Ғылыми жаңалықтар

ЕДІЛБЕК ОМАРОВ АТЫНДАҒЫ АУДИТОРИЯ АШЫЛДЫ

29.10.2019

3187

Ол білімді ұрпақ қалыптастыруға өзіндік үлесін қосқан ұлы ғалым-ұстаз, техника ғылымдарының кандидаты, профессор, аймақтық менеджмент академиясының академигі Еділбек Омаровтың дүниеден озғанынына 2 ай толды. Ағартушының өнегелі ісін ұрпақтан ұрпаққа жеткізу – ортақ мақсат. Осы ретте, университетте тарихи тұлғаның атымен аталатын аудитория ашылды.

Білімді бекемдей түсу – бәріміздің басты борышымыз. Бірақ, бұл міндетті орындау - бірінші кезекте ұстаздар қауымына жүктеліп отырған маңызды миссия. Мемлекет мүддесін жүзеге асыру жастардан басталады. Ғалым-ұстаз Еділбек Омаровты дәріптеген алқалы жиында ұлы ұстаздың жұбайы Тілеукүл Сейталина мен университет ректоры, , п.ғ.д., профессор Махметғали Сарыбеков салтанатты түрде қызыл лентаны қиды.
Ректор М.Сарыбеков ғалымның өмір жолына тоқтала кетіп, «жастар жылында ашылып отырған аудитория болашаққа білікті мамандар тәрбиелеп қосуға, осы аудиторияның қабырғасында өркениетке ұмтылған білімге құштар жастарымызға ғалым – ұстаздың мағынаға толы өмір жолы өз тағылымын береді» деді.
Одан кейін сөз алған профессорлар С.Жүнісбеков, С.Мырзашев, Қ.Ермұханов, Ә.Раимбаевтар ғалымның ғылыми еңбектері мен қызметіне тоқтала келіп, елімізге инженерлер дайындауға қосқан орасан зор үлесін атап өтті. Бірге қызмет істеп, өмірдегі сәулелі сәттерін бірге бөліскен әріптестері мен замандастарының естелігі, негізінен, бір арнаға тоғысып жатты. Талғамы биік, ой-өрісі терең Е.Омаровтың қай салада қызмет етсе де, өз ісіне жауапкершілікпен қарап, ұқыптылықпен атқарғанын сүйсіне де, сағына да еске алды.
Осы іс-шарада сөз алған «Республикалық «Qazaqstan» телерадиокорпорациясы АҚ» «Jambyl» облыстық филиалының директоры Мейіржан Жиенәлі ғалымның отбасына Қазақстан Республикасының Ресей Федерациясындағы Төтенше және Өкілетті Елшісі И.Н.Тасмағамбетовтың көңіл айту хатын табыс етті.
Жиын соңында ғалымның жары, ардагер ұстаз Тілеукүл Ешенқұлқызы университет басшылығына ризашылығын айта отырып, аталмыш аудиторияны ашудағы мақсат – ұрпақтар жалғастығын байланыстыра отырып және Еділбек Омарұлының ғылымдағы жетістіктерімен таныстыра отырып, студенттерде олардың еңбектеріне деген құрметті ұялату, сөйтіп үлгілі тәрбие беру деп атап өтті. Келген әріптестер мен қонақтар ғалымның өмірінен сыр шертетін деректі фильмді көріп тамашалады.
Ғұмыры ғибратқа толы тарихи тұлғаның мерейі қашан да үстем. Оның осы уақытқа дейінгі орасан әрі нәтижелі еңбегі - өскелең ұрпаққа үлгі. Есімі мен еңбегі егіз ұғымға айналған ағарту саласының ұстазына қарап бой түзеген жастардың келешегі кемел болары сөзсіз. Ерінбей еңбек етіп, ер атанған Еділбек Омаровқа қандай марапат көрсетілсе де, жарасымды.

МЕДИА-ҚЫЗМЕТ

Дереккөзі: tarsu.kz

«« | »»
Соңғы жаңалықтар