Өзектi

«Ұлы Дала елі» экспедициясы барысында жиналған деректер оқулықтарға енеді

12.10.2015

5449

50 мың қатысушы, 20 мың шақырым жүрілген жол, 2 мыңнан астам суреттер мен жүздеген мәліметтер мен архивтік құжаттар - бұлар Қазақ хандығының 550 жылдығына арналған «Ұлы Дала елі» тарихи-мәдени экспедициясының қорытындысы.
Еске сала кетейік, 11 қыркүйек күні Қазақстанның үш қаласында (Астана, Ақтау, Павлодар) Қазақстан халқы Ассамблеясының бастамасымен «Ұлы Дала елі» экспедициясы бастау алып, Тараз қаласында аяқталған болатын. Экспедицияға Қазақстан халқы Ассамблеясының өкілдері, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаттары, «Қоғамдық келісім» РММ, Мәдениет және спорт, Білім және ғылым министрліктері мен ғылыми және шығармашылық орта өкілдері, жастар ұйымы мен БАҚ қатысты.

«Экспедицияның идеясын Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев айтқан болатын, - деді ҚХА төрағасының орынбасары Ералы Тоғжанов. - Тарихты зерттеуге бағытталған бұндай көлемдегі ірі жоба алғаш рет жүзеге асырылып отыр. Бұған түрлі сала бойынша 50 мыңнан астам адам қатысты. Ғалымдар тобы Қазақстанның барлық жерлерінде дерлік болды. Тіпті Ұлытау шыңдарында, Берікқара шатқалы мен көшпенділер жүз жыл бұрын өмір сүрген көне қорғандарды аралады. 350-ге жуық іс-шара ұйымдастырылып, БАҚ беттеріне 400-ден аса материал жарық көрді».

«Ұлы Дала елі» экпедициясының мақсаты - Қазақстан халқының тарихи-мәдени және рухани мұрасын оқып-үйрену мен насихаттау негізінде азматтардың бірегейлігі мен ұлттық бірлігін нығайту. Сондай-ақ экспедиция кезінде қазақ мемлекеттілігінің қалыптасуына қатысы бар тарихи ескерткіштердің тізімін жасау міндеті тұрды.

Жамбыл облысында экспедиция Мойынқұм ауданында болды. Онда Қазақ хандығының құрылуымен тығыз байланысты тарихи жерлерді аралады. Атап айтқанда, экспедиция Керей мен Жәнібек хандар тұғыр тіккен Қозыбас жері, сонымен қатар, Аңырақай даласы мен Керей ханның қыстауы, Шарыбай тау шатқалы және балбалтастар сақталған Жайсаң жеріне барды.

ҚР Президенті жанындағы «Қоғамдық келісім» республикалық мемлекеттік мекемесінің директоры, саясаттану ғылымдарының докторы Наталья Калашникова бұл ауқымы да үлкен абыройлы іс болғандығын айтып өтті. «Біз бір ай ішінде ел аралап, кездесулер өткіздік. Тарихи-мәдени орындарды аралап, оған қоғам назарын аудардық. Бізбен бірге Қазақстан тарихын зерттеумен айналысып жүрген жүзге жуық ғалым болды. Көптеген тың деректер мен көшпенділер мәдениетіне байланысты архивтік деректерге қол жеткіздік»,- деді Наталья Калашникова.

Қазақ хандығының 550 жылдығын тойлау кезінде Тараз қаласында «Ұлы Дала елі» экспедициясының қорытындысын жасауға арналған халықаралық форум болып өтті, оның аясында ҚХА экспедиция кезінде жинақтаған деректері мен суреттерді салтанатты түрде табыстау рәсімі өтті. Сонымен бірге «Қазақ Елі тарихы» көрмесі өткізілді.

Форум барысында экпедициясы барысында жиналған деректер Қазақстан тарихы оқулықтарына енетіндігі айтылды. Форум қорытындысы ретінде оның қатысушыларынан Мемлекет басшысы Н.Ә.Назарбаевқа арнаған үндеуі қабылданды.

Дереккөзі: inform.kz

«« | »»
Соңғы жаңалықтар