Айтулы шара

10.02.2015 Оралда ұшқышсыз басқарылатын ұшақтар өндірісі қолға алынбақ

Оралда ұшқышсыз басқарылатын ұшу аппараттарын шығару жоспарланып отыр. Аталмыш жоба «Омега» зауытының базасында іске асырылмақ, деп хабарлайды BNews.kz тілшісі.

Оралдық журналистер ұшқышсыз басқарылатын ұшу аппаратымен танысты. Кешенді РФ Мәскеу облысының Егорьевка қаласы «Ғылыми қолданбалы электр динамикасы орталығы» ААҚ әзірлеген. Әскери мақсаттан бөлек ұшу аппаратын қоршаған ортаның мониторингіне, аэрофото түсіріліміне, құбырларды, егіс алқаптарын тексеруге, ІІМ қажеттіліктеріне де пайдалануға болады.

«Бұл кәдімгі робот, адамның рөлі тек барлығын сырттай бақылау ғана. Қашықтықтан басқарылатын ұшу аппаратының бортында ұшу режимі мен тұрған орнын анықтайтын борттық есептегіш бар. Адам ұшақты арнайы пульттің көмегімен басқарады. Ұшақтың ұшуы үшін 50-100 метр, ал қонар кезде 100-150 метр бос кеңістік қажет. Ұшқышсыз басқарылатын ұшақ асфальтқа да қона алады», - дейді бас конструктор, техника ғылымының кандидаты Артем Силкин.

Ұшу аппаратының салмағы – 20-25 келі. Автономды режимдегі ұшу қашықтығы 1000 шақырымға дейін барады. Сондай-ақ аталмыш ұшақ 5000 метр биіктікке дейін көтеріле алады.

Қазіргі таңда ұшқышсыз басқарылатын ұшу аппараттарының өндірісі Ресей, АҚШ пен Израильде жолға қойылған. Қазақстан бұл тізімдегі төртінші ел атануы мүмкін.

Дереккөзі: bnews.kz

2413
Қатысушылар
Қатысу