Ғылыми жаңалықтар

Шымкенттік ғалымдар Аралдың тұзынан косметикалық өнім жасап шығарды

20.05.2019

4096

Арал теңізін апаттан арашалаудың тағы да бір амалы табылды. 2021 жылы арнасы тартылған теңіздің жағасында косметика шығаратын зауыт салынуы мүмкін.
Шымкенттік ғалымдар Аралдың тұзынан косметикалық өнім жасап шығару әдісін ойлап тапты. Әзірге бұл ғылыми еңбек соңғы тексеруден өтіп жатыр. Сұлулық индустриясындағы шымкенттік ғалымдардың жаңалығы жоғары бағаланары сөзсіз.
Шымкенттік ғалымдар жаңалығын жүзеге асыруға Арал мен Созақтың тұзы, күнгейде өсетін адыраспан, шатыраш, түймешетен секілді дәрілік өсімдіктерді кәдеге жаратпақ. Бұл болашақта өндірілетін ваннаға арналған тұз, скрабтың табиғи құрамы.
Ал, Арал теңізінің балшығынан түрлі нәрлендіргіштер, қызылиектің қанауына қарсы дәрмек және Қазақстанда бұрын соңды өндірілмеген тырнақ қатайтатын түрлі дәрумендер жасалады. Ақмарал Исаева, биология ғылымдарының докторы: «Келешекте біздің жобамыз коммерциализациямен тікелей байланысты болады деп болжам жасап отырмыз. Біздің жобамыз аяқталған кезде үшінші жылда қосымша жоба жасамақпыз. Қанша адам жұмыс істейді, қандай құрылыс қажет соның бәрін жобалағаннан кейін біз жобаны коммерциализацияға қазақстандық қорларға ұсынамыз. Ғылыми жобаларды арнайы қаржыландыратын қорлар көп».
Шымкенттегі ЖОО-дарының ғалымдарынан жасақталған топ бұл жаңалыққа кездейсоқ келген. Арал тұзын өндірістік қажеттілікке жарату арқылы экологиялық апат зардабын жою мәселесі сөз болған жиында шырайлы Шымкенттің өнертапқыштарына оны сұлулық жолымен шешу идеясы келген. Әрі болашақ косметика ерлерге және әйелдерге арнап екі бөлек етіп ұсынылмақ.


– Біз мұнда өсімдік сығындыларын аламыз, аталған өнімді Арал және Созақ тұздарының қосындысымен қосып қолданамыз. Одан косметикалық препараттар аламыз. Мұнда біз қазірдің өзінде шатыраш өсімдігінің сығындысын алдық. Ол стресске қарсы қасиеті бар, жасартатын қасиеті бар. 25 грамм шикізаттан бірнеше есе көп өсімдік сығындысын аламыз, – докторант Ажар Абубакирова.
Ғалымдардың айтуынша Созақ ауданындағы Бұғажайлы көлінде галитті кен орны бар. Оның қоры 1 млн. тоннаға жуық. Бұл отандық өнім үшін таптырмас кен орны болғалы тұр. Арал теңізінің және Бұғажайлының жағасында кіші зауыттар салынбақ.
Бәсекелестік жағына келсек, тек отандық табиғи қоспаларды ғана қолданатын өнім алдағы уақытта шетелдік бәсекелестерін нарықтан қуып шығады деген сенім басым. Бүгінде ғылыми жаңалықтың алғашқы үлгілері аллерголог, косметолог және стоматологтарға сынамадан өткізуге жіберген. Нәтижесі де жаман емес.

«« | »»
Соңғы жаңалықтар