Ұлттық ғылыми кеңестің жұмысына қатысқан белгілі ғалым, биология ғылымдарының докторы, академик, Қазақ өсімдікті қорғау және карантин ғылыми-зерттеу институтының бас директоры Абай Сағитов Ұлттық ғылыми кеңестің жұмысына қатысты пікірін білдіріп, ұсыныстарын айтты.
– Қазіргі таңда Ұлттық ғылми кеңес өзіне тапсырылған міндетті жоғары деңгейде атқарып келеді. Өйткені кеңеске мүше ғалымдар дүниежүзі мен еліміздегі ғылыми үрдістерді жетік білетін мамандар. Ғылыми жұмыспен айналысып, шетелдің импакт-факторлық көрсеткіші жоғары ғылыми журналдарына мақала жариялаған ғалымдар ғана Ғылыми кеңеске мүше бола алады.
Сондықтан Ұлттық ғылыми кеңес ғылыми жобалар мен нысаналы ғылыми бағдарламаларда қаржыландыруға қатысты әділ шешім қабылдайтын маңызды қоғамдық мәні зор ұйымға айналып отыр десем артық айтқандық болмас еді.
Өз басым Ұлттық ғылыми кеңестің жұмысына қатысқалы бері кеңеске мүше болған әріптестерімнің бұра тартқанын көргенім жоқ. Бүгінде кеңес мүшелері өздерінің ғылыми жобаларға қатысты таза кәсбіи ұстанымы еліміздің өркендеуіне әсер ететінін жақсы біледі. Сол себепті олар жілігі татитын, Қазақстан ғылымын алға сүйрейтін маңызды ғылыми жобаларды қолдап, дауыс беруде.

Ғылыми кеңес мүшелерінің ой-пікірімен келіспеген ғалымдарды шақырып, олардың уәждерін тыңдап, ойларына құлақ түрдік. Талай рет мәселенің ақ-қарасын айырдық. Осылайша Ұлттық ғылыми кеңес мүшелері өте тиімді жұмыс істеді.
Қазақ ғалымдары бұған дейін ғылыми жобаларын айналысып, еңбектерін қағазға түсіріп, сөреге жинап қоюшы еді. Ғылымды қаржыландырудың жаңа жүйесі ғалымдардың ғылыми-зерттеу жұмыстарын терең жүргізуіне, әлемдік ғылыми қауымдастықпен ынтымақтасуына көп әсер ектенін айтуға тиіспін.
Иә, ғылымның кейбір салаларында ғылыми-зерттеу жұмыстарының нәтижелерін өндіріске енгізу өте үлкен мәселе екенін түсінемін. Ал ауыл шаруашылығында ғылыми жобалардың нәтижелерін өндіріске енгізу өз жемісін бере бастады.
Алдағы жылдан бастап Ғылыми кеңестің мүшелерін қайта жасақталатыны белгілі. Жаңа кеңес мүшелерін жасақтауға қатысты талапта Ғылыми зерттеу институттарының директорларын мүшелікке тарту ісіне шектеу қойылған. Мен осы бір мәселемен келіспеймін. 2012 жылдан бері жүзеге асып келе жатқан ғылымды қаржыландыру жүйесі кезінде Кеңес мүшелері ғылыми жұмысты әділ бағалаудың қаншалықты маңызы зор екенін түсінді. Мүшелікке тартылған ҒЗИ басшылары өзінің ғалымдарына мүддесін қорғауы мүмкін деген «қауіппен» келіспеймін. Қайта Ұлттық ғылыми кеңесте салтанат құраған әділдік еліміздегі ҒЗИ-дің табысты, ашық жұмыс істеуіне негіз болады деп есептеймін. Оның үстіне ҒЗИ директорлары бірнеше ғалыммен жұмыс істеп, көптеген ғылыми жұмыстармен танысып, мол тәжірибе жинайды. Сондықтан ҒЗИ директорларының жылдар бойы жинақтаған іс-тәжрибесін Ұлттық ғылыми кеңесте пайдаланудың мәні зор деп есептеймін.
Жазып алған Нұрлан Жұмақанов,
«ҰМҒТСО» АҚ Қоғаммен байланыс бөлімі.