Ғылыми жаңалықтар

Астаналық ғалым Ресейдің беделді марапатына ие болды

06.06.2019

3514

Ресей ғылым академиясы медаль беру үшін 2018 жылға арналған ең жақсы ғылыми жұмыспен айналысқан жас ғалымдарды іздеу бойынша байқауды қорытындылады деп хабарлайды Елорда Инфо.
Ресей ғылым академиясының жалпы биология саласы бойынша медалін тұңғыш рет Қазақстаннан жас ғалым иеленді.
Биология ғылымдарының кандидаты Мақсат Жабағин және биология ғылымдарының кандидаты Анастасия Агджоянның «Еуразияның аз зерттелген түркітілдес халықтарының генофондын зерттеу: Қырымнан Орталық азияға дейін» атты жұмысының циклі Ресей ғылым академиясының жалпы биология саласы бойынша медалін иеленді.
Мақсат Жабағин – М.В.Ломоносов атындағы Мәскеу мемлекеттік университетінің түлегі, Қазақстан Республикасы Президентінің Халықаралық «Болашақ» стипендиясының, Назарбаев Университеті «Талап» талантты ғалымдарға арналған стипендиясының иегері.
«Біздің жұмысымыздың циклі өте өзекті тақырыпқа арналған – Қырым мен Орталық Азияның байырғы халықтарының генофонды туралы жаңа білімдер алу. Аталмыш халықтардың генофондын қалыптастыру процесін зерттеу олардың этногенезін терең әрі толық түсінуге мүмкіндік береді. Зерттеу нәтижелерінің дербес медицина және генетикалық криминалистиканы дамытуда қолданбалы аспектісі бар. Әртүрлі аймақтардың генофонды бір-бірінен ерекшеленеді, сондықтан популяциялардың генетикалық әртүрлілігін егжей-тегжейлі зерттеу қажет», – деді жас ғалым Мақсат Жабағин.
М.Жабағин 2017 жылы «Қазақ популяциясындағы туыс-тайпалық құрылымдар және Y-хромосомаларының көп пішінділігінің байланысын талдау» тақырыбында диссертациялық жұмысын қорғады. 2019 жылы Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрлігі жас ғалымға Биология мамандығы бойынша философия докторы (PhD) дәрежесін берді.
М.Жабағин 2018 жылдың наурызынан бастап Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрлігі Ғылым комитетінің «Ұлттық биотехнология орталығы» РМК адам генетикасы жаңа зертханасында жұмыс істей бастады.
Ресей ғылым академиясы Ресей Федерациясының жоғары ғылыми ұйымы. Биыл оның құрылғанына 295 жыл толды. Академия деңгейіндегі марапаттың берілуі жас ғалымның шығармашылық жолындағы үлкен қадамы және жоғары деңгейде мойындалуы оның перспективалық және біртуар ғылы қызметкері екендігін анықтайды. Жыл сайын байқауға 19 ғылыми бағыт бойынша Ресейдің түкпір-түкпірінен 500-ден астам жас ғалымдардың жұмысы ұсынылады.

Дереккөзі: elorda.info

Аударған Арайлым Жолдасбекқызы

"ҰМҒТСО" АҚ Қоғаммен байланыс бөлімі

«« | »»
Соңғы жаңалықтар