Әлемдегі ғылым

Адамға туған жерінде өсетін дәрі өсімдіктің шипасы мол - Алтай ботаникалық бағының директоры

16.04.2021

3441

Алтай ботаникалық бағы – ғылыми-зерттеу мекемесі Шығыс Қазақстан облысы, Риддер қаласында, теңіз деңгейінен 760 – 860 м биіктегі тау етегінде орналасқан. Ботаникалық бақтың көлемі 1 109,1 шаршы гектар. Оның негізі 1935 жылы ШҚО-ның Лениногор (қазіргі Риддер) қаласында құрылған.

Аталған бақтың директорының орынбасары Гүлназ Шобақованың айтуынша, кәсіпорын мақсаты – өсімдіктердің құндылығы туралы жаңа білім алу, типтік қорды байыту және ботаника саласында іргелі, қолданбалы, инновациялық ғылыми-зерттеу жұмысын жүргізу.

«Сондай-ақ, Алтайдағы өсімдіктер дүниесін қорғау және олардың маусымдық өзгеру заңдылықтарына фенологиялық бақылау жүргізу, пайдалы өсімдік түрлерін өсіріп, халық игілігіне пайдалану, басқа жерлерден әкеліп отырғызылған өсімдіктерді жерсіндіру, өлкедегі өндіріс орталықтарын көгалдандыру. Алтай ботаникалық бағында 74 қызметкер жұмыс істейді. Оның ішінде 16 ғылыми қызметкер, 3 ғылым кандидаты, 6 магистрант, 1 докторант бар. Қалғаны әкімшілік қызметкерлер. Өзім осы жерде директордың міндетін атқарып жүргеніме 1 жылдан астам уақыт болды. Осы салаға 2012 жылы қаңтар айында келдім», - дейді Гүлназ Шобақова.

Ол аталған бақта дәріханалық өсімдіктің 125 түрі бар екенін айтты. Қазіргі уақытта оларды зерттеу жүргізіліп жатыр.

«Шығыс Қазақстан облысында осы өсімдіктердің 45 қосалқы қоры бар. Оның бәріне зерттеу жүргізіліп жатыр. Қызыл тамыр, алтын тамыр дәрілік өсімдіктерді Жамбыл облысына өткіздік. Бұл өсімдіктердің бәрі Қызыл кітапқа енген, сирек кездеседі. Бұл жерде 6 725 гербари қоры бар», - дейді ол.

Директордың міндетін атқарушы әр адамға өзінің туған жерінде өскен емдік өсімдіктердің шипалы болатынын айтты. «Бұл аймақ емдік шөптерге бай. Алдымен емдік өсімдіктерді өңір бойынша іздеп, жинап әкелеміз. Біздің мекемеде жеміс-жидек бағы, табиғи флора және басқа да бөлімдер бар. Солардың бірінде 1-2 жыл өсіріледі. Одан кейін жемісін көріп, оны емнің қандай түріне қолдануға болатынын зерттеп, кептіріп, қорапшаға қаптап, пайдалануға дайын күйде дәріханаларға сатамыз», - дейді Гүлназ Шобақова.

Бұл баққа жаз мезгілінде туристер де келеді.

«Жазда туристер көп келеді. Баққа кіру – тегін. Коллекциялық өсімдікті сатып алатындар болады. 2015 жылы ботаникалық бақтың 80 жылдығы өтті. Сол кезде 52 мемлекеттің ғалымы келді. Қазіргі уақытқа дейін шетелдік ғалымдармен байланыстамыз. Қырғызстан, Ресей, Украина, Франциядан ғалымдар келіп, тәжірибе алмасады. Біздің мамандар ол жаққа барады», - дейді ол.

Оның айтуынша, елімізде Маңғыстауда, Алматыда және елордада ботаникалық бақ бар.

«Алтай ботаникалық бағы гербари қорына бай. Басқа бірде бір ботаникалық бақта ондай жоқ деуге болады, бұл еліміздегі бірегей ботаникалық бақ десек – артық айтқандық емес. Алдағы уақытта Маңғыстау эксперименталды ботаникалық бағымен тығыз жұмыс істеуді жоспарлап отырмыз», - дейді директор міндетін атқарушы.

https://www.inform.kz/kz/adamga-tugan-zherinde-osetin-dari-osimdiktin-shipasy-mol-altay-botanikalyk-bagynyn-direktory_a3775503

«« | »»
Соңғы жаңалықтар