Айтулы шара

09.04.2014 Кәсіби оқыту – оқу мен тәжірибе ынтымақтастығы

Бүгін Еуразия Технологиялық Университеті еліміздегі жетекші өндірістік компаниялармен өндірістік ғылыми-білім беру консорциумын құру туралы көпжақты мәмілеге қол қойды. Консорциумның мақсаты айқын. Аталмыш оқу орнын бітірген мамандар жұмыспен қамтамасыз етіледі әрі кәсіпорындардағы кадр жетіспеушілігі мәселесі де шешіледі.

Биылғы жылдың наурыз айында Алматы Гуманитарлық-Техникалық Университеті өз атауын Еуразия Технологиялық Университеті деп өзгерткен болатын. «Университет атауын өзгертумен қатар жетекші кәсіпорындарды сапалы, бәсекеге қабілетті мамандармен қамтамасыз етуді жүзеге асырмақ»,- деп атап өтті Университет ректоры Асан Оспанов.

Консорциум құрамына «Ақсайгазқызмет» АҚ, «AllurGroup» автокөлік компаниялар тобы, «АгроМашХолдинг» АҚ, «Еуразия Сауда Жүйесі» Тауар биржасы АҚ, «Автоүй» компаниялар тобы кіріп отыр. Сонымен қатар мұнай-газ, банк саласының жетекші компанияларымен, халық тұтынатын тауарлар шығаратын өндіріс орындарымен келіссөздер жүргізілуде деп ректор алдағы жоспарларымен бөлісті.

Консорциум аясында оқу орнының студенттері мен түлектеріне компаниялар мен өндіріс орындарынан тәжірибеден өтіп, жұмысқа тұруға мүмкіндік беріледі. Оқу мен тәжірибені ұштастыру мақсатында компания қызметкерлері ЕТУ-да дәріс оқымақ және оқу үлгерімі жоғары студенттерге компания тарапынан гранттар бөлінбек.

«AllurGroup» автокөлік компаниясының президенті Андрей Лаврентьев бұл консорциум арқылы оқу орны мен өндіріс арасында берік байланыс орнайтындығына сенімді. «Қазірде жұмысқа қабылдаған жас мамандардың өндірістің қыр-сырын меңгеруге 3 ай уақыт кетеді. Ал заманауи технологияларды меңгеруіне жарты жыл уақыт қажет. Қай салада болмасын, маманның ағылшын тілін білгенін құптаймын. Міне, жас маманды жұмысқа қабылдағанда біздің алдымыздан шығатын мәселелердің бастысы осылар. Консорциум аясында бұл мәселелерді шешудің екі жаққа тиімді жолдарын қарастырып, алдағы жылдары нәтижесін көре бастаймыз», - деп қорытты ойын.


2641
Қатысушылар
Қатысу