Өзектi

Таразда «Қазақ хандығы» энциклопедиясының тұсаукесері өтті

19.10.2015

6866

Тараз мемлекеттік педагогикалық институтында «Қазақ хандығы» энциклопедиясының тұсаукесер рәсімі өтті.
Қазақ хандығының 550 жылдық мерейтойына орай өткен жиынға ҚР Парламенті Сенатының депутаттары, жоғары оқу орындары ректорлары мен тарихшылар қатысты, деп хабарлады білім ордасының баспасөз қызметінен.

Жиынды ТарМПИ ректоры Дария Қожамжарова ашты. Ол өз сөзінде тарихтың ең маңызды құндылық екенін, Елбасымыз қолдау білдірген «Мәдени мұра», «Халық тарих толқынында» бағдарламалары аясында ұлтымыздың ұлы тарихын тануға кең жол ашылғанын, Қазақ хандығының құрылу, қалыптасу тарихына арналған осынау сүбелі еңбектің мазмұны өте жоғары екеніне тоқталды.

Энциклопедия Елбасының «Ата тарих аманаты - түркі дүниесінің бірлігі» атты сөзімен басталған. Жамбыл облсының әкімі Кәрім Көкірекбаевтың мақаласы да кітаптың мазмұнын байытып тұр. Ғылыми еңбек ТарМПИ жанындағы Жүсіп Баласағұн атындағы Түркістан өлкесінің тарихын зерттеу орталығында дайындалған. Энциклопедияда Қазақ хандығына қатысты ғылыми зерттеулердің нәтижелері барынша молынан енгізілген. Қазақ хандығының тарихында өзіндік із қалдырған хандар, сұлтандар, билер, батырлар, ақындар мен жыраулар және өзге тұлғалар мен тарихи оқиғаларды жан-жақты қамтыған 360-қа жуық мақала, 300-ден астам суреттер мен карталар берілген. Сонымен қатар, Қазақ хандығы тарихын зерттеуге елеулі үлес қосқан ғалымдар жайлы мәліметтер де бар. Энциклопедиялық басылымды даярлау туралы идеяның авторы - Жамбыл облысының әкімі Кәрім Көкірекбаев, Бас редакторы - ҚР ҰҒА корреспондент мүшесі, тарих ғылымдарының докторы, профессор, Тараз мемлекеттік педагогикалық институтының ректоры Дария Қожамжарова.

Ғылыми еңбектің лентасын Мемлекет тарихы институтының директоры Бүркіт Аяған мен Шоқан Уәлиханов атындағы Тарих және этнология институтының директоры Хангелді Әбжанов салтанатты жағдайда кесті. Сонымен қатар, жиын барысында тарих ғылымдарының докторы, ҚР ҰҒА корреспондент-мүшесі, профессор Дария Қожамжарованың «Қазақ хандығы» атты монографиялық еңбегі де оқырмандарға жол тартты. Мұнан бөлек, шара аясында ТарМПИ жанындағы Жүсіп Баласағұн атындағы Түркістан өлкесінің тарихын зерттеу орталығында жарық көрген бірқатар кітаптардың таныстырылымы өтті.


Автор: Марлан Жиембай

Дереккөзі: inform.kz

«« | »»
Соңғы жаңалықтар