Өзектi

Қ.А.Ясауи университеті 400 студентке Түркияның және Еуропаның үздік 25 жоғары оқу орнына жолдама берді

21.09.2015

5003

Қ.А.Ясауи атындағы Халықаралық қазақ-түрік университетінде Мәулана, Академиялық ұтқырлық бағдарламасы бойынша оқуға жіберілген 400 студентті шығарып салу рәсімі өтті.
Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев Ақордада өткен Түркі Кеңесінің V саммитінде сөйлеген сөзінде Қожа Ахмет Ясауи атындағы Халықаралық қазақ-түрік университетін Түркі әлемінің ортақ оқу орнына айналдыруды ұсынған болатын.

Қазіргі таңда Ахмет Ясауи университеті қабырғасында 1200-ден астам Түркі дүниесінен келген жастар білім алып жатыр. Оқу орны өз миссиясына тән жыл сайын түркі әлемінің 15 елінен 28 ұлт пен ұлыстың білімді жастарын оқуға қабылдап келеді. Бүгінде университетте 8000-ға жуық студент білім алады.

Болон үдерісіне енген әлем университеттері арасында академиялық ұтқырлық бойынша студенттер алмастыру бүгінде үлкен маңызға ие болып отыр. Осы ретте Болон үдерісіне енген Ахмет Ясауи университеті де жыл сайын шетелдік үздік оқу орындарына білімгерлерді жіберіп келеді.

Олар Түркия Республикасының Хажеттепе, Нежметтин Ербакан, Акдениз, Гази, Эржиес, Жумхуриет, Дүзже, Кырыккале, Диджле, Ялова, Р.Т.Ердоган, Ушак, Мустафа Кемал, Йылдырым Беязит, Абант Иззет Байсал, Карабюк, Кастамону, Ардахан, Ахи Эвран, Бурса Улудаг, Сакарья университеттеріне, сонымен қатар Польша еліндегі Лодз университеттері секілді үздік саналатын 25 ЖОО-да ағылшын және түрік тілдерінде дәріс тыңдайды. Негізгі мамандақтары медицина, гуманитарлық және әлеуметтік ғылымдар, жаратылыстану мамандықтары болып отыр.

Аталмыш салтанатты рәсімде университет президенті, профессор У.Әбдібеков: «Ел, жер көріп, мәдениетін танып, үлкен жетістікке жетіңіздер. Бұндай 400-ден астам студентті жіберу жетістігі басқа ешқандай оқу орындарында жоқ. 29 студент Еуропа университеттерінде, 397-сі Түркия университеттерінде оқиды. Білім, ғылым тоқып, үлкен маман иесі болып шығуларыңызға тілектеспін»,-деп ыстық лебізін білдірді. Даму және қаржыландыру жөніндегі вице-президент М.Нурсой да игі тілегін білдіріп, студенттерге сәттілік тіледі.

Жолдамаға ие болған студенттер атынан қазақ, түрік, ағылшын тілдерінде алғыстар айтылды. Сондай-ақ, шетелге оқуға жолдама алған білімгер анасы Г.Ағыбаева ақ пейілімен алғысын айтып, барлығына ақ жол, сәттіліктер тіледі, деп хабарлады аталмыш университеттің баспасөз қызметінен.

Дереккөзі: inform.kz

«« | »»
Соңғы жаңалықтар