Айтулы шара

03.03.2015 «Нұрлы жол» бағдарламасы ғылым мен маман дайындауға серпіліс туғызады

«Нұрлы жол» бағдарламасы аясында кадрлар дайындайтын жоғары оқу орындарының консорциумы құрылды. Бұл туралы бүгін ҚР Президенті жанындағы Орталық коммуникациялар қызметіндегі брифингте ҚР Білім және ғылым вице-министрі Тахир Балықбаев мәлім етті.
ҚР Білім және ғылым министрлігі Елбасының Қазақстан халқына арналған «Нұрлы жол – болашаққа бастар жол» атты Жолдауындағы еліміздің индустриалды-инновациялық дамуының екінші бесжылдығы аясында кадрларды даярлау туралы тапсырмасының міндеттерін іске асырып жатқанын айтқан ол: «Аталған бағдарламаның аясында алты өңірде 10 жоғары оқу орны, 10 колледж анықталды. Экономиканың салаларына кадрларды дайындауды қамтамасыз ететін өңірлерде осы оқу орындарын дамыту карталары әзірленді», – деді. Вице-министрдің айтуынша, ЖОО-лардың жұмыс берушіге географиялық жағынан жақындығы түлектердің жұмысқа орналасуын жеңілдетіп, өнеркәсіп орындарымен тығыз қарым-қатынас орнататын болады. «Осы бағдарламаны іске асыру мақсатында біз сол жоғары оқу орындарының арнайы консорциумын құрдық. Оның құрамына бағдарлама жобасына қатысатын ЖОО-лардың ректорлары кіретін болды», – деді Т.Балықбаев.
Алқалы басқосуда вице-министрі Тахир Балықбаев алдағы төрт жылда еліміздің экономикасының басым секторларына жыл сайын төрт мыңға жуық білікті кадрлар қажет екенін де тілге тиек етті. «Сол себепті біз биылғы жылдан бастап осы бағытта магистрлерді дайындауды бастаймыз. Биыл бейіндік магистратура бойынша 1900 адам қабылдап, келесі жылдары 2500-ден 3000-ға дейін адамды қабылдауды жоспарланып отырмыз», – деді Т.Балықбаев.
«Нұрлы жол» бағдарламасын жүзеге асыру аясында ең басты мәселелер оқу бағдарламаларын құру мен жаңа зертханалар салу болып отырғандығын айтқан Т.Балықбаев: «Оқу бағдарламаларын қазір біздің 24 жоғары оқу орнымыз арнайы дайындап жатыр. Сонымен бірге біз қазір 24 жаңа зертхана құруды жоспарлап отырмыз. Металлургия, мұнай химиясы, инженерлік бейінді, тамақ өнеркәсібі, машинажасау, химия, құрылыс материалдарын жасау, автоматтандыру және басқару техникасы, ғарыш технологиясы, ақпараттық коммуникациялар технологиясы зертханалары салынатын болады. Бұл зертханаларды пайдаланудың тиімділігін қамтамасыз етеміз және осыған байланысты бүгінгі таңда арнайы қаржы бөлініп жатыр», – деді.
Елбасының тапсырмасына сәйкес «Нұрлы жол» бағдарламасы аясында еліміздің жоғары оқу орындарына үш жылға 10 миллиард теңге қарастырылған, оның 3 миллиарды биыл бөлінді. Сонымен қатар арнайы бағдарламалар құруға 962 млн. қаржы бөлінген. «Аталған бағдарламаларды дайындау үшін жоғары оқу орындары әлемнің озық ЖОО-ларымен арнайы келісімшарттар жасасуда. Атап айтқанда, Оңтүстік Корея, Германия, Италия, АҚШ Польша, Ресей, Чехия сынды елдердің ЖОО-ларымен ынтымақтастық туралы келісімдер жасалды», – деді вице-министр.

Вице-министрдің айтуынша, осы жұмыстар тыңғылықты атқарылғаннан кейін 2017 жылы «Нұрлы жол» бағдарламасын жүзеге асыруға қажетті кадрлар толығымен дайындықтан өтіп, жұмысқа кірісетін болады.


Дереккөзі: inform.kz

2407
Қатысушылар
Қатысу