Өзектi

Қазақстандық ғалымдар әлемдегі ең үздік телескоптармен жұмыс істейтін болады

22.10.2015

6320

Алматыда «Ионосфера институты» еншілес жауапкершілігі шектеулі серіктестігінде Халықаралық «Алдыңғы қатарлы ғарыштық зерттеулер мен технологиялар» ғылыми-тәжірибелік семинар-отырысының жұмысы басталды.
Бүгінгі шара үшінші қазақстандық ғарышкер-ұшқыш Айдын Айымбетовтің Халықаралық ғарыш стансасына ұшу сапары мен жасаған ғылыми тәжірибелерін және отандық ғарыш саласының келешегін талқылауға бағытталды.

Семинар барысында «Ұлттық ғарыштық зерттеулер мен технологиялар орталығы» АҚ мен Жапонияның Ұлттық Астрономиялық Обсерваториясы арасында Ынтымақтастық және өзара түсіністік меморандумына қол қойылды.

«Бұл келісім біздің ғалымдарға әлемдегі ең үздік телескоптармен жұмыс істеуге мүмкіндік береді. Жапония мен Гавай аралдарында «Субару» деп аталатын телескоптар орналасқан. Олар әлемдегі ең үлкен телескоптар қатарына жатады. Одан басқа, Меморандум отандық жас ғалымдардың біліктігін арттыруға септігін тигізеді», - деді өз сөзінде «В. Г. Фесенков атындағы астрофизика институты» еншілес жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің директоры, физика-математика ғылымдарының кандидаты Шыңғыс Омаров.

Өз кезегінде жапондық ғалым, профессор Казухиро Секигучи мұндай келісімге Жапония Ұлттық Обсерваториясы да мүдделі екендігін жеткізді. Өйткені, ғарышты телескоптар арқылы зерттеуде Қазақстанның географиялық жағдайы өте қолайлы.

Дереккөзі: inform.kz

«« | »»
Соңғы жаңалықтар