Бүгiнде әлем ғалымдары адамның басын ауыстыру мақсатындағы отаға дайындық үстiнде. Соның алдында олар хайуанаттарға тәжiрибе жасап көрген және ол сәттi болып шыққан. Мысалы, осыдан үш-төрт ай бұрын Қытай ғалымдары маймылдың басын ауыстырған. Бiр ғажабы, маймыл тiрi қалған. Ал итальян нейрохирургi Серджио Канаверо келесi жылы ресейлiк В.Спиридоновқа ота жасауға бекiнiптi.
Канавероның ресми мәлiмдеме жасамай, ғылыми мақала жарияламай, мұны кенеттен естiрткенi дүние жүзi ғалымдарының жағасын ұстатты. Нейрохирургтiң айтуынша, дәрiгерлер толық трансплантация жасағалы отырған жоқ. Олар әзiрге бас денеден бөлiнгеннен кейiн де мидың зақымданбайтынына көз жеткiзгiлерi келетiн көрiнедi. Мысалы, маймылға жасалған ота соны көрсеткен. Нейрохирургтер тиiстi сараптамаларды жасап болғанша 20 сағат өткен. Сол аралықта маймылдың миында ешқандай ауытқушылық болмаған. Осы жобаның жетекшiсi Сяопин Жэннiң пiкiрiнше, мұндай тәжiрибе бұрын тек кемiргiштер мен адам мәйiттерiне ғана жүргiзiлген.
БОЛАШАҚ ШАХМАТЫ – ОСЫ
Көзiмiзге ыстық көрiнетiн шахматтардың дәл осы күйiнде өзгермей келе жатқанына мың жылдан асыпты. Бiрақ жапондар осынау классикалық ойынға жаңашылдық үстеу тәсiлiн тапты.
Ойынның жаңартылған нұсқасы Speed Chess деп аталады. Мұнда шахматтың баяғыдан келе жатқан ескi тақтасын сенсорлық дисплей алмастырады, ал ойыншылар фигураларды кезекпен емес, ендi бiр мезетте жылжытады, онда да шектеулi уақыт аясында.
“Жылдам шахмат” дисплейi ойыншылардың қимылын қадағалап тұрады, әрi ойыншы фигураны алған кезде жүретiн бағытына сәуле түсiредi және уақытты есептейдi.
Онсыз да түрлi гаджеттермен мұздай “қаруланған” жаңа ұрпақты мұндай шахмат ойыны алға жетелей ме әлде керi кетiре ме?! Ол – әрине, бөлек әңгiме.
БIР ҚАЛАМДА – САНСЫЗ РЕҢК
Шығармашылықпен айналысатын адамдар жұмыс барысында түрлi-түстi сиялы бiрнеше қаламды қатар пайдаланғаннан гөрi, солардың әмбебап бiреуiн ғана ұстағанды қолайлы көредi. Рас, бiрнеше сиялы жуан қаламсаптар бар. Бiрақ Scribble Pen гаджетiнiң жанында олардың мүмкiндiгi айтарлықтай шектеулi.
Scribble Pen – өзiнiң қосалқы жадында 100 мың түстi сақтай алады. Құрылғы екi нұсқада, яғни көп рет пайдаланылатын картридждi сия қалам және сенсорлық экранды смартфондар мен компьютерлерге арналған стилус түрiнде. Әмбебап қалам таяу арада саудаға шығарылуы ықтимал.
“ТЕМIР АДАМ” ЗОРЛЫҚҚА БЕЙIМ
Британияның Хаддерсфилд қаласында тұратын 7 жасар Оливия Фарнсворт –генетикалық үш түрлi ауытқушылыққа ұшыраған, әлемдегi жалғыз адам.
Осы ауытқушылықтың салдарынан ол бiр жерiнiң ауырғанын, қарны ашқанын, шаршағанын сезбейдi. Анасы оны “темiр адам” деп атайды. Бiрде көшеде Оливияны көлiк қағып, бiраз жерге дейiн ұшырып жiбередi. Қыз бала орнынан тұрып, үстiн қағады да, кете бередi. Генетикалық ауытқушылықтың әсерiнен Оливияның шашы баяу өседi және өзi зорлық-зомбылыққа бейiм. Ауырғанның не екенiн түсiнбейтiндiктен, ашуына тисе, үлкен демей, кiшi демей, басымен де, аяғымен де ұрып, таптап тастауға да барады.
Дерккөзі: kaztimes.com