Тараз мемлекеттік педагогикалық институтына Кембридж Университетінің профессоры Элейн Уилсон арнайы іс-сапармен келді. Сапар аясында шетелдік ғалым оқу орнының материалдық-техникалық базасымен, ғылыми орталықтарының жұмысымен танысты.
Іс-сапардың мақсаты – Тараз мемлекеттік педагогикалық институты базасында Foundation бағдарламасын іске асыру төңірегінде келіссөз жүргізу және оқу ордасының профессор-оқытушыларына арнап семинар өткізу.
Э. Уилсон Химиялық зертханалар кешенінде, Агробиостанциялық кешенінде, «Жерұйық» этнографиялық орталығында сондай-ақ «Бауыржантану» және Жүсіп Баласағұн атындағы Түркістан өлкесінің тарихын зерттеумен айналысатын ғылыми орталықтарда болды.
Сонымен қатар Кембридж Университетінің профессоры «Как правильно проводить научно-исследовательскую работу», «Подготовка будущих учителей» тақырыптарында семинар-тренинг жүргізді. Оған Тараз мемлекеттік педагогикалық институтының профессор-оқтыушылары мен қызметкерлері қатысты.
Элейн Уилсон, Кембридж Университетінің профессоры:
– Кейінгі жылдары білім беру шеңберіндегі ғылыми-зерттеу жұмыстарының көлемі едәуір өсті. Білім беру ошақтарындағы педагогтар мен басшылар зерттеу-іздену жұмыстарының жаңа функциясын батыл түрде барлық кезеңдерін іске асыруға тырысуда, ал педагогикалық ізденіс педагогтер үшін кәсіптік қызметтің басты бағыттарының бірі болды. Педагогика дамуындағы негізгі фактор оның үнемі толықтырылып отырылуында және зерттеу әдістерінің нақтылығында. Педагогика ғылымының жаңа тәсілдермен толықтырылуы басқа ғылымдармен тығыз байланысының арқасында. Зерттеу жұмыстарының педагогикамен байланысы жоғары қарқынмен дамуда.
Сондай-ақ сапар аясында Академик Мырзатай Жолдасбеков атындағы Академиялық ұтқырлық және халықаралық ынтымақтастық орталығында Foundation бағдарламасын іске асыру туралы сұхбат жүргізіліп, Кембридж Университеті мен Тараз мемлекеттік педагогикалық институты арасындағы әріптестік қарым-қатынасты дамыту жақтары сөз болды.
Дереккөзі: tarmpi.kz