуымыз керек.

– «Республикалық медициналық терминдер қалыптастыру орталы­ғы­ның» белді мүшесісіз. Термин түзу жөнінде не айтасыз?

– Мен 27 жасымда медицина ғылымының кандидаты болғанмын. 1989 жылы докторлық жұмысымды аяқтау үшін Мәскеуге кетер кезде ка­федрада қазақ тілінде сабақ беретін, дәріс оқитын бір адам табылмай, Мәс­кеуге бармай, Алматыда қалып кеттім.

– Докторлық диссертациядан ұлт тағдырын жоғары қойдым дейсіз ғой...

– Енді... Ол кезде ең үлкен Ұлттық кітапхананың өзінде қазақ тілінде медицина бойынша бірде-бір оқулық жоқ болатын. Сол күннен бастап күн­-­діз күлкіден, түнде ұйқыдан қалып, па­тологиялық анатомия бойынша оқу құралдарын жазуға, сөздіктер құрас­тыруға кірісіп кеттім. Алғашқы оқу құ­ралдары ротопринт арқылы басылып шыққанының өзі жағдайдың қиын­дығын көрсетіп тұр. Баспаларда оқулық шығару мүмкін болмады, баспахана жоспары алдын ала жарияланып, Оқу министрлігінде бекітіліп қана шығатын. Медицина атауларын қазақ тілінде сөйлету аса күрделі мәселе еді, себебі олар негізінен латын тілінде туындап, бізге орыс тілі арқылы жеткен. Осыған байланысты латын сөздерін баз қал­пында (орысша транскрипциясы тү­рінде) қалдырған жөндеушілер бар­шылық, бірақ біздің сол кездегі мақ­сатымыз қазақ тілінің бар мүмкіндігін пайдаланып, ана тіліндегі оқулықтар тудыру болды. Тек қазақ тілін терең тү­сін­ген, өз мамандығын толық меңгер­ген, көп толғанып, көп ойлаған адам ға­на төл терминдер тудыра алады» деген ойымды «Ана тілі» газеті ұжымы қол­дап, мен ұсынған 145 терминді газет­тің 1994 жылғы 18 нөмірінде «Медицинада жиі қолданылатын аталымдар» деген атпен басып шықты. 1994 жылы Қа­зақстанда алғаш рет «Патологиялық анатомия терминдерінің орысша-ла­тынша-қазақша түсіндірме сөздігін» бас­тырып шығардым, ол жерде осы жеке пәннің 800 термині қамтылған болатын.

«Патологиялық анатомия» оқулығы­ның жеке бөлімі алғаш рет «Ана тілі» баспасында 1993 жылы шыққанын айта кетейін. «Патологиялық анатомия» оқулығының екінші, жалпы бөлімі «Білім» баспасынан 1995 жылы басылып шықты. Осы оқулықтарым 1995 жылы Денсаулық сақтау министрлігінің ме­дицина саласында қазақ тілінде жазыл­ған оқулықтар арсында 3-орын алып, арнайы сыйлықпен марапатталды.

– Сіз «Жеті өлікке жан берген» де­лінетін үш жүзге пір болған Мүсірәлі Жәдікұлының жерлесі көрінесіз. Ол кісінің жерленген жері жайлы әртүрлі пікірлер бар. Сонда осы күнге дейін белгісіз бе?

– Мен Мүсірәлінің кіндік қаны тамған жерде дүниеге келдім. Көп ұлы адамдардың туған жері, жылы белгісіз болып жатады. Ұрпақтарының жар­тысы қазір Қарақалпақстанда. «Әйтеке би» деп аталатын кітапта «Мүсірәлі еліне Қызылқұмға қарай жол тартты» деп айтылған тұстар бар. Қызылқұм – Өз­бекстандағы Тамды ауданында. Сол жер­де Керізбұлақ деген жерде Бассай деген үлкен қорым бар. Сол қорымда қа­зір ұрпақтары жатыр. Сол себепті өмірге келген жері дау тудырмайды. Бірақ Мүсірәлі бабамыздың қайтыс бол­ған жері белгісіз. Біреулер Қара­қал­пақ­станда дейді, біреулер Баба Түкті Шашты Әзиздің жанына жерленген дейді.

Мүсірәлі бабамызға қатысты ел ара­сында мынандай да аңыз бар. Керіз­бұлақта жиын өткізіп Мүсірәлінің қа­сиетін сынамақшы болады. Тоқсан то­марды өртеп «Сен пір болсаң, осы томардың үстіне шығып отыр, қасиетің бар ма, жоқ па, көрейік» дейді. Сонда Мүсірәлі жанып жатқан томардың үстіне жайнамазын жайып жіберіп, намазын оқып отыра береді. Томар жанып болған соң, шапанын қағып-қа­ғып, орынан тұрады. Еш жері күй­меген, тек шапанының бір шеті ғана күйген екен. «Бұл қалай күйді?» деп сұраса, «Дә­рет сындырғанда тамшысы тиіп кеткен екен ғой» деп жауап берген екен. Содан «Тоқсан түйе томардың үс­тінде күймеген» деген аңыз қалған. Бұхарадағы Көкілташ медресесінде оқып жүргенінде Әйтеке би жүздеген шәкірттің ішінен таңдап алып, арқасына арқалап алып кеткен екен. Ол кезде Мүсірәлі он төрт жаста болған. Міне, сол кезден бастап Әйтеке бидің жа­нында жүреді.

– Ұрпақтары жайлы не білесіз?

– Үш әйелі болған. Cоңғы бәйбіше­сінен Сүгірәлі әулие, Мұхамбет Дербіс әулие деген ұрпақтар тараған. Сүгір­әлі­ден тараған ұрпақтары қазір Өз­бек­стандағы Керізбұлақ деген жердегі Ба­сай қорымының маңында қоныс­танған. Ал Қосымнан тараған ұрпақ­тары Қы­зыл­орда жақта. Қарақалпақстан жақта да ұрпақтары бар. Ол жердегі ұрпақтары өздерін керейт қожа деп атайтын. Бірақ кейінгі уақытта керейт деген сөзін алып тастап тек қожа деп аталып жүр. Біл­мейтін адамдар оларды арабтардан та­раған қожалар деп ой­лауы мүмкін. Бірақ та олар Мүсірәлінің ұрпақтары.

– Өзіңіздің де шыққан тегіңіз, от­басыңыз жөнінде де бірер сөз айта кетсеңіз...

– Әкем Ахметов Байназар Тамды ауданын ұйымдастырушыларының бірі болатын, көп жылдары ( 1939-1950) аудандық комитетте нұсқаушы, 3-хат­шы болып қызмет атқарған. Өмірі­нің соңғы жылдары К.Маркс кол­хо­зын­да партком хатшысы болды.

Зайыбым Нәбира Қасымқызы жо­ғары санатты дәрігер, Қазақ ССР Жо­ғарғы Советінің Құрмет грамотасымен марапатталған. 1968-1971 жылдары Тамдының аудандық ауруханасында бас терапевт болып жұмыс істеген. Нөкістің қазағы.

Қызым Шолпан ҚазМУ-дың фи­лология факультетін бітірген, оқытушы. Ұлым Нұрлан КИМЭП-ті бітірген, швей­­цариялық ірі компанияның атқа­рушы директоры. Төрт немерем бар.

– Әңгімеңізге рақмет!

Өмірдерек

Жауғашты Байназарұлы Ахметов 1944 жылы Өзбекстандағы Тамды ауданының Керізбұлақ елді мекенінде дүниеге келген. 1966 жылы Самарқан медицина институтын үздік дипломмен бітіріп, сол институттың патологиялық анатомия кафедрасында жұ­мысқа қалдырылған, 1971 жылдан медицина ғылымдарының кандидаты. С.Ж.Асфендияров атындағы Қазақ ұлттық медицина университетінде 1979 жылдан бері қызметте. Патология терминдерін қазақша сөйлеткен бірінші ғалым.

1992-1996 жылдар аралығында ұлт жанашыры есебінде Халықаралық қазақ-түрік университетінде ХҚТУ медицина факультетінің физиология, патологиялық физиология және патологиялық анатомия кафедраларының меңгеруші болып жұмыс істеп, ұлттық кадрлар дайындаған. 1996 жылы ХҚТУ профессоры болып сайланған. 2003 жылдан бері ҚазҰМУ профессоры. «Денсаулық саласына қосқан үлесі үшін» және Байтұрсынұлы атындағы «Алтын медальмен, «Университет Алтын медалімен» марапатталған, «Жыл оқытушысы» (2004) деп танылған. 2005 жылы Мәскеу ғалымдарымен қосылып «Гисто­логия, цитология және эмбриология атласын» шығарған, бұл 403 түрлі-түсті суреттермен безендірілген, дүниежүзілік деңгейде жазылған оқу құралы.

Сұхбаттасқан Төреғали ТӘШЕНОВ

Дереккөзі: aikyn.kz

«« | »»
Соңғы жаңалықтар