Назарбаев Университетінің PhD докторонтурасының түлегі, генетик – Болат Сұлтанқұлов Ноттингем Университетінде генетика саласында оқыған. Қазақстанда технологиялық биостартаптар құрумен айналысқан. Founder Institute бизнес инкубаторының негізін қалаушылардың бірі.
34 жастағы жас ғалым бұл күнге дейін адам терісі мен сүйегін қалпына келтіру бойынша ғылыми жобаларды қорғап үлгерген. Болат Сұлтанқұловтың айтуынша, ғылыми жұмыстарындағы басты мақсаты дің жасушаларын қолдану арқылы полимерлерді жасау болып табылады.
Алынған полимерлер сүйекті қалпына келтіруге көмектеседі. Мысалы, онкологиялық сүйек ауруларымен ауыратын адамдарға пайдасы тиеді деп отыр ғалым. Сүйектегі ісік алынып, орнына осы полимерді салу арқылы емдеуге болады екен. Тіпті отандық ғалым ойлап тапқан полимерлер Жапон елінде де сынақтан өткен. Жапон ғалымдары оның сапасын жоғары бағалап отыр. Оның үстіне бағасы да қолжетімді.
Естеріңізге сала кетейік, Болат Сұлтанқұлов пандемия кезінде 15 минут ішінде коронавирусты анықтайтын антиген тест жасап шығарған болатын.
Болат Сұлтанқұлов:
– Қытай, Америка ғалымдарының тесттерінде антиденелер қолданылады. Біз наноденелерді пайдаланамыз. Себебі, наноделерді шығару әлдеқайда арзан әрі оған шағын лаборатория да ыңғайлы. Антиделерді шығару үлкен арнайы жабдықталған зауыттарды талап етеді. Оған қыруар қаржы қажет. Сондықтан шағын мемлекеттер үшін бұл таптырмас жол. Қазіргі таңда Covid-19-ды жеңдік деп айту қиын. Өйткені Омикронды жойғанымызбен, Дельта варианты адам популяциясында әлі айналып жүр. Короновирус грипп сияқты бізбен бірге қала бермек.
Болат Сұлтанқұлов отандық ғалымдардың онкологиялық ісіктің жасушасын қалыпты фенотипіне келдіргендерін де тілге тиек етті. Атап айтсақ, иммунотерапия қолға алынды. Яғни, иммун жасушалары организмдегі жаман жасушаларды іздеп тауып, жояды. Бұл әдіс алдағы уақытта, еліміздегі емдеу орталықтарында қолданысқа енгізіледі деп сенеді. Қазіргі таңда онкологиялық аурудың І, ІІ, ІІІ кезеңінде де емделіп шығуға мүмкіндік бар.
Болат Сұлтанқұлов:
– Бүгінде отандық ғалымдар жұмыс істемей гендерді жұмыс істейтін гендерге алмастыру технологияларын да қолдануда. Мұндай технология АҚШ, Ұлыбританияда кеңінен пайдаланылуда. Олар эмбриондардың гендерін ауыстыра алады. Алдағы 20-30 жыл ішінде бұл технологияны кез-келген емханаларда қолданып, аурулардың алдын алуға мүмкіндік ала аламыз деп ойлаймын.
Материал https://www.youtube.com/watch?v=K7Aiw-GBQZM деректері бойынша дайындалды.