Әлемдегі ғылым

"Болашақ" бағдарламасына - 28 жыл

05.11.2021

2117

Бүгін «Болашақ» халықаралық бағдарламасына 28 жыл толып отыр. Осы уақыт ішінде 14 мыңнан аса жастар әлемнің ең үздік жоғары оқу орындарында білім алу бақытына ие болды. «Болашақ» түлектері еліміздің әртүрлі саласында еңбектенуде. Мысалы, денсаулық сақтау саласында 800-ге жуық стипендиат қызмет етеді және жыл сайын он мыңнан аса күрделі ота жасап жүр.

Білім беру саласына 800-ден астам түлек дайындалды, олар әртүрлі деңгейдегі оқу орындарында, соның ішінде ауылдық жерлерде қызмет етеді.
Сондай-ақ, стипендиаттар шет елден алған білімдерін ғылым, экономика, журналистика, мәдениет, инновациялар мен технологиялар, мемлекеттік басқару және т.б. салаларда қолданып, оның дамуына үлес қосуда.

Бұл туралы бүгін Білім және ғылым министрі Асхат Аймағамбетов өзінің Facebook-тегі жеке парақшасында жазды.

Министр ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасы бойынша ашықтықты арттыруға, барлық үміткерлер үшін тең жағдай жасауға, конкурстық іріктеуді автоматтандыруға және меритократия қағидаттарын қолдауға бағытталған бағдарламаның жаңартылғанын тілге тиек етті.

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев озық ғылыми технологиялар трансферті үшін жыл сайын еліміздің 500 ғалымын әлемнің жетекші ғылыми орталықтарында оқытуға қосымша қаражат бөлуді тапсырды. Ол үшін жаңа санат – «ғалымдар» тағылымдамасы бекітілді.
Бүгінде «Болашақ» – ең алдымен дарынды түлектер ұсынатын табысты қазақстандық бренд, дей келе Асхат Аймағамбетов «Болашақтықтарды» туған күнімен құттықтады.

«« | »»
Соңғы жаңалықтар