Айтулы шара

21.06.2016 Қазақстанда зерттеліп жатқан жоба жаңа типті атом реакторын жасауға үлкен үлес қосады - Жапония елшісі

Қазақстанда зерттеліп жатқан жоба жаңа типті атом реакторын жасауға үлкен үлес қосады. Бүгін «Манифест. Әлем. ХХІ ғасыр» ғаламдық даму қауіпсіздігінің жаңа парадигмасы» атты халықарлық форум барысында Жапонияның Қазақстандағы Төтенше және Өкілетті Елшісі Итиро Кавэбата осылай мәлім етті.

Елші сөз арасында жаһандық қауіпсіздік тұрғысындағы қазақстандық бастамалардың маңыздылығын атап өтті. Оның айтуынша, ядролық қаруды таратпау секілді жаһандық мідеттерді орындау бағытында Халықаралық ғылыми-техникалық орталықтың қызметі де ерекше мәнге ие болып отыр. Бұл ретте Елші Орталықтың қызметі аясындағы жүргізілген зерттеулер жаһандық міндеттерді шешуге зор септігін тигізетінін де айтты. «Жапония Орталық қызметі шеңберінде биология, химия, экология, атомдық реактор секілді бағыттағы зерттеу жобаларын қаржыландырып келеді. Осындай жобалардың бірі Қазақстанда да жүзеге асырылуда, бұл - Жоғары температуралы газ салқындатқыш реактор жобасы. Бұл зерттеу нәтижелерін алдағы уақытта халықаралық ортада кеңінен қолдану да күтіледі. Бұл жоба қауіпсіздігі жағынан ерекшеленетін жаңа типті атом реакторын жасауға үлкен үлес қосады. Ал ол энергия өндіру саласында ғана емес, көмірсутек өндіруге де қолданылмақ», - дейді И. Кавэбата. Елші Қазақстанның алдағы уақытта да Халықаралық ғылыми-техникалық орталықпен ынтымақтастықты арттырып, оның ауқымды дамуына сенімін білдірді.

Айта кетерлігі, аталған шара Қазақстандағы Еуропалық Одақ Өкілдігінің қолдауымен ұйымдастырылған. Басқосуда жаңа қарулы қақтығыстардың көбеюі тәрізді қазіргі жаһанды алаңдататын үрдістердің бірін халықаралық күн тәртібіне көтеретін «Әлем.ХХІ ғасыр» манифесінің маңыздылығы кеңінен талқыланды. Ғалымдар мен сарапшылар жаппай қырып жою қаруын таратпау, халықаралық қауіпсіздік, әлемдегі қазіргі жағдайға байланысты жаңа және нақты тетіктерді әзірлеу мәселелесіне назар аударды. Конференцияға Халықаралық ғылыми-техникалық орталық сарапшылары да қатысқан болатын. Аталған Орталық Еуропалық Одақ, Жапония, Ресей және АҚШ мемлекеттерінің арасындағы келісім негізінде 1992 жылдың қарашасында құрылған үкіметаралық мекеме болып табылады. Қазақстан Халықаралық ғылыми-техникалық орталықпен ынтымақтастық туралы келісімге 1995 жылы қосылған болатын. Ал 2015 жылы 9 желтоқсанда Астана қаласында Халықаралық ғылыми-техникалық орталықтың қызметін жалғастыру туралы келісімге қол қойылды. Осыдан бастап Қазақстан қабылдаушы мемлекет мәртебесіне ие болып, штаб-пәтері Астанада орналасты.

Автор: Қанат Мәметқазыұлы

Дереккөзі: inform.kz

2313
Қатысушылар
Қатысу