Өзектi

Қазақстанның Токамак қондырғысын бірлесіп пайдалану туралы 6 елден ұсыныс түсті

23.05.2017

5311

Отандық ғалымдардың ұзақ жылдар бойы еңбектенген ірі жобасы Токамак қондырғысы жақында іске қосылады. Қазірдің өзінде термоядролық қондырғыны бірлесіп пайдалану жөнінде әлемнің 6 мемлекетінен ұсыныстар түскен. Осыған қатысты мәселелер таяуда Курчатов қаласында өткен халықаралық семинарда жан-жақты талқыланды.
Жиынды ҚР Ұлттық Ядролық орталығының 25 жылдық мерейтойына орай ұйымдастырылғанын айта кетуіміз керек. 25 жыл бұрын Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев Семей полигонын жабу жөніндегі Жарлыққа қол қойған еді. Осылайша 1992 жылдың 15 мамырында қазақ халықын 40 жыл қан қақсатқан полигонның жаңа дәуірі басталды.
Бүгінде Курчатовтағы ғылыми орталық өзінің басты ұстанымы етіп «Ұлттық қасіреттен ұлттық мақтанышқа!» деген ұранды ұстанады. 18 мың шаршы шақырымды алып жатқан Семей сынақ алаңының аумағына Израиль, Бельгия сияқты мемлекеттер емін-еркін сияды. Бүгінде оның тең жарымы зерттелген.
Ғалымдар 7 жарым мың шаршы шақырымның тек 20 шаршы шақырымы мүлдем пайдалануға жарамсыз, 300 шаршы шақырымы өнеркәсіптік бағытта, қалғаны жан-жақты пайдалануға жарамды деген қортындыға келген. Зерттеу жұмыстары алдағы 3-4 жылда толық аяқталмақ.


– Ең үлкен жұмыс Семей полигонының жағдайын түсініп, зиян келтірмейтін бағытта жұмыс істеуіміз керек. Бұл бағытта көптеген жұмыстар атқарылды. Екінші үлкен мәселе, атом энергиясын пайдалану үшін Қазақстанның өзіндік жолы болуы тиіс. Соны біздер зерттеп жатырмыз. Сүбелі жаңалықтың бірі – бүгінде күллі әлем көз тігіп отырған Қазақстандық Материалтану Токамагі. Қондырғы Астанадағы ЭКСПО-2017 көрмесіндегі басты экспонат ретінде 9-маусым күні іске қосылады. Ал Фукусимадағы атом реакторының апатынан кейін жапондықтардың түрлі зерттеулер бойынша біздің мамандарға жүгініп, нәтижелерге қол жеткізуі орталықтың мерейін үстем етті, – дейді ҚР Мемлекеттік сыйлығының лауреаты, академик Қайрат Қадыржанов.
Өз кезегінде Курчатовтағы жиынға арнайы келген Жапониялық NDF компаниясының өкілі Масаки Накагава:
– Қазақстанның ұлттық ядролық орталығымен 1993 жылдан бері тығыз қарым-қатынаста жұмыс істейміз. Содан бері бірнеше ғылыми жобаларды бірге жүзеге асырдық. Бүгінде бұл орталық атомды бейбіт мақсатқа пайдалану бағытында іргелі ізденістер мен сүбелі жаңалықтар ашумен келеді, – деп қазақ ғалымдарының бейбіт атом бағытындағы жұмысын жоғары бағалайтынын аңғартты.
Семинар барысында Ұлттық ядролық орталық пен Ресейдің Энерготехника ғылыми-зерттеу және конструкторлық институты арасында өзара ғылыми-техникалық әріптестік жөнінде келісімге қол қойылды.
Қазір полигон аумағында тіршілікке жан біте бастаған. Бұған атом көлінде пайда болған балықтар мен Дегелең тауында өріп жүрген үйір-үйір арқарлар айқын дәлел бола алады.

«« | »»
Соңғы жаңалықтар