Әлемдегі ғылым

Ауыл баласы Лондонда әлемдік ғарыш компаниясын басқарып жүр

19.11.2021

2404

Англияның бас қаласында орналасқан HEAD Aerospace Group ғарыш компаниясының директоры қарапайым қазақтың баласы. Ол Алматы облысы Нарынқол ауылында Хан тәңірінің етегінде туып-өскен - Сапар Сатаев.
Ғарыш саласына басынан-ақ ден қойған Сапар бұл саладағы еңбек жолын Орта Азиядағы Жерді тұңғыш рет қашықтан зондтаудың екі спутнигін жасаудан бастаған.

Осы деңгейге жету үшін ол көп еңбектенді, білімін шыңдады. Италияның Ла Сапиенца университетінде магистратурада, кейін «Болашақ» бағдарламасы бойынша Германияның ірі компанияларының бірі – IABG компаниясында өндірістік тағылымдамасынан өтіп, әлемнің екі жетекші университетінде – Мюнхен техникалық университеті және Берклидегі Калифорния университетінде бір уақытта МВА дәрежесінде білім алды.
Ауылда туып, ата-әжемнің тәрбиесін алып, ұлттық дәстүрді, салтты сақтап, оны құрметтеуді үйренгенімді мақтан тұтамын дейді ол. 13 жасына дейін ауылда жазда атқа мініп жарысып, қыста қармен атқыласып ойнап өскен Сапар отбасымен бірге Талғар қаласына көшіп келеді. Орыс тілін жетік меңгермегендіктен, біраз қиындықтар болғанын жасырмайды. Сондықтан, жақсы оқуды алдына мақсат етіп, өз қатарластарын қуып жету үшін кітап оқып, математикамен айналысуға кіріскен. Ауылда жүргенде де Бердібек Соқпақбаевтың, Шыңғыс Айтматовтың кітаптарын сүйіп оқыған екен. Шыңғыс Айтматовтың «Ғасырдан да ұзақ күн» романындағы Байқоңырдан ұшырылған ракетаны сипаттауы ерекше әсер қалдырған.

– Содан болар, ғарышқа деген қызығушылығым да арта түсті. Оның үстіне әкем күнде саяси газеттерді алып келетін. Онда ол кезде қазақстандық үкіметте Мәскеуден оқып келген экономист жастар көптеп жұмыс істеп жатқан. Мен де солардың бірі боламын деп, физика, математикаға көңіл бөліп, олимпиадаларға қатыса бастадым. Мектепті бітіргеннен кейін ҰБТ-ті физикадан жоғары балмен тапсырып, экономикалық кибернетика мен физика мамандығы бойынша таңдауда физика мамандығын таңдадым. Себебі, Қазақ Ұлттық политехникалық университетіндегі (қазіргі Сәтпаев атындағы ЖОО) кибернетикалық экономика мамандығына бір орынға 37 адам, әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық университетінде физика мамандығы бойынша бір орынға бес адам таласқа түстік. Физикадан мен бесінші болдым. Әкем қарапайым автомеханик, анам үй шаруасындасындағы қарапайым жандар, өзіміз төрт баламыз, сондықтан ата-анама салмақ салмау үшін грантты жеңуім қажет болды, – дейді Сапар.

Бірақ, дәл осы мамандықты таңдап алғанына ол еш өкінбейді. Әр адам өзі жақсы көретін мамандықты таңдаса, үлкен жетістікке міндетті түрде қол жеткізе алатынына сенімді. Сапар барлық жетістігіне анасының арқасында жеттім дейді. Анасы мектеп табалдырығын аттаған күнінен бастап, оны аяқтағанға дейін сабаққа деген ынтасына көңіл бөліп, әсіресе, математика мен ағылшын тілін жақсы меңгеруіне себепкер болған екен.

Жоғарғы оқу орнында жүргенінде ғылым жолын бастап, сол оқу орнының жанындағы Эксперименталдық және теориялық физика ғылыми-зерттеу институтында ғылыми қызметкер болып істеген. Кейін еліміздің астанасына мемлекеттік органға қызмет істеуге ұсыныс алып, тәжірибе жинақтау үшін Италияға магистратураға оқуға түскен. Еліміздің білім саласында еңбектеніп жүргенінде Италиямен ынтымақтастықтағы Ұлттық ғарыш агенттігіне шақырту алады. Өз жұмысын енді бастап жатқан бұл салаға үкімет тарапынан көп көңіл бөлініп, үлкен міндеттер қойылады. Қазақстан ортақ жобаларын іске асыру, технологияны дамытумен қатар, мамандарды даярлау мақсатында шетелдік жетекші аэроғарыштық компаниялармен қарым-қатынас орната бастаған. Халықаралық ынтымақтастық және бизнесті дамыту жөніндегі салада қызмет етіп жүрген Сапар Сатаев үшін бұл маңызды кезең болды.

«Ғарыш тек қана ғарышқа ұшу емес, біздің күнделікті өмірімізді қамтитын үлкен сала. Егер Ұлыбританияны жер серігі навигациясынан ажыратып тастайтын болсақ, онда бұл мемлекет бір күннің ішінде ғана миллиард фунт жоғалтады», – дейді кейіпкеріміз.

Ол өз жұмысын KAZSAT байланысы жер серігін шығарған компаниядан бастап, Президент Әкімшілігі, «Қазақстан Ғарыш Сапары» Ұлттық компаниясында жалғастырады. Бұл компания жоғарыда айтып кеткен Орталық Азияда тұңғыш рет Жерді қашықтан зондтау жер серіктерін және ғарыш аппараттарын жинау зауытының құрылысы жобасын, ғарыштық навигация жобаларын жасаған.
Қазіргі таңда Ұлыбританияның ғарыш компаниясының коммерциялық директоры қызметінде жүрген қазақ ғарыш саласында жинаған тәжірибесін түркі елдеріне, Орта Азияға қолданғысы келеді. Сапар Сатаев елге оралып, отандық ғарышты дамытуды жоспарлап отыр.

Дайындаған: Т. Садырова.

Материал https://limon.kg/ деректері бойынша дайындалды. Сурет сол дереккөзден алынды.

«« | »»
Соңғы жаңалықтар