Ғылыми жаңалықтар

ҚазҰУ ғалымдары гуминді қышқыл алудың тың технологиясын ұсынды

17.01.2017

5499

Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ жанындағы Жаңа химиялық технологиялар және материалдар ғылыми-зерттеу институытның ғалымдары елімізде өндірілетін қоңыр көмірден гуминді қышқыл алудың технологиясын ойлап тапты, – деп хабарлайды «Мемлекеттік ұлттық ғылыми-техникалық сараптама орталығы» АҚ Баспасөз қызметі.
Маңызды ғылыми-зерттеу жұмысына х.ғ.д., профессор Е.А.Әубәкіров жетекшілік жасаған.
Гуминді қышқыл – молекулалық құрылымы жоғары табиғи ортада органикалық түрде кездесетіні белгілі. Ол өсімдік шірінділерінен пайда болатындықтан, гуминді қышқыл микроорганизмдерге бай қарашірінді, су және оттегіден тұрады.
Бүгінде гуминді қышқыл сауықтыратын қасиетке ие болғандықтан ғалымдар оны медицина мен ветеринария саласында кеңінен қолданып келе жатқанын білеміз. Оның құрамы 70 жуық пайдалы зат мен 20-ға жуық аминқышқылдары бар. Сонымен қатар гуминді қышқыл пептид, минерал, гормон, полифенол, хинонға өте бай.
Жақында ҚазҰУ ғалымдары еліміздегі «Қияқты», «Ой Қарағай», «Мамыт» кеніштеріндегі қоңыр көмірден гуминді қышқыл алуға болатынын ғылыми тұрғыдан дәлдеп берді. Олар көмірді ультрадыбыстық өңдеуден өткізіп, гуминді қышқыл алудың тың технологиясын ұсынуда. Осылайша қазақ ғалымдары гуминді қышқыл алудың дәстүрлі жолының орынын басатын тиімді тәсілді тауып, ғылыми ортаның қолдауына ие болды.
Алдағы уақытта ультрадыбыстық өңдеу арқылы алынған гуминді қышқылдарын мал шаруашылығы саласында жануарлардың өсуін жеделдететін стимулятор және микротыңайтқыш ретінде пайдалануға болатынын айтуда.

«« | »»
Соңғы жаңалықтар