Әлемдегі ғылым

Отандық ғалымдар медициналық қалдықтарды өңдеудің жаңа технологиясын ұсынып отыр

09.11.2021

2282

Адамзаттан қалып жатқан күнделікті тұрмыстық қалдықтардан бөлек, әр саланың өз қалдықтары да аз емес. Мысалы, медицина саласында әрбір науқастан жарты келі биомедициналық қалдық қалатын көрінеді. Есептей беріңіз, тек біздің ғана еліміздің өзінен жыл сайын 18 мың тонна биомедициналық қалдық шығарылады екен. Оның өзі зияндылығы жағынан бірнеше топқа бөлінеді. Демек адам өміріне, табиғатқа тигізер залалы жетерік. Осы мәселенің шешімін табуда Эксперименттік және теориялық физика ғылыми-зерттеу институтының ғалымы өз тәсілін ұсынып отыр. Бұл туралы https://bilimdinews.kz/ сайтына Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ баспасөз қызметінен Кәмила Дүйсен жазады.

Аталған ғылыми-зерттеу институтының термофизика және техникалық физика бөлімінің меңгерушісі Александр Устименко биомедициналық қалдықтардан синтез газ алу мүмкіндігін алға тартады. Ол қазіргі таңда плазмотронның көмегімен биомедициналық қалдықтарды синтез газға айналдыру жобасымен жұмыс жасауда. Ғалымның түсіндіруінше, оттегі аз болған жағдайда да плазмотрон жұмыс істей береді. Яғни, газдандыру процесінде қыздырылған ауа агент ретінде пайдаланылып, синтез газ алынады. Синтез газ электр энергиясын өндіруде, басқа да химиялық процестерде қолданылады.

Жалпы қалдықтарды өңдеу технологиясы жаңа сала болғандықтан, ғалым қалдықтарды өңдеуде барлық саладан шығарылатын қалдықтың газдандыру процестерін бақылағанын айтады. Оның ішінде ауыл шаруашылығы, электр стансалары, ағаш өнеркәсібі сияқты еліміздегі басқа да салалар қамтылған. Нәтижесінде қалдықсыз газдандыруға болатыны анықталған.
Бұл плазмалық технология мен плазмохимиялық реактордың әлемде баламасы жоқ, дейді отандық мамандар. Ол тіпті патентпен қорғалған. Бұл жоба шетелдік ғалымдармен бірге жүзеге асырылуда.

Дүниежүзі бойынша биомедициналық қалдықтарды жоятын плазмалық технология мен плазмохимиялық реактордың баламасы жоқ және патент арқылы қорғалған. Одан бөлек, күрделі заттарды плазмада ыдырату өте тиімді. Өйткені, оттегі болмағандықтан, биомедициналық қалдықтар газдарға айналып, пиролиз процесі жүреді. Ал жағу кезінде бұл үрдістер жүзеге аспайды. ҚазҰУ ғалымдары жобаны Белоруссияның А.В. Лыков атындағы Жылу және масса алмасу институты (ИТМО), Новосібір С.С. Кутателадзе атындағы Термофизика институты, Н.Э. Бауман атындағы Мәскеу мемлекеттік техникалық университеті (МГТУ) сияқты басқа елдердің мамандарымен бірлесіп жүзеге асыруда.

Александр Устименко медицина саласының қалдықтарын радиоактивті, химиялық, өндірістік және әмбебап қалдық түрлерімен салыстырғанда едәуір қауіпті деп отыр. Неге десеңіз, олардан түрлі жұқпалы аурулар тарап кетуі мүмкін. Оның алдын алу жолы – өртеу. Бірақ, бұл тәсілде өте улы химиялық байланыстар түзіледі екен. Біріншіден, медициналық қалдықтар түріне қарай іріктеліп, жиналмағандықтан, оны өңдеу кезінде барынша зарарсыздандыру қажет. Соған сәйкес технологиялық әдісті пайдалануды талап етеді.

Александр Устименко,
– Плазмалық өңдеу технологиясы биомедициналық қалдықтарды футерленген плазмохимиялық реакторға беру арқылы плазмалық алауды плазмотронмен генерациялайды. Нәтижесінде қалдықтардан уытты емес газдар мен минералды қалдық түзіліп, плазмалық алауда өңделеді. Реактордың жоғарғы бөлігінің ортасында электрдоғалы плазмотрон орнатылған. Сонымен бірге мерзім-мерзіммен жұмыс істейтін бір камералы плазмохимиялық реактор қолданылады. Процеске жұмсалатын энергия шығыны 1-2 кВтс/кг құрайды. Оның ішінде плазмотронды бір мезет ажыратып, реактордың минералды қалдықтардан тазартылып отыратынын ескерген жөн.

Отандық ғалымның айтып отырған плазмалық жолмен қалдықтарды жою әдісі осы талаптарға сәйкес келіп отыр. Температурасы 5000 кельвинге жоғары электр-доғалық плазма арқылы қалдықтар зарарсыздандырылып, диоксин мен фуран секілді қосылыстардың түзілуіне жол берілмейді. Тіпті жұмсалатын энергия көлемі де көп емес, дейді ғалым.



«« | »»
Соңғы жаңалықтар