Ғылымды дамыту – кез-келген мемлекеттің дамуын анықтайтын басты көрсеткіш. Ал ғылым саласындағы маңызды көріністің бірі – ғылыми зерттеулерге қаражат бөлу. Осы ретте әлемнің дамыған елдерінің ғылымды қаржыландырудағы тәжірибесінен мысалдар келтірсек.
Мемлекет қаржысын төпей-шашпай, құр атақпен, қайтарымсыз құрғақ жобаларды малданбай үлкен жетістікке жеткен елдердің бірі – Оңтүстік Корея. Алғашында олар ғылымды басқа мемлекеттердің ғылыми-техникалық жетістіктерін пайдалану арқылы дамытқан болатын. Ғылым мен техниканы дамыту экономиканың басты баспалдағы ретінде қарастырылды. Тек ғылыми зерттеу орталықтарына бөлінетін қаржының үлесі 1991 жылы 5,5 млрд долларға жетсе, қазір бөлінетін қаржы елдің ЖІӨ-нің 5%-ын құрайды, яғни бұл дегеніміз 11 млрд доллар. Ғылымға құйылған мұндай қомақты қаражат Оңтүстік Кореяны ғылыми-техникалық өркендеудегі көшбасшы мемлекетке айналдырды.
Қолда бар мәліметтерге сүйенсек, АҚШ ғылыми өнімдер экспортынан жылына 700 млрд доллар, Германия 530 млрд, Жапония 400 млрд доллар табады екен. Ал әлемдік нарықтағы ғылыми өнімнің ауқымы 3,2 трлн. АҚШ долларын құрайтын болса, оның 39%-ы АҚШ-тың үлесінде екен. Бұл елде ЖІӨ-нің 5%-ы ғылымды дамытуға жұмсалады. Байқағанымыздай, өркениетті елдерде іргелі және қолданбалы зерттеулерге баса көңіл бөлінеді және мелекеттік сектор мен жеке сектордың байланысы жоғары деңгейде.
Ғылым сыйымдылығы ЖІӨ-нің 3%-нан жоғары мемлекеттер техникалық прогресс жағынан алдыңғы қатарлы көрсеткішке ие. Әлемдік тәжірибе бойынша елдің экономикалық қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін ғылыми зерттеулерге жұмсалатын қаражат ЖІӨ-нің 2%-нан төмен болмауы керек. Ғылым сыйымдылығы ЖІӨ-нің 1%-на тең немесе одан кем болса, елдің ғылыми-техникалық қауіпсіздігі шектелген болып саналады, яғни мемлекеттің бәсекеге қабілеттілігі төмендейді, соның нәтижесінде ғылым қарқынды дами алмайды.
ҚР Статистика комитетінің мәліметтері бойынша Қазақстанда соңғы бес жылда ғылымға бөлінетін қаржы орташа есеппен ЖІӨ-нің 0,15%-ға тең. Бұл өте аз көрсеткіш, алайда Қазақстанда 2025 жылға қарай ғылымды дамытуға ЖІӨ-нің 1%-ын жұмсау көзделіп отыр.
ЖІӨ-нің 2016 жылғы тауар өндіру мен қызметтің жалпы қатынасы тиісінше 36,0%-ды және 57,9%-ды құраған.
Кестеден көріп отырғанымыздай ЖІӨ негізінен нақты экономиканың тауар өндірісі секторына және қызметтерді көрсетуге жұмсалған шығындарды, атап айтсақ құрамында ғылыми зерттеулер мен тәжірибелік-конструкторлық жұмыстарға (ҒЗТКЖ) жұмсаған шығындарға, кәсіби, ғылыми және техникалық қызметтерді атауға болады. Осыны негізге алып ғылымға жұмсалған 0,15% ЖІӨ-ні немесе ғылым сыйымдылығының ЖІӨ үлесін көрсетеді. Бүгінде еліміздің технологиялық көшбасшылары ғылым сыйымдылығына жұмсалатын қаражат көлемін ЖІӨ-нің 2,7-4,3%-на дейін көтеру туралы ұсыныс айтып жүр.
Мамандар тапшы ма?
ҚР Білім және ғылым министрлігі деректері бойынша, Қазақстанда 2017 жылы ғылыми зерттеулер мен әзірлемелермен 386 ғылыми ұйым, 22 081 адам айналысқан, оның ішінде 17 205-і зерттеуші мамандар. Олардың 7 733-і 35 жасқа дейінгі жас ғалымдар.
2018-2020 жылдарға арналған қаржыландыруға мақұлданған жобалар мен бағдарламалар арасында гранттық және бағдарламалық-мақсаттық қаржыландыру аясында 35 жасқа дейінгі жас ғалымдардың үлесі зерттеуге қатысатындардың жалпы санының 49,3%-ын құраған. Бұл – 2015-2017 жылдарға арналған зерттеулермен салыстырғанда 1,4 есеге артқандығын көрсетіп отыр.
Қазақстан ғылыми зерттеулермен тікелей айналысатын қызметкерлер көрсеткіші бойынша дамыған елдермен салыстырғанда көп қалып қойған. Жан басына шаққанда ғылыммен айналысатын қызметкерлер саны төмен. Қазақстанда ғылымға негізгі қаржы көзі мемлекеттік бюджеттен бөлінеді. Қаржы көзінен құйылатын қаражат көлемінің 5,3 млрд. теңгеге қысқаруы құрылымдағы ғылыми қызметкерлер санының қысқаруына, нақтылап айтсақ, ғылыммен айналысушылар санының азаюына алып келді. Және бір айта кетерлігі біздегі ғылыммен айналысушылардың денін ЖОО-ы ғалымдары мен ҒЗИ-дағы ғылыми қызметкерлер құрайды. Ал өндіріс орындарының ғылыми-зерттеу бөлімдері жоқтың қасы, ондай орындар зерттеумен айналыспай отыр. Осының бәрі жастардың ғылым саласына деген қызығушылығын жояды немесе басқа салаға ауысуына себеп болып отыр. Бұл онсызда тұралауға шақ тұрған саланы мамансыз қалдыру қауіпін туғызады.
Қаржы көздері
Кәсіпкерлік сектордың әдеттегідей республикамыздың ғылыми әлеуетін арттыруға қолдау көрсетуге құлықсыз екендігі байқалады. Ғылым саласына құйылған қаражат орташа есеппен 3 жыл шамасында нәтиже беретіндіктен, кәсіпкерлер бұл салаға қаржы құюға ынталы емес. Ал шетелдік инвесторларды ғалымдарымыздың инновациялық жобаларының бәрі қызықтыра бермейді. Жаңа экономикалық жағдайда инвесторларды тартудың бір бағыты ғылыми-техникалық қызмет болуы тиіс. Десе де 2012-2017 жылдар аралығында көрсеткіш шетелдік инвесторлардың ғылыми-зерттеу және тәжірибелік-конструкторлық жұмыстарға құятын қаржы көлемінің 4 есеге артқанын көрсетіп отыр. Осы ретте ғалымдарымыздың экономиканы дамытуға негізделетін ғылыми жобалармен айналысуы да маңызды.
2017 жылы ғылыми зерттеулер мен әзірлемелерге жұмсалған ішкі шығындар 68,9 млрд теңге болған, бұл алдыңғы жылмен салыстырғанда 3,4%-ға жоғары. Қаржыландыру құрылымында қолданбалы зерттеулерге жұмсалатын қаржы 14%-ға, тәжірибелік-конструкторлық жұмыстарға 1,4%-ға артуы аталмыш салаларға жаңа серпін әкелгендей. Дейтұрғанмен бұл еліміздің басқа салаларға жіберіп жатқан қаржыларымен салыстырғанда өте аз көрсеткіш.
Ғылымға құйылатын инвестиция көлемі өскен сайын ғылым сыйымдылығының ЖІӨ-ге әсер етуі де артады да, сәйкесінше жалпы өнім бастапқы ақшалай салым мөлшеріне қарағанда әлдеқайда көп мөлшерде өсетін болады. Нәтижесінде бастапқы әсердің пайда болуы екінші және одан да кейінгі әсерлерді тудырып отырады. Міне, сондықтан да әлемнің көптеген елдері ғылымды қаржыландыруға баса назар аударып отыр.
Қазақстанның ғылым саласын саралай келе, ең алдымен, еліміз үшін маңыздысы ғылымға бөлінетін қаржы көлемін арттыруда екеніне көзіміз жете түскендей. Өйткені мемлекеттік сектордан бөлінетін қаржы көлемі артқанда ғана болашағы зор көптеген ғылыми жобалар мен идеялар іске асырылып, нәтижесін бере бастайтынын уақыттың өзі дәлелдеді. Себебі ғылым сыйымдылығы ЖІӨ-нің 1%-на тең немесе одан кем болып саналса елдің ғылыми техникалық қауіпсіздігі шектелген болып саналады.
Арайлым Бимендиева
Дереккөзі: qazaqtimes.com
Фото: sb.by