Айтулы шара

29.03.2016 Ғылым үшін жаралған жан

Бүгін «Ұлттық ғылыми-техникалық ақпарат орталығы» АҚ ұжымы орталықтың белді ғылыми қызметкері, ауыл шаруашылығы ғылымдарының докторы Жомарт Қарабаевты 70 жасқа толған торқалы тойымен құттықтап, сый-құрметін көрсетті.
Жиын барысында сөз алған «Ұлттық ғылыми-техникалық ақпарат орталығы» АҚ Президенті Әділ Ыбыраев қазақ ғылымның дамуына өлшеусіз үлес қосып келе жатқан Жомарт Әшімұлының өмір жолы ғылымға бет бұрған кез келген жасқа үлгі өнеге болатынын атап өтті.


– Заман көшінен қаламай ұдайы ізденіс үстінде жүретін адамды нағыз ғылым деп атауға болады. Осы тұрғыдан алып қарағанда Жомарт Әшімұлының тынбай еңбек етіп, заман талабына сай болуы бірімізге үлгі болары сөзсіз. Спортшылар белгілі бір жасқа келгеннен кейін өзінің кәсіби каррерасын аяқтап, басқа кәсіпке ауысатынын білеміз. Ал ғылымға шын берілген жан керісінше еш уақытта қол жеткізген мақсатына тоғайып қалмайды. Болдым, толдым деу ғылымға жат дүние. Осы тұрғыдан алып қарағанда Жомарт Әшімұлының алға қойған мақсатына қол жеткізу үшін тынымсыз еңбек ететіні баршамызды қанаттандыратыны анық. Сізді 70 жылдық мерейтойыңызбен шын жүректен құттықтаймыз! – деп «ҰҒТАО» АҚ президенті өзінің көкейде жүрген ойын ортаға салды.
Еліміздің ауыл шаруашылығы ғылымын дамытуға өлшеусіз үлес қосып келе жатқан Жомарт Әшімұлы қазақы қойдың жаңа селекциясын жасауда елеулі істер тындырған бірегей ғалым. Ол өзінің күні бүгінге дейін 145 ғылыми мақала дайындап, ауыл шаруашылығы саласының дамуына көп еңбек сіңірді.


Жомарт Қарабаев «ҰҒТАО» қызметі барысында Қазақстанда түрлі сала бойынша ғылыми мектептер жайында арнайы жинақтар шығарып, олардың отандық ғылымды дамытудағы орынын айқындауға күш салған еліміздегі бірден-бір ғалым.
Сонымен қатар Жомарт Әшімұлы тек қана Қазақстан емес, дамыған елдердің ғылыми орталарымен байланыс орнатып, қазақ ғылымның өрісін кеңейтіп жүрген ғалым деп атасақ та болады.
Осы ретте 70-тің биігіне желіп шыққан майталман ғалымға зор денсаулық, ғылымдағы жолы даңғыл болсын деп тілек арнаймыз.

"ҰҒТАО" АҚ Қоғаммен байланыс бөлімі

2341
Қатысушылар
Қатысу