Қазақстан ғылымы

Жапонияда құрттан 16 түрлі пайдалы қоспасы бар дәрі жасаған қазақ

01.10.2021

2379

Ұлттық тағамдардың денсаулыққа пайдалы екенін қарттарымыз жиі айтады. Бірақ, соған аса мән бере қоймайтынымыз анық. Жапон елінде тұрып жатқан қандасымыз Әбдібек Қалибек кәдімгі ұлттық тағам - құрттың адам ағзасына пайдасы көп екенін дәлелдеп отыр. Ол жапондық орталық ауруханада жұмыс істейді. Жапонияның орталық ауруханасы болса, онда ол міндетті түрде заманауи қондырғылармен жабдықталған дей беріңіз. Міне, сол жерде Әбдібек құрттың суынан дәрі жасап жатыр екен.

Қытайда Шыңжаң медициналық университетінде клиникалық медицина мамандығы бойынша білім алған дәрігер дәрі-дәрмек жасап, оны Қазақстанға экспорттайды. Он жылдан бері зерттеп жүрген биоқоспаларын биыл сынақтан өткізіп көрмекші екен.

«Мен ойлап тапқан биоқоспаның бірі адамның иммунитетін көтеріп, қартаюдың алдын алып, ішек құрылысының жұмысын реттейді. Сосын өзіміздің ұлттық тағамымыз құрттың сары суынан бір биоқоспа жасап жатырмын. Оны «Фузилакс» деп атадым. Өнімді әрі атауын патенттеп алдым. Бұл дәрі де иммунитетті көтереді, сосын оның спортшыларға тигізетін пайдасы көп. Олар әдетте бұлшықетін қатайту үшін көбіне ақуыз ішіп жатады ғой. Құрттың суының да сондай қасиеті бар? Бұл қоспаның ішінде он алты түрлі құрам бар», – дейді ол.

Әбдібек Қалибек құрт суынан он төрт түрлі құрам табуға болатынын, тіпті қатықтың сары суының да адам ағзасына пайдалы екенін айтады. Оны қазақтың медицинасын зерттей келе түсінген. Қазақтың әдет-ғұрыптарынан медицинаға қатысы бар көп нәрсені үйренуге болады дейді дәрігер. Ата-бабаларымыз түрлі ауруларды емдеу үшін шөптен түрлі дәрілер жасаған. Жылқы майы, түйе терісі, тауық жұмыртқасының емдік қасиетін дұрыс пайдалана білген. Тіпті, олардың жеті атаға толмай, қыз алыспау дәстүрі де генетика іліміндегі басты негіз.

Айта берсек, құнды мәліметтер көп, бірақ құр сөзбен қуырдақ қуырғанша, дәлел келтіруіміз керек, деп отыр мединицина маманы. Ол тарихи Отанына тек дәрігер ретінде емес, елдегі медицина жүйесін өзгертетін білікті маман ретінде келіп, еңбек етсем деп отыр.

Материал https://turkystan.kz/article/154388-ebdibek-kalibek-zhaponiyada-kurttyn-suynan-16-turli-paydaly-kospasy-bar-deri-ezirledim/ деректері бойынша дайындалды.

«« | »»
Соңғы жаңалықтар