Өзектi

«Қазақ тұлпарлары» ғалымдары жабағы мен жас тайдың қоңын арттыратын жаңа құрама жемнің түрін ойлап тапты

30.09.2016

5585

«ҚазАгроИнновация» АҚ-ның қолдауымен «Қазақ тұлпарлары» серіктестігінің ғалымдары 18-24 айлық жабағы мен жас тайлардың тез жетілуін қамтамасыз ететін жаңа құрама жемнің түрін дайындап шығарды. Бұл жайында «Ұлттық ғылыми-техникалық ақпарат орталығы» АҚ-ы Баспасөз қызметі хабарлайды.
Жабағы мен жас тайларға арналған жаңа құрама жемді дайындау жобасына ауыл шаруашылығы ғылымдарының докторы А.Р. Әкімбеков пен «Қазақ тұлпарлары» ЖШС директоры, ауыл шаруашылығы ғылымдарының докторы, академик Н.А.Кикебаев жетекшілік жасағанын айта кетуіміз керек.
Жобаның мақсаты жас кезінде сүттен қажетті азықтарды ала алмаған жабағы, тайлардың қоңын арттыруды көздеген.
Жас жылқы малының 18-24 айлық кезінде сүйек пен бұлшық еттері өсіп жетілетіні белгілі. Сондықтан дәл осы уақыт аралығында жас тайлар жем-шөптен қажетті дәуірмендерді толық алып үлгере алмайды. Осы жайтты басшылыққа алған «Қазақ тұлпарлары» серіктестігінің ғалымдары жаңа құрама жемді дайындау кезінде оның құрамында ақуыз (бұлшық еттің өсуін қамтамасыз етеді), калций (сүйектің өсуін қамтамасыз етеді) және каротин мен мырыштың (жыныстық жүйе мен терісінің дамуын қамтамасыз етеді) жеткілікті болуына айрықша мән берген. Ғалымдар құрама жемді дайындау барысында қажетті өлшемдерді сақтаған.
Нәтижесінде жаңа құрама жеммен жемдеген жабағы мен тайлардың тірі салмағы 30 пайызға дейін артып, экономикалық тиімділік көрсткіші 8,7 пайыздан 16 пайызға дейін артқан. Осылайша жаңа жем жас тайлардың тез арада күйін арттыруға мүмкіндік туғызып отыр.

«« | »»
Соңғы жаңалықтар