Қазақстан ғылымы

Үлкен британика энциклопедиясына енген қазақ

28.06.2023

836



Ғұламалар алыстаған сайын олардың ерек бітімдері айрықша асқақтай түседі. Отандық математиканың бүгінгідей биік деңгейге жетіп, мәртебесінің асқақтауына үлкен үлес қосқан жан – физика-математика ғылымдарының докторы, профессор, Қазақ ССР Ғылым академиясының корреспондент-мүшесі Төлеубай Аманов. 

Қазақ математика ғылымының даму, өсіп-өркендеу тарихына қатысты көп жағдай Т. Амановтың есімімен тығыз байланысты. Іргесін қазақ математикасының атасы – Сәдуақас Боқаев қалаған Семей математикалық мектебі Екінші дүниежүзілік соғысынан кейін Т. Амановтың арқасында өзінің бұрынғы тұғырына қайта көтерілді. Тап осы кезде бастау алған Т. Амановтың ғылыми-педагогикалық қызметі өңірімізде ғана емес, Отанымызда математиканың жаңа салалары мен тармақтарының дамуында өзіндік айрықша қолтаңбасын қалдырды.

Соғыстан кейінгі жылдардағы қиындықтарға қарамастан, Мәскеуге барып, ТМД-ның талай математиктер буынын тәрбиелеп шыққан қос академик М.Келдыш пен А. Колмогоровтардың қатал сынынан өтіп, солардың ақ батасымен ғылыми жетекшісі Ресей ҒА академигі В. Стеклов атындағы Математика институтының белді мүшесі С. Никольский болып, 1951-53 жылдары аспирантураға қабылдануы Т. Амановтың ғылымдағы тасының өрге домалауы еді. Бас-аяғы үш жылдың ішінде бигормондық функцияның кей қасиеттері бойынша кандидаттық диссертациясын абыроймен қорғап, жаңа ғылыми идеялармен рухтанып елге оралды.

Математика барлық ғылымның падишасы болып саналса, ұстаздың қиыннан қиюын тауып, түрен салған ғылымы – «функциялар теориясы мен функционалдық анализ» сол математиканың негізі болып саналады. Тап осы салада «Аманов кеңістігін» ашып, өзін әлемге мойындатқан ғылыми ерлігі ұрпақтар санасында мәңгіге сақталады. Төлеубай Аманов математика ғылымының күрделі салалары болып есептелетін функциялар теориясы мен функционалдық анализді тереңдей талдап, өз тарапынан бірталай өзгерістер енгізді. «Енгізілу теоремасына» ұстазы, академик Никольскиймен бірлесе ұлан-ғайыр еңбек етіп, әлемге танылды. Осылайша көпжылғы ғылыми еңбегінің арқасында «кеңістіктің SB атты функциялық кластарының тұйық теориясын» жасаған, өзінің осы теориясының негізінде тікелей және керісінше енгізілу теоремалары толық дәлелденіп, оларды интерполяциялану, нақ шек­сіз сандардан комплекстеу әдістерін ашты.

1967 жылғы Сібір сапарынан еліне мерейі өсіп, көз майын тауысқан ғылыми жұмысы – «Аралас туынды басым келетін функция кластарының өзіндік қасиетін зерттеу» аса жоғары бағаланып, ғылым докторы болып қайтты. Одан бір жыл бұрынырақ болған, еліміздің есінде қалған Т. Амановқа қатысты ерекше оқиға: 1966 жылы дүниежүзі математиктерінің Мәскеуде өткен халықаралық XIIІ конгресіне түркі әлемінен маңдайы жарқырап жалғыз өзі қатысуы неге тұрады!? Жиында Т. Аманов «Сыйыстыру және жалғастыру теоремалары» деген тақырыпта баяндама жасады. Енді сәл шегініс жасап, ғұламаның жолдасы А. Барлыбаевтың айтуы бойынша, ғалымның әлемге танылуы, еңбегінің бағаланып, «үш әріптің» рұқсатымен арнайы есепшот ашып, еңбегінің игілігін көріп, АҚШ-тан ақша алып тұруы қырғиқабақ соғыс кезінде елдің түсіне кірмейтін оқиға десек, ақиқаттан алшақ кетпейміз. Енді АҚШ-тан келген мына бір хат жолдары ғалымның әлемдік беделі қандай болғанынан сыр шертеді: «Қымбатты профессор Аманов! Америкалық математика қоғамы басылымдарының арасында сіздің ағылшын тәржімесіндегі мақалаңыздың болуын өзімізге құрмет санаймыз...» – деген хаттар легі 1966-75 жылдар арасында еш толастамады. Ғалымның өзі де шетелге ғылыми сапарларға шығып, Канада, АҚШ, Батыс Алмания, Англия сияқты елдердің ЖОО-ларында теорияларының, «Аманов математикасының» арнайы курс болып оқытыла бастауы жалғыз қазақтың ғана емес, бүкіл Орта Азияның ғылыми айбынын асқақтатқан сол әміршіл-әкімшіл жүйенің ойына келмеген ғажайып оқиға деуге болады. Т. Аманов – атақты Үлкен Британика энциклопедиясына енген санаулы қазақтардың бірі.

Энциклопедиялық білімге ие ғалымды бір ғана ғылым саласына теліп қою ағаттық болар еді. Ғалым тек өз зерттеуін «ұлы ұлт» тілінде жазып, туған тілін өгейсіткен жоқ, қайта тілімізде бұрын болмаған математикалық ұғым-түсініктерді ана тілімізде сөйлетуге де, арнайы оқулықтар жазуға да белсене атсалысты. Қазақ ғылыми тіліне өз тарапынан бұрын баламалары болмаған дербес туынды, дербес шек, дербес қосынды, іштескен кесінділер сияқты талай жаңа сөздерді енгізді. Бұл Амановтың тілшілік қырын танытса, 1961 жылғы 18 сәуірде «Семей правдасына» Қажи Нұрсұлтановпен бірігіп жазған «Жас жанрдағы жаңа шығарма» атты көлемді мақаласы жерлесіміз, фантаст-жазушы Медеу Сәрсекеевтің әдеби әлемдегі тұсауын кескен құнды туынды болды. Онда қазақ әдебиетінде кенжелеу дамыған детектив пен фантастика сияқты прозалық жанрлардың спецификалық табиғаты, автордың жетістігі мен кемшін тұстары жан-жақты ғылыми нақтылықпен талданды. Сыныптастарының естелігі бойынша: Аманов сол кезде жастар арасында хитқа айналған «Три танкиста» деген туындыны қазақшалаған екен. Нота тануы, ғылымнан қолы босаған кезде гитарада ойнауы, халық және классикалық туындыларды жетік білуі ғұламаның сегіз қырлы, бір сырлы өнер иесі болғанын танытады. Қазақтың ірі ақындары тұтқындалып, атылған кездегі дәуірде жұтаңдаған Семей өңіріндегі әдебиет майданына Т. Амановтың ақын ретінде танылғанын ғұламаның құрдасы Рахымжан Әубәкіров жыр қылып айтады. Әттең, Т. Амановтың бірде-бір әдеби туындысы сақталып қалмапты. Оны іздестіріп тауып, жұртшылық назарына ұсыну болашақ әдебиет зерттеушілерінің игі ғылыми мақсаты.

Аманов мектеп қабырғасында жүргенде спорт падишасы – шахматтан ересектер арасында республика жеңімпазы атанғанын бүгіндері екінің бірі біле бермейді. Үлкен ғылыми ерлігінің бірі қолдан жасалған орыстандыруға қарсы тұрып, Семей педагогикалық институтында қазақ бөлімдерін ашуы неге тұрады десеңізші!? 1957-58 жылдары бұрын жабылып қалған математиканы оқытудың қазақ бөлімдерін ашып қана қойған жоқ, қазақ тілінде сабақ беретін ғалымдар плеядасын өмірге әкеліп, қазақ білім беру саласының көсегесін көгертті.

Амановтардың математикалық династиясы қазақ ғылымының өркендеуіне өзінің зор үлесін қосуда. Бұрын өзін шақырып келтіре алмай жүрген шетелдерде енді, міне, өз бауырынан тараған ұрпағы: Нұргүл Төлеубайқызы АҚШ-тың Сан-Диего университетінің профессоры болып, қазақтың атын аспандатып, жұмыс істеп жатқан жайы бар.

Есімі ХХ ғасырдағы қазақ зиялыларының алдыңғы буын өкілдері: Қ. Сәтбаев, М. Әуезов, А. Тайманов, Ә. Марғұлан, А. Бектұров, Е. Бөкетов, А. Қайыпов, Ш. Есенов сияқты ғылымдармен қатар айтылатын тұлға туралы көкейімізде жүрген ойларды ақ қағаз бетіне түсіріп, рухына бас иеміз.

Оралтай ЖОЛЫМБАЕВ,
Шәкерім атындағы Семей мемлекеттік университетінің профессоры. 

Дереккөзі: https://www.kaznu.kz/kz/3/news/one/37825/ 


«« | »»
Соңғы жаңалықтар